Басты ақпарат

Көк тудың желбірегені…

Соңғы кезде әлеуметтік желіде қазақстандықтардың жалаулатып түскен суреттері мен жазбалары қаптап кетті. Қаладағылар көк байрағымызды балкондарына ілсе, ауыл-аймақтағы жұрт ат үстінде көк тумен атой салып жүр. Сөйтсек, үкіметтің жаңа қаулысына сай, жеке және заңды тұлғаларға патриоттық сезімін білдіру үшін туды ғимаратта, пәтер балконына және мерекелік іс-шара өтетін жерлерде ілуге рұқсат беріліпті.

Естеріңізде болса, қазан айында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тудың қолданыс аясын кеңейту керектігін айтқан еді. Нұр-Сұлтан қаласында волонтерлер бірқатар нысандардың балконына көк туды ілгеннен кейін тұрғындар да іліп әкетіп, үйлерінің терезесі мен балкондарына басты рәмізімізді орналастырған. Қала тұрғындарының айтуынша бұл акция мерекелік көңіл-күй сыйлап, патриоттық сезімді арттыра түседі. Ал ұйымдастырушылар бұл шара ел арасындағы татулық пен бірлікті күшейтеріне сенімді.

«Менің туым. Менің Отаным!» акциясы бірнеше ай бұрын басталса да, ұлық мерекеміз тәуелсіздік күні аясында туға деген сыйластық пен елге деген махаббат ерекше көрініс тапты. Елорда тұрғындары да челленджге бір кісідей атсалысты. Айталық, «Думан» қонақ үйінің қарсы алдындағы терезелер мен балкондарға 30 ту ілінді. Қазақстан Республикасының үлкен туы «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында орнатылды. Шаһар тұрғындары мен үкіметтік емес ұйымдар балкондарға ту іліп, құрмет көрсетті. Челленджге оннан аса ұйым қатысқан. Мереке күндері қаланың орталық көшелерінің (Тәуелсіздік, Б.Момышұлы, Сарайшық, Сығанақ, А.Байтұрсынұлы, Республика Ж.Ташенев және т.б.) бойына да Қазақстан Республикасының тулары желбіреді.

«Әр қазақ баласы үшін тәуелсіздіктен терең, азаттықтан асыл ұғым жоқ шығар. Мінеки, қаншама ғасыр армандаған көк туымыз көгімізде желбіреп тұр. Елбасымыз айтқандай, тәуелсіздікті қолдан ұшырып алу – бабалар аманатына қиянат. Сондықтан ұлт болып келер ұрпаққа тәуелсіздікті аман-есен табыс етуді Алла нәсіп етсін. Әр қазақтың шаңырағына береке, бірлік тілеймін. Елдігіміз жасай берсін!» дейді әнші, спортшы Ибрагим Ескендір.

Әлеуметтік желілерден #МеніңТуым #МеніңТуымМенің­Отаным #МойФлагМояРодина #ЦветМоейРодины #БіздіңОртақМереке #НашОбщийПраздник хэштегтері арқылы челлендж аясында жарияланған жазбалар, фотосуреттер мен видеоларды көре аласыздар. Сондай-ақ акция­ға шетелде білім алып жатқан студенттер де қатысты.

 

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button