Басты ақпаратДенсаулық

Егу басталды, енді кеселден құтыламыз ба?

Отандық вакцина сынағының үшінші кезеңінде ҚР ДСМ үш мың еріктіге клиникалық зерттеу жүргізуді бастады. Ақырғы кезең үшін жыл соңына дейін 10 мың доза көлемінде QazCovid-in екпесінің қажетті партиясы шығарылады. Өз екпемізді жаппай егу алдағы наурызда қолға алынады. Жалпы әлемде вакцинациялау жылдам қарқын ала бастады. Сол себепті әлемдік сарапшылар пандемия 2021 жылдың ортасында немесе соңында аяқталуы мүмкін деп болжап отыр.

«Спутник V» Қазақстанда өндіріледі

Қазақстандық инактивті вакцина QazCovid-in биыл мамыр айын­да жасалған. Алдын ала зерттеу нәтижелері бойынша Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты дайындаған аталған вакцинаның жоғары қауіпсіздігі, иммуногенділігі және тиімділігі 96% оң нәтижені көрсетті. Еліміздің Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, вакциналар адамзатқа пандемиядан қорғайтын иммунологиялық көпшікті қалыптастыруға көмектеседі. Алайда ағзада коронавирусқа қарсы бейтарап антиденелердің қаншалықты ұзақ сақталатыны және адамның қанша уақытқа иммунитетке ие болатыны әлі де белгісіз. Бұл ретте халықты вакцинациялауға байланысты түрлі пікірлер бар.
Күні кеше Үкімет басшысы Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешенінде Ресеймен арадағы уағдаластық аясында «Спутник V» вакцинасының өндірісін іске қосты. Кешен базасында кезең-кезеңімен вакцинаның 2 млн дозасы өндірілетін болады. Көршінің екпесімен егу елімізде келесі жылы ақпанда басталады. А. Мамин алдымен ол ерікті түрде медицина қызметкерлері, педагогтар, студенттер, құқық қорғау органдары және медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметкерлері мен созылмалы аурулары бар адамдарға салынатынын айтты. Ол сонымен қатар аталған вакцинаны өнеркәсіптік өндірісте локализациялаудың маңызы жоғары екенін атап өтті.

Лондонда 4-деңгейлі локдаун

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 19 желтоқсанда Covid-тің жаңа штамына байланысты Лондонда және елдің оңтүстік-шығысында жексенбіден бастап төртінші деңгейлі локдаун енгізілетінін мәлімдеді. Бірінші, екінші, үшінші деңгейдегі шектеулері бар өңірлер халқы соңғы деңгейлі шектеу енгізілген аймақтармен араласуына болмайды. Рождество мерекесінде басқа отбасылармен кездесуге тыйым салынды. Азық-түлік сатпайтын дүкендер мен спортзалдар және шаштараздар қайтадан жабылады. Жексенбіде енгізілген өзгерістер 30 желтоқсанда қайта қарастырылуы мүмкін.
14 желтоқсанда коронавирустың жаңа штаммы осы елде анықталғанда оның әдеттегі вирустан 70%-ға тез тарайтындығы айтылған еді. Осы аптада соның салдарынан шектеу шаралары күшейтіліп, Лондон тұрғындары қаладан жаппай кете бастағаны хабарланды. Жаңа шектеу шаралары күшіне енгенше қаладан шығып кеткісі келген азаматтар Лондонның ірі вокзалдарында жиналып қалған. Мамандардың айтуынша, жаңа штамм қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен еш ерекшеленбейді. COVID-19 жаңа штаммы Нидерланды, Дания, Австралиядан да табылған. Бірнеше мемлекет коронавирустың өршуіне байланысты Ұлыбританиямен көлік байланысын тоқтатқан.
Желтоқсанның басында батыс елдерінің ішінде бірінші болып Ұлыбританияда вакцинация басталды. Ең алдымен 90 жастағы Маргарет Кинан мен 81-дегі Уильям Шекспир екпе алды.

Израильде жаппай вакцинация

Өткен жексенбіде Израильде азаматтарды коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Бірінші кезеңінде медицина қыз­меткерлері мен медициналық ЖОО студенттері, гериатрикалық орталықтар мамандары және билік органдары өкілдері егіледі. Елдің ДСМ бұған дейін бірінші кезең үшін Pfizer вакцинасы 10 ауруханаға және екпе орталықтарына жеткізілетінін айтқан. Екпе салдыруға жазылу бейсенбіде басталған кезде халықтың вакцина алуға белсенділігі жоғары екені байқалды. Алғашқылардың бірі болып екпені ел президенті Реувен Ривлин алды. Екінші кезеңде мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, әлеуметтік қызметкерлер мен түрме жұмысшылары және түрмеге қамалғандар егіледі. Әзірге вакцинациялау жоспарында балалар мен 16 жасқа дейін жасөспірімдер, жүкті әйелдер мен емізулі аналар жоқ. Израиль 4 млн адам үшін вакцина жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойған. Шілде айында Moderna және «Спутник V» вакциналарын сатып алу туралы да тапсырыстар бергені туралы айтылды. Сонымен қатар елдің өз екпесін шығару жұмыстары да екінші кезеңіне таяп қалған.

Ресейде екпе екпін алды

Кешегі тәулікте Ресейдің 85 өңірінде 28948 адам дертті жұқтырды. Ең көп науқас Мәскеуде тіркелсе, содан кейінгі орындарда Санкт-Петербург, Мәскеу және т.б. облыстары тұр. Бұл елде Ұлыбритания және Канада елдерімен қатар вакцинация басталды. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде елдегі «экономикалық белсенді» тұрғындардың көбі екпеге қарсы болып шықты. Олардың ішінде дәрігерлердің де болуы таңғалдырды.
Елде 5 желтоқсаннан бастап екпе білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлеріне салына бастады. Бірақ ерікті түрде екпе салдыруға ресейліктердің көбі асығар емес. 14 желтоқсанда бұл тізімге көп функционалды орталықтар, мәдениет, сауда және қызмет көрсету салалары мамандары кірді. Ал ең бірінші кезекте екпе салынатындарға СМС сілтеме арқылы хабарлама жіберілді. Сонымен қатар азаматтар арнайы порталдар мен ұялы телефондағы қосымшалар арқылы да вакцина салдыруға жазыла алады.
Мәскеуде кеше өнеркәсіп кәсіп­орындары, энергетиктер, көлік және БАҚ қызметкерлерін вакцинациялау бойынша жазылу басталды. Осы мақсатта ірі емханалар базасында 70 егу пункті ашылды. Ресей астанасы – осы дерттен тәуекел тобына жататындар үшін алғаш ақысыз ауқымды вакцинация ұйымдастырған алғашқы қала. Қазіргі таңда екпені қаланың тәуекел тобына жататын 18 бен 60 жас аралығындағы емханаларға тіркелген азаматтары ала алады. Олар өздерімен бірге жеке паспортын, жұмыс орнынан анықтама әкелуі керек. Ел астанасынан кейін өңірлерде де желтоқсанның ортасында вирусқа қарсы екпе салу басталды. Бірақ әзірге медицина мамандарынан басқа жаппай вакцина салынып жатқаны байқалмайды.

АҚШ-тың екпе жоспары

Әлемде коронавирус инфекциясын 74,3 млн адам жұқтырды. Дерттен 1,67 млн адам көз жұмды. Соның ішінде АҚШ-та ауру асқынып тұр, мұнда 17,6 млн адам ауыр­ған. Осыған орай батыс елдерінде вакциналар жедел мақұлданып жатыр. АҚШ билігі алдымен Pfizer/BioNTech, кейін Moderna вакцинасын мақұлдады. Демалыс күндері елде Moderna екпесін егу басталды. Жаңа вакцинаны жұма күні америкалық регулятор бекітті. Шенеуніктер оның 6 млн дозасын шығаруға дайын. Елде егу жұмыстары үшін 3825 егу орталығы ашылды. Бірінші кезекте оны дәрігерлер, медбикелер және басқа да тәуекел тобындағы жұмысшылар алады. АҚШ Президенті Джо Байденнің жоспары бойынша алдағы жылы сәуірге таман егілген азаматтар саны 100 млн-ға жету керек. New York Times мәліметі бойынша, жұма күні елде 128 мың адам егілген. АҚШ-тан бөлек Moderna екпесін Канада, Ұлыбритания, ЕО, Жапония, Оңтүстік Корея және Швейцария сатып алды, Францияда вакцинация 27 желтоқсанда басталады.
Белгілі бір вакцинаны бекіткен елдердің бәрінде вакцина ең алдымен медицина мамандарына салынуда. Ал оның теріс әсеріне келсек, одан қорқудың қажеті жоқ. Себебі жалпы кез келген вакцинадан кейін теріс әсер, ауырсынулар болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл – қалыпты жағдай. Ол әдетте аз уақыт ғана болады және еш асқынусыз өтіп кетеді. Екпені салдырғаннан кейін – екпе салған жердің, бас пен бұлшықеттің ауруы, дене қызуының көтерілуі, адам шаршаңқы тартып, қалтырауы мүмкін, оның бәрі 2-3 күнде кетеді.

Жасына емес  иммунитетіне қара!

Медицина ғылымдарының кандидаты Тілеуберді Қуандықов ауруды жеңуде адамның жасынан гөрі, ағзаның иммунитеті басты рөл ойнайтынын айтып отыр. Иммунитеті күшті адам вирустық ауруға көп шалдыға бермейді. ДДҰ таратқан мәліметке сәйкес, ауырған адамдардың жас ерекшелігі әр елде әртүрлі болған. Мәселен, Италияда көбіне 60-63 жастағы егде адамдар ауруға шалдықса, АҚШ-та ауырғандардың 50%-ы – 55 жасқа дейінгі азаматтар. Ал Оңтүстік Кореяда 20 жастағы жастар арасында COVID-19 көп тіркелген. Қазақстан бойынша жас ерекшелігіне қатысты статистикалық дерек әр өңірде әртүрлі.
Дәрігерлер аурудың ауыр не болмаса жеңіл өтуі жасқа да байланысты екенін жоққа шығармайды. Адамның жасы ұлғая келе, зат алмасу процесі бәсеңдейді. Оған сәйкес ағзаның иммунитеті де әлсірейді. Алайда қазір тек егде кісі емес, жастар да жиі ауыратын бірқатар созылмалы аурулар бар. Кейбір үлкен кісілерде мүлде қосымша аурулары болмайды. Керісінше созылмалы аурулары бар жастар көп кездеседі. Сондай аурулар қатарында бірінші кезекте қант диабеті тұр. Ол көбіне тамырларды зақымдап, зат алмасу процесін нашарлатады. Сонымен қатар, артық салмағы бар пациенттер де қауіп тобына кіреді. Себебі олардың өкпесінің тыныс алу мүмкіндігі төмен болады. Ал коронавирус көбінесе өкпені зақымдайтынын ескерсек, онда бұл ауру семіз адамдарда ауыр өтеді.
Педиатр дәрігер, иммунолог Қатия Тәжиеваның айтуынша, жиі суық тию, температураның ұзақ уақыт түспей қоюы, үнемі шаршап жүру, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы, ұйқының бұзылуы, жиі бас ауруы, терідегі бөртпелердің пайда болуы – осының бәрі иммундық жүйе жұмысының бұзылуының көрінісі. Адамның иммундық жүйесі тұқым қуалайды, оның 50%-ы құрсақта, қалған бөлігі өмір салтына байланысты қалыптасады. Иммунитті сақтауға әсер ететін үштік – бұлар дұрыс ұйқы, физикалық белсенділік және дұрыс тамақтану.
Астана медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті, PhD докторы Баян Турдалинаның айтуынша, иммунитетті көтеру үшін ақуызы көп тағамдарды жеу керек. Оларға балық, тауық, ірі қара, соның ішінде жылқы еті жатады. Осылардың сорпасының құрамында ақуыз көп. Сонымен қатар, түрлі жаңғақтар жеген пайдалы. Иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан құрасақ, қалған 50-60 пайызын көкөніс пен жеміс-жидек арқылы қамтыған дұрыс болады дейді маман. Ал Риа­-Новости мәлімдеуінше, жақында ғалымдар жүзім, шоколад және көк шайдағы химиялық әсер SARS-CoV-2 вирусын блоктауға қабілетті екенін анықтаған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button