Басты ақпарат

Тұрғындар тілегі – жайлы да қолайлы қала

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының алтыншы шақырылымының кезектен тыс сессиясы «Zoom» сервисінің бейнемәжіліс байланыс платформасында өтті. Қала әкімі Алтай ­КӨЛГІНОВ елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді.

«Жылды қорытындылағалы тұрмыз, әлемдік пандемия экономикаға да, күнделікті тіршілігімізге де өз әсерін тигізді. Бірақ Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімі мен Елбасының «Біз біргеміз» акциясы аясында дәрігерлер, еріктілер де бар – бәріміз бірге жұмыс атқардық. Президент Жарлығына байланысты өздеріңіздің алдарыңызда есеп бергелі тұрмын, жасалған жұмыстар – ортақ жұмыс, ортақ игілік» деп сөзін бастаған қала әкімі Алтай Көлгінов жыл бойғы жасалған жұмыстарға шолу жасады.

 

 Елорданың эпидемиология­лық жағдайы, зертханалардың көбейгені, азаматтарды емдеуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі жайында айта келіп, халықтың жаңа жылда үйде болып, сақтық шараларын сақтау­ды ескертті. Пандемия кезінде қаражаттың үнемделгені және ол ақшаның әлеуметтік жоба мен көмектерге жұмсалғаны да айтылды. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жергілікті бюджетін 43 миллиард теңгеге оңтайландырдық. Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19 індетімен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалды» деді әкім. Халықтың әлеуметтік қолдауға зәру бөлігін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, қарапайым азаматтарды тұрғын үймен қамту, үлескерлер мәселесін біртіндеп шешуде мемлекет қамқорлығы, ескі үйлер мен жатақханаларды сүру, газдандыру, жаңа мектептер салу, әлеуметтік нысандардың ашылуы, тұрғын үй орамдарының мәселелері, «Жанұя» отбасылық орталығы маңызды рөл атқарып отырғанын айтты.

Әлеуметтік осал топтарға мемлекет қарайласады

№19 округі бойынша депутат Қарақат Әбден әкімнің елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін қолдай отырып, соңғы кездері қолайсыз отбасылар саны көбейіп, балалардың 80 пайызы жетім екенін, ажырасу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі өскенін айта келіп, қоғам тарапынан қолдауды қажет ететін осындай топқа көмек беру қалай жүріп жатқанын сұрады.

Бұл сауалға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Әлеуметтік осал топтарға мемлекет үлкен жұмыс жасап жатыр. Әсіресе, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ең бірінші көтеретін мәселесі – тұрғын үй. Келесі аптада кезектегі азаматтарға тұрғын үй берген кезде соның 20 пайызын заңға сәйкес осы топқа бөлуге назар аударамыз. Аз қамтылған өзге де санаттар бар. Бұл орайда отбасы институтын нығайту керек, жастар саясатының міндеттерін кеңейтуге байланысты айтсақ, уақыт бізден жаңа шешімдер қабылдауды талап етеді. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі бізді толғандырады. Қосымша білім беру, спортты дамыту, баспанамен қамту мәселелері бар. Өткен жылы біз жұмыс істейтін жастарға арналған баспана салып, 1050 пәтер бөлдік, биыл жағдайға байланысты 350 пәтер бөлінді, келер жылы да 1050 пәтер беріледі деген жоспар бар. «Арнайы елорда жастары деген бағдарламаны талқылап жүрміз, депутаттар алдына келеміз, өз мәселелерімізді өз құзыретімізде шешеміз. Қай құзыретті қай басқарма кеңейту керек, ұсыныстар беріңіздер»деп жауап берді.

«Бүкір көпір» 2021 жылы жөнделеді

№11 сайлау округінің депутаты Мирас Шекеновтің қала тұрғындары арасында «бүкір көпір» аталып кеткен (Бөгенбай батыр даңғылы) көпірдің мәселесі қалай шешілетіні туралы қойған сұрағына Алтай Көлгінов бұл мәселенің назарда екендігін айтты. «Бұған дейін ол көпірге кешенді зерттеу жүргізілді. Техникалық қорытынды көпірдің бір бөлігі апаттық жағдайда екенін көрсетті: жүк көтергіштігі мен қызмет ету мерзімін төмендететін ақаулар болды. Қазіргі уақытта 60-тан астам балкалар бөлшектелген. Көліктердің қозғалысы көпірдің сол жағында ұйымдастырылған. Жұмысты 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз» деді А.Көлгінов.

«Жағалаудағы» жақсылықтар

№12 сайлау округінің депутаты Рамзия Умербаева жуырда «Жағалау» ауданын аралау барысында балаларға арналған қосымша білім беру орындары мен жаңа балабақшаларды көргенін, ол жерде адамға қажетті ғимараттардың барлығы қол созым жерде болғаны үшін әкімге алғыс білдірді.
Өз кезегінде қала әкімі А.Көлгінов бұл жобаларға халық тарапынан сұраныс бар екеніне, жуырда Р.Қошқарбаев көшесінде тұрғын үй кезегіне тұрғандар үшін тұрғын үй берілетінін, ол үйдің бірінші қабаттары балаларды дамыту орталықтарына арналғанын айтты. Оның айтуынша, сөйлеуі кеш дамыған балалардың ата-аналары да осындай арнайы дамыту орталықтарын ашуды сұраған. Уәлиханов көшесінде де екі бірдей реабилитациялық орталық ашылғанын мысалға алды.

Жылы аялдама қажет

Әлеуметтік желі арқылы да қала әкіміне сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Әкімдіктің жұмысына ризашылық білдіргендер де болды. Мысалы, қала тұрғыны Бибігүл Искакова әкімдіктің биыл көп жұмыс атқарғанына алғысын білдірген. Сондай-ақ қала тұрғыны Самал Жарова Назарбаев университеті аялдамасына жылы аялдама орнатуды сұрады. Қосшы ауылы тұрғындарының өтінішіне орай әкім жылы аялдаманы салуға уәде берді. «Желтоқсан айының соңына дейін 12 жылы аялдаманы бітіруіміз керек. Самал Жарова қойған аялдаманы жоспарға бекітеміз» деп жауап берді ол.

Қала маңындағы ауылдар – назарда

№17 сайлау округінің депутаты Аман Аюпов елорданың Алматы ауданына қарасты «Железнодорожный» кентінің мәселесін көтерді. «Газ келді, бірақ коммуникация жоқ. Жол мен канализация мәселесі шешілмеген. Бұл мәселені экономика бөліміне жолдағанмын, бірақ олар әкімдікке сілтеп отыр. Екінші мәселе – Ильинкада интернет желісі қиындық тудырып отыр. Депутат ретінде халықпен кездескен кезде халық осы мәселені сұрады» деді депутат.
Әкім Алтай Көлгінов «Железнодорожный» кентінде қазіргі уақытта газ жүргізуге байланысты қолайсыздықтар орын алып отырғанын, оның уақытша қиындық екенін, алдағы кезде шешімін табатынын айтты. «Интернетке келсек, балалар интернет арқылы оқуға көшкеннен кейін оған деген сұраныс жоғарылады. Біз қосымша роутерлер сатып алдық. Бір-екі күн бұрын «Қазақтелеком» өкілдерімен кездестім, күн тәртібінде контентті көбейту мәселесі тұр. Кей жерлерге қосымша антенналар қондырылады» деп жауап берді.

Оңтайландыру мүмкіндігі қарастырыла ма?

Зейнолла Шібкенов №10 сайлау округі бойынша мәселе көтерді. – Өз округіме қатысты айтсам, жолдың бойы әлі шешілмей жатыр. Керамикалық комбинаттан Көкшетауға шығатын алты жолақты жол базардың қасына келіп тұрып қалды. Егер соны тезірек бітірсе, жолдағы қаншама жүктемені азайтар еді. Тағы бір шешілмей жатқан мәселе – №23 мектепке қосымша ғимарат салып жатыр, қасындағы №34 мектепті сүреміз, жаңадан саламыз деп жатыр, ол ауданда оқушылар жоқ деуге болады, егер құрылыс жүрсе оқушы көп болар еді. Бастан-аяқ ауқымды жөндеу жасап, екі мектепті қосса үлкен мәселе шешілер еді. Өйткені ескіні сүруге, қайта салуға көп ақша жұмсалайын деп отыр. Ал бізге көшелерді ретке келтіру керек, көптеген көше тұйық болғандықтан кептеліс болады, Абай көшесі де сондай, Дүкенұлы әлі бітпей жатыр, Ақорда жақта да кептеліс болатын болды. Қарасай батыр көшесін төрт жолақтан кеңейтіп, 6 не 8 жолақ қылып салуға болар еді.

Алтай Көлгінов: – Жол мәселесі – ол үйлерді сүрумен байланысты шешілетін мәселе, оған қыруар қаражат керек. Сонымен бірге Байқоңыр ауданындағы айналма жолға келсек, ол жерде жеке және коммерциялық нысандар, тұрғын үйлер бар, оның бәрін сүру үшін үлкен қаражат қажет болады. Ал мектеп мәселесіне келсек, №23 мектепті Президенттің өзі барып ашты, ол жерде балалар үш ауысымда оқып жатқандықтан қосымша құрылыс салдық, келешекте, сіз айтқандай, оңтайландыру мүмкіндігін қарастыруға болады. Бірақ ол мектептен үнемделген ақша мына жолға жетпейді. Оны жоспарға қосамыз. Ол жерге айналма жолды салу үшін теміржолдың үстінен көпір өту керек. Мәселе шешіледі, бірақ үлкен жоба-жоспар қажет, – деген әкім одан әрі Дүкенұлы көшесінде жасалған жұмыстарға тоқталып өтті.

Көлге ешкім тиіспейді

№22 округ бойынша депутат Сергей Солодовников Есіл ауданын кеңейту жұмыстары бойынша сұрағын қойып, тұрғындардың неше түрлі сирек құстар келіп қонатын табиғи тоғанға тимеу туралы ұсыныстарын жеткізді. «Көлге ешкім тиіспейді. Талдыкөлдің өзінде көңіл көтеру аумағы салынады. Оны көгалдандырып, халық серуендейтін жағдай жасаймыз. Сол жағалауда үйлер көптеп салынбай тұрғанда, мұнда сарқын сулар жиналатын болған. Экологияға зиян келмеуі керек деген пікіріңізге қосылам. Біз әлі де бұл мәселені қараймыз» деп жауап берді әкім.

Коворкинг орталықтары керек

№14 округ депутаты Ерлан Сыдықов үлескерлер мәселесінің көбірек шешілгеніне байланысты әкімге алғыс айтты. Мектеп жетіспеушілігі де шешімін табатынына сенім білдірді. Оның ұсынысы қаланың абаттандырылуына қатысты болды. «Қала халқына парктер мен скверлер салына бастағаны қуантады. Бірақ бізде климатқа байланысты сол парктер тек алты ай ғана пайдаланылады. Соның бір бұрышынан жеңіл сәулеттік үлгіде коворкинг орталықтарын, спорт залдарын, балалар ойнайтын жабық алаң салып қойса халық барар еді, тоңғанда, жаңбыр жауса кіріп-шығар еді» деді депутат.

Әкім А.Көлгінов бұл ұсынысты қолдайтынын айтты: – Былтыр «Тельман» жақтағы парктің жағдайын көрдік, шөп өскен, шамдар сынған, орындықтар сынған, адам көп бармайды деген сөз. Сосын ол жерге жөндеу жүргіздік, алаң салдық, үлкен кісілерге отыратын орындар қаралды, қазір ол паркке адамдар көп барады. Пандемия кезінде парктердің керегін түсіндік. Сіздің тұжырымыңыз үшін парктерде орын қалдырылған. Кәсіпкерлерден ұсыныстар бар. Қолдаймыз. Бәріміз бюджеттен ала бермей, бизнес жасайтын жерде мүмкіндік жасауымыз керек.
№8 аумақ округінің депутаты Алтыншаш Табулдина өз аумағында былтыр атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, Шиелі және Ұялы көшесінде канализация мәселесі барын айтты. «Агрогородок» ауданында үйлер суық және үйлердің астына су жиналған. Келер жылы ағын су канализациясын жасаған кезде сол көшелердің де мәселесін ескерсеңіз екен» деп өтініш білдірді.

Ұсыныстар аяқсыз қалмайды

«Агрогородок» тұрғындарының мәселесін білемін. Тұрғындармен кездескенде «Біз осы жердің адамдарымыз, бізді ұмытпаңыз» деп айтқаны есімде. Шиелі, Ұялы көшелерінде жарықтандыру жасадық, жол төселіп жатыр. Бірақ сіз айтқан мәселені 2021 жылы жасаймыз деп тап қазір уәде бере алмаспын. Қазір біз басталған жұмыстарды бітіруіміз керек».
Әлеуметтік желі арқылы келген сұрақтар ішінде Самал Шарова Қосшы ауылының 90 пайызы елордада жұмыс істейтінін айта келіп, Қосшы ауылына қашан газ жүргізілетінін сұрады. Сондай-ақ Гарит Нұрсұлтанұлы «Ұлы дала, 19-үйдің мәселесі бойынша әкімдіктің барлық тиісті басқармаларына шағым түсірілсе де нақты жұмыс атқарылмады. Осы тұрғын үй бойынша мемл. экспертиза, техбақылау сияқты құзырлы органдарынан тұратын комиссиядан нақыт шешім қабылдауын сұраймыз» депті.

Әкім Қосшыны газдандыру жоспарға сәйкес жүргізілетінін айтты. Сонымен бірге «Ұлы дала үйінде қандай мәселе барын анықтап алып, тиісті адамдарға тапсырамыз» деп жауап берді.
15-округ бойынша депутат Илья Мещеряковтың қылмыстың алдын алу, оның ішінде нашақорлыққа қатысты профилактикалық жұмыстар туралы сұрағына жауап берді.
Сондай-ақ сессияда Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Маңқараевтың есебі тыңдалды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button