Басты ақпарат

Басты мақсат – әлеуметтің әлеуетін көтеру

Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында барлығы 17 сессия өтті. Онда 80-ге жуық мәселе қаралды. Соның ішінде қала тіршілігіне қатысты, жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер аз болған жоқ. Мәслихат депутаттары әртүрлі мемлекеттік органдарға 72 депутаттық сауал жолдады. Жылдың қорытындысы туралы біз қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаровпен әңгімелестік.

ІНДЕТ ЖҰМЫСҚА КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕН ЖОҚ

– Мәжит Зейноллаұлы, өтіп бара жатқан жыл жеңіл болмады. Әлемді жайлаған індет көктемде Қазақстанға жетті. Осы жағдайда қалай жұмыс істедіңіздер? Пандемия биылға жоспарланған жұмыстарды орындауға кедергі келтірген жоқ па?
– Рас, осы жыл біраз сынақ әкелді. Пандемияға байланысты жылдың басында елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілді. Жұмысымызды әртүрлі шектеулерді есепке алып, жүргізуге мәжбүр болдық. Қашықтықтан жұмыс режиміне көштік. Бірақ бір айта кетерлігі, 2018 жылдан бастап онлайн форматта жиындарды өткізе бастаған едік. Бұл жағынан тәжірибеміз болды. Сондықтан жаңа жағдайдағы жұмысқа тез бейімделдік. Былтыр бекітілген жылдық жоспарымызға сәйкес әрекет еттік. Барлығын уақытында орындадық. Сессиялар мен тұрақты комиссиялар отырысы, қоғамдық тыңдаулар қойылған мерзімдерінен шегерілген жоқ.
Төтенше жағдай режимі енгізілгенде, мәслихат депутаттарының жұмысы күшейтілген тәртіпте жүргізілді. Депутаттардың көпшілігі қауіпті індеттің таралуына қарсы құрылған штабтар құрамына кірді. Блокбеттерді аралады. Кейбір депутаттар дәрі-дәрмектерді шаһардың шеткі аймақтарында тұратын науқастарға тасымалдауға қала емханаларына көлікпен көмектесті. Тәулік бойы жұмыс істеген медицина қыз­меткерлері отбасыларына жәрдемдесті.

ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУЛАР ПАЙДАСЫ ЗОР

– Қысылтаяң кезеңде дәріханаларда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мәселесі көп айтылды. Мәслихат депутаттары осы істі тексергенін білеміз. Нәтижесі қандай болды?
– Иә, тұрғындардан көптеген шағымдар түсіп, біз қаладағы бірқатар дәріханаларды араладық. Сонда кейбір дәріханада дәрінің қымбаттатылған бағамен сатылғанын анықтадық. Бұған қоса, осы іске фармацевтикалық білімі жоқ азаматтардың, былайша айтқанда, алаяқтық жолмен пайда тапқысы келгендердің араласқанын да білдік.
– Қалалық мәслихат жұмысының нәтижесінде бас қаламызда көптеген мәселе шешіліп жатыр. Енді биыл елорданың дамуына қатысты атқарған істеріңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Осы жылы елорда мәслихатының депутаттары қала деңгейіндегі ғана емес, республикалық деңгейдегі бірқатар мәселелердің шешілуіне атсалысты. Атап айтқанда, бірнеше заңға, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі үшін ұсыныстарымызды айттық. Әрине, басты мақсатымыз елорданың әлеуметтік-мәдени дамуына атсалысу болды. Заңдарға келсек, «Қазақстан Республикасының астанасы туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына «Қоғамдық кеңестер туралы» ережеге қатысты ұсыныстарымызды жеткіздік.
Мәслихат сессиялармен қатар тұрақты комиссиялар отырыстарын, қоғамдық тыңдауларды өткізетінімізді білесіздер. Биыл қоғамдық тыңдаулар кезінде Жергілікті полиция қызметінің жұмысы, қаланың шеткі аймақтарының қазіргі жағдайы мен дамуы, сауда саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру сияқты мәселелер қаралды.
Сондай-ақ көшпелі отырыстарды өткізу жағынан да тәжірибеміз бар. Осы жылы эфферентті терапия және гемокоррекция орталығына, қауіпті қалдықтарды қайта өңдейтін шағын зауытқа, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 360 орынға арналған жаңа балабақшаға, елорданың тұрақ кеңістігіне, Төтенше жағдайлар департаменті мен Білім басқармасының нысандарына барып, жағдаймен таныс­тық. Қаланы газдандандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын да көрдік.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМДАРЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

– Жалпы осы жылы тұрғындардан қандай мәселелер бойынша көп шағым түсті? Шаһар халқын қандай мәселелер алаңдатады?
– Биыл 119 шағымды қабылдадық. Бұлар көбінесе өзекті тұрмыстық және коммуналдық мәселелерге қатысты болды. Біз тиісті талдау жүргізіп, тұрғындардың көпшілігі баспана алу, жолдарды жөндеу, жол белгілерін орнату, коммуналдық қызметтер жұмысына байланысты шағымданатынын анықтадық.
Мәслихат депутаттары бюджетті талқылағанда тұрғындардың әлжуаз топтарына атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға, халықты жұмыспен қамтуға, көлік және жылу энергетикалық инфрақұрылымның дамуына, қаланы абаттандыруға, білім нысандарын өркендетуге және басқа да көптеген маңызды мәселелерге көп көңіл бөлді.
– Нақты қандай мәселердің шешілуіне атсалыстыңыздар?
– Биыл мәслихат депутаттары әлеуметтік бағыттағы бірқатар маңызды мәселелердің шешілуіне оң әсерін тигізді. Соның ішінде қала тұрғындарының кейбір санаттарына әлеуметтік көмектің мөлшерлемесін белгілеуге және олардың санаттарын айқындауға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге атсалысты. Ерекше қажеттілігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалатын шығындарды өтеу тәртібі мен мөлшерін белгіледі. Амбулаториялық жағдайда емделетін азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен, арнайы медициналық өнімдермен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қосымша қамтамасыз ету мәселелерін шешіп берді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге байланысты азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша көмек көрсетуге атсалыстық.

ШЕТКІ АЙМАҚТАР –ӘРДАЙЫМ НАЗАРДА

– Алдағы үш жылға арналған бюджетті талқыладыңыздар. Осы мәселеде алда атқарылуы тиіс қандай жұмыстарға көбірек назар аудардыңыздар?
– Қалада орта мектептер құрылысына қатысты бірқатар мәселелер бар. Кейбір білім мекемелерде оқушылар саны шамадан тыс көп. Балабақша мәселесі де өзекті. Соның ішінде 3-6 жасар балаларды мектепалды даярлық пен оқыту мәселелері аса маңыз­ды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық және көмекші құралдармен қамту да – атқарылуы тиіс жұмыс. Денсаулық сақтау нысандарының тарифі кім-кімді болсын мазаламай қоймайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қаржыны тиімді жұмсау да – бақылауға алынатын іс.
Қаланың шеткі аймақтарына әлі де жолдар мен жарық керек. Тұрғын алаптарда медициналық және спорт нысандары да жоқтың қасы. Қоғамдық көлік қатынасынан да түйткілдер бар. Ішкіорамдық аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау сияқты мәселерді көтердік. Бұл жұмыстар назарымызда алда да қала береді.
Мәслихат депутаттары қоғамдық және қайырымдылық бағыттағы іс-шараларға үнемі белсенді қатысады. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетуге атсалысады. Әртүрлі маңызды шараларды өткізуге демеушілік көрсетіп тұрады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button