Басты ақпарат

«Өндірістің» проблемасы қашан шешіледі?

Байқоңыр ауданының проблемасы туралы жақында жазған едік. Енді ауданның қалтарыста жатқан «Өндіріс» тұрғын алабына қатысты сөз қозғамақпыз. Ол жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының алтыншы шақырылымының депутаты болып осы өңірден сайланған Зейнулла Шібкенов айтып берді.

– Аудан жаңадан құрылғанмен, оның қордаланып жатқан мәселелері аз емес. Дегенмен жаңа әкім Нұрбол Нұрсағатов келгелі олар біртіндеп шешіліп жатыр. Іскер, шаруашылықты жақсы білетін басшы қазірдің өзінде көп жұмыстарды атқарып тастады. Оның аяқ алысына елдің көңілі толады. Әкім былтырғы қыста қар тазалау жұмыстары кезінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Биыл да көп көше-аулалар жөнделіп, абаттандырылды, елді мекендерді электр энергиясымен жабдықтау жақсарды, – деді Зейнулла Рахымұлы.
«Өндірістегі» көкейтесті мәселенің бірі – күндізгі стационары бар емхана. Бүгінге дейін ауданда ондай емхана болған жоқ. Бұрын «Надежда» ПИК-тің 5 қабатты үйінің 1-қабатында шағын денсаулық сақтау пункті жұмыс істеген. Онда дәрігерлер науқастарды тек қарайтын, ал емделуге қалаға жіберетін. Ол ауру-сырқау жандарға, жасы еңкейген адамдарға жайсыз.
Депутаттың айтуынша, енді «Өндірісте» жаңа емхана салынбақшы, оның құрылысы 2021 жылдың жоспарына енгізілген, сметасы мақұлданып, бюджеттен ақша бөлінетін болды.
– Елді мекен тұрғындарының көпшілігі – байырғы целиноградтықтар, ақмолалықтар. Қазір олар қартайды, бір жерге орнығып қалған қартаң жандардың енді ешқайда көшпейтіні белгілі. Олардың өмірлерін жақсарту үшін тұрғылықты жерлерінде жағдай жасау керек, – деп ой түйді З.Шібкенов.
Тағы бір күрделі проблема – жол мәселесі. Ел аузында «бүкір көпір» аталып кеткен көпірдің бір бөлігі қыркүйек айында опырылып түскені естеріңізде шығар. Қазір ол ішінара жөнделіп, жарым-жартылай пайлануға берілген. Қала орталығы мен «Өндіріс», «Кирпичный», «Чугунка» және Қоянды елді мекендерін жалғап тұрған жалғыз жол – сол. Көпір о баста дұрыс салынбаған. Оның құрылысы Целиноград кезінде жүргізілгендіктен, кепілді қызмет көрсету мерзімі баяғыда өтіп кеткен. Қазір кімге айып тағып, сапасыз құрылыс үшін өтемақыны кімнен өндіріп алу керектігі белгісіз.
Ал әл-Фараби көшесінен көпірдің астына дейін төрт жолақты болып келіп, одан әрі «Өндіріске» қарай екі жолақ болып кететін жол Жаңажол деп аталады. Соның салдарынан аталған тұста көлік кептелісінің орын алуы үйреншікті жайтқа айналған. Соны кеңейту мәселесі көптен бері шешілмей келе жатыр. Биылғы жоспарға кірген, бірақ қалада індеттің таралуына байланысты, басқа да себептермен жолды кеңейту ісі бюджетке кірмей қалды. Жол құрылысы келесі жылдың бюджетіне енгізіле ме, енгізілмей ме, нақтысы әлі белгісіз.
Зейнулла Рахымұлы депутат болмай тұрғанда, кейін мәслихаттың 5-шақырылымда да, 6-шақырылымда да көтерген, тіпті Нұрбол Төлегенұлына бір жолыққанда: «Жаңажолдың мәселесі шешілмей келе жатқанына көп жыл болды, сіз осымен төртінші әкімсіз» деп айтқан да екен. Аудан әкімі оның 2021 жылдың жоспарына енгізілуіне қолдау білдіретінін жеткізіпті.
Дегенмен ескі вокзалдан «Өндіріске» қарай шығатын жолда жаңа көпір салынатын болды, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілетін Бейсекова көшесі сырылып тасталды. Құрылысшылар Конституция көшесіне дейін жеткен, енді оның бойында тұрған 4 қабатты үйлердің мәселесін шешу қажет. Бірақ көпір құрылысы бір-екі жылда қолға алынады деуге ерте. Естуімізше, 2025 жылы басталады деген ақпарат бар.
Сондай-ақ елді мекендегі нөсерсу кәрізі дұрыс жұмыс істемей тұр. Соның салдарынан «Өндірістің» көктемгі-күзгі жауын-шашын маусымында суға малтығып жататындығына да көп жыл болды. Нөсерсу құбырының өткізгіштік қабілеті төмен болғандықтан, толассыз жауын жауған күндері судың бәрі ағып кетпей, көлкілдеп жердің бетіне шығады. Ол су тарағанша жұрттың бәрі толарсақтан саз кешіп жүруге мәжбүр. Жауын суларының бәрі арналармен ағып барып Сарыбұлаққа құюы тиіс, бірақ қазіргі күні өзен арнасы толық бетондалып болған жоқ. Тіпті бұл жұмыстар аяқталғанның өзінде аудан аумағындағы нөсерсу кәріздері Сарыбұлаққа құймайды. Өйткені о баста кенттің нөсерсу кәрізі дұрыс жобаланбаған. Ол – сонау Кулагин облыс әкімі болған кезден келе жатқан проблема. Шалағайлықтың бәрі сол замандардан басталған.
Сондай-ақ тұрғын алаптағы нөсерсу кәріздерінің кейбіреулері толықтай салынып бітпеген, енді кейбіреулерін сырттан көшіп келіп, атқарушы биліктің рұқсатынсыз заңсыз үй-жайлар салып алған тұрғындардың өздері бітеп тастаған. Бұл – күрмеуі күрделі проблема, оны жеке-жеке емес, кешенді түрде шешу қажет.
90-жылдардан бері «Өндіріс», «Кирпичный» тұрғын үй алаптарында заңсыз 320 үй салынған екен. Нөсерсудан бұрын осы заңсыз үйлердің мәселесін шешіп алу қажет. Ол үйлерді сырып, оның орнына басқа жақтан баспана тұрғызу үшін жер беру керек немесе арнайы жоба әзірлеп, соған сәйкестендіріп дұрыстап салдыру қажет.
– Бұл аумақта қаншама халық өмір сүріп жатыр. Қаншама тағдыр тұр! Аудан әкімдігі олардың ауызсумен, жарықпен жабдықталуын шешіп берді. Тұрғындардың жүріп тұруына қолайлы болу үшін жайдақ жол салынды. Бұл үйлерді заңдастыру мәселесі біржақты шешілген жоқ, – деді депутат.
О баста «Өндіріс» пен «Кирпичный» сырылады деген хабар тараған, өйткені ол жақта 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО тұрғандықтан, экологиялық зиянды аумақ саналады. Сондықтан тұрғын үй салуға рұқсат берілмеген. Зейнулла Рахымұлының ойынша, қазір ауданға газ келді, сол себепті бұл үй-жайларды жобаға енгізіп, заңдастыру қажет. Халықтың жағдайын түсініп, оларға үй салуға рұқсат беру керек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button