ЕКПІНІ БӨЛЕК ЕЛОРДА
Бүгінде Алаш Астанасының ескісінен жаңасы көбейіп, жұртшылықты сүйсінтуде. Небір тың жобалар мен идеялар бас шаһарда дүниеге келіп, елді елеңдете түсті. Бір жылдың өзінде қалада атқарылған іс аз емес. Жасалып жатқан қыруар шаруалар, ең алдымен, адамдардың игілігіне, олардың сапалы өмір сүруіне бағытталған. Ендеше, халықтың жайлы тұрмысына тікелей қатысты кейбір салалардың қаншалықты өркендегеніне тоқталып көрелік.
Астана – донор қала
2015 жылды Астана республикалық бюджетке кіріс түсіретін донор қала ретінде бастағалы отыр. Мұны елорданың ең үлкен жетістігі деп атауға болады. Бұрын тек Маңғыстау мен Атырау облыстары және Алматы қаласы болатын. Олардың қатарына енді төртінші болып Астана қосылды. Елорданың өзін-өзі қамту деңгейіне шығуы – жоғарғы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу деген сөз. Қала әкімі келтірген деректерге сүйенсек, құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5 пайызға артып, 903,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артық көрсеткіш. Жалпы ішкі өнімнің индексі бойынша 2011-2013 жылдар ішінде жыл сайын орта есеппен 11 пайыз тұрақты өсу динамикасы байқалған. Бұл – айтарлықтай жетістік. Негізгі капиталға 472,2 млрд теңге құйылып, оның өсімі 12,7 пайызды құраған. Астаналықтардың орташа жалақысы 11,3 пайызға өсіп, 168,5 мың теңгені құрапты. Бұл – бас қаланың жалпы даму динамикасының көрсеткіші. Енді елордалықтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған маңызды салалардағы жетістіктерге де көз жүгіртелік.
«Ақылды қала» – инновациялық жоба
Қазақтың Астанасы ТМД және Еуразиялық экономикалық одақтың ірі шаһарларды сараптайтын халықаралық байқауында «Өмір сүргің келетін қала» атанғаны белгілі. Бұл – жайдан-жай беріле салған атақ емес. Қаланың тазалығы, көлік жүйесі, инновациялық технологиялары, қысқасы, тұрғындарға қаншалықты қолайлы екендігі ескеріледі. Егер елордамызға осындай мәртебелі атау берілсе, демек, ол соған лайық болғандағысы.
Расымен де қазір адамдардың қалада жайлы өмір сүруі үшін алдымен не керек? Әрине, бірінші кезекте – тұрғындардың әлеуметтік жағдайы. Екінші, жүріп-тұру қолайлығы, қауіпсіздіктің сақталуы. 2011 жылдан бастап елордада енгізіле бастаған «Ақылды Астана» жобасының мақсаты да – тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету. Бұл – тұрғындарға қажетті білім, денсаулық, көлік сынды салаларға инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған. Осы жоба енгізілгелі астаналықтардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасала бастады. Мысалы, жұртшылықты тегін интернет желісімен қамтамасыз ету үшін «Open Wi-Fi» жобасы қолданысқа енді. Есілдің сол жағалауындағы «Нұржол» саябағында бастау алған Wi-Fi нүктелері қалалық циркте, астаналық саябақта, «Қазақстан» орталық концерт залында, Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім және «Шабыт» сарайларында, «Астана-Арена» стадионында, «Алау» мұзайдыны мен барлық ойын-сауық орталықтарында орнатылды. Осы көпшілік орындарға келген жұртшылық компьютер, қалта телефоны арқылы ғаламтор желісін тегін пайдалана алады.
«Ақылды Астана» аясында 2014 жылы қолға алынған тағы бір іргелі жоба интеллектуалдық көлік жүйесі болды. Бүгінде бұл жүйе қаланың 6 көшесінде енгізілген. Соның шеңберіндегі «Қауіпсіз қала» жоба тұрғындардың діттеген жеріне жедел әрі кедергісіз жетуін ғана емес, қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде Астана көшелерінде 1 мыңнан астам бейнекамера, 10-нан астам «ақылды бағдаршам» орнатылып, көлік кептелісін азайтуға айтарлықтай ықпал етуде. Жоба 2017 жылға таман толығымен жүзеге асырылады деп күтілуде. Сол кезде 500-ге жуық мекеменің маңайында 30 мыңға тарта бейнебақылау камерасы орнатылады, жұртшылық автобуспен қаланың арғы шетімен бергі шетіне бар болғаны 20 минутта жететін болады. Бұдан өзге, қоғамдық көліктер арнайы камерамен қамтамасыз етілмек. Қазірдің өзінде №10 бағыттағы автобустарда камера орнатылғанын көзіміз шалып жүр. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін сақтап, қандай да бір төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бермек.
«Smart Astana – 2014» форумында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков елорда тәжірибесіне енгізіліп жатқан инновациялық жобалар, әсіресе, ЭКСПО кезінде маңызды екенін атай келе, жаһандық көрменің тақырыбына байланысты тағы бірнеше жоба қолданысқа енгізілгеніне тоқталған болатын. Оның біріншісі – энергетикалық тиімділікті қалыптастыру жолдарын қарастыратын «Astana green city» жобасы болса, екіншісі – «Astana mobility» қаланың көлік және логистика саласын дамытуды көздейді. Ал, үшінші бағыт – «Welcome to Astana» қызмет көрсетудің сапасын арттыруға күш салады.
Қалай дегенмен де бұл жобалар Астананың алдағы даму бағытын айқындап, елорданы әлемдегі ең үздік, заманауи шаһарға айналдыруға жол ашпақ.
Мектеп тапшылығы шешімін табар күн жақын
Жан-жақты білімді, тың технологияның тілін жетік меңгерген азамат тәрбиелеуде елорда өзгелерге өнеге көрсетуі тиіс. Астананың білім саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуі сондықтан.
Биылғы 2014-2015 оқу жылында Астанадағы оқушылар контингенті 103 мыңға жетті. Олардың 13 мыңы бірінші сынып табалдырығын аттады.
Елорданың білім саласы жыл сайын тың жаңалықтарға толы. Мысалы, биылғы жетістіктің үлкені сол – Астананың білім саласы 5 бірдей жаңа мектеппен толықты. Олардың әрқайсысы – 1200 орындық. Атап айтқанда, Ш.Қалдаяқов көшесінің бойынан жаратылыстану-математикалық бағыттағы №73 физикалық-техникалық лицей ашылды. Екіншісі, Сарайшық көшесінде орналасқан инклюзивті білім беру мәртебесіне ие қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы №74 мектеп-гимназиясы. Үшіншісі, Керей мен Жәнібек хандар көшесіндегі қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы №75 мектеп-гимназиясы болса, төртіншісі – Түркістан, Орынбор, Керей және Жәнібек хандар көшелерінің аумағындағы №76 мектеп-лицейі және «Жағалау» тұрғын үй кешені тұсынан №78 мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді.
Енді 2015 жылдың басында тағы 4 мектеп пен екі кәсіптік-техникалық білім ошағы іске қосылады деп күтілуде.
Бүгінде елорданың білім саласында 11 856 педагог жұмыс істейді. Олардың 84 пайызы – жоғары білімді. 5873 мұғалім жалпы білім беретін мектепте еңбек етеді. 2013-2014 жылдары Астананың білім мекемелеріне 714 ұстаз жұмысқа қабылданса, солардың 178-і – жас мамандар.
Өткен оқу жылында біліктілігін жетілдірген ұстаздардың қатары да көбейе түскен. Айталық, 2013-2014 оқу жылында 1353 мұғалім біліктілігін көтерсе, 37 білім ұйымының жетекшісі менеджмент саласындағы қайта даярлаудан өткен екен.
Медицина саласындағы жетістіктер
Соңғы жылдары Астанада небір ірі денсаулық сақтау нысандары іске қосылып, үлкен бір медициналық кластердің негізі қаланғанын жұртшылық жақсы білсе керек. Олар көп мемлекеттерде бола бермейтін заманауи технологиялармен жабдықталды. Енді сол техниканың тілін жетік меңгерген мамандар молайса дейсің. Елбасы да бір сөзінде медицинаның соңғы үлгідегі құрылғыларымен қаруланған мекемелер енді халыққа жоғары сапалы қызмет көрсету қажеттігін айтқан болатын.
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Нейрохирургия ғылыми орталығы, диагностикалық орталық, Жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы сынды республикалық деңгейдегі медицина мекемелерімен бірге, Астанаға қарасты қалалық денсаулық сақтау нысандары да қайта жарақтандырылып, жөндеуден өтіп, елорда мәртебесіне сай жұмыс істей бастады. Бұрынғы шағын қалаға шақталған нысандар адам танымастай өзгеріп, кейбіріне жапсарлас ғимараттар салынды. Қалада жаңадан ашылған емханалық кешендердің өзі – бір төбе.
Бүгінгі таңда Астанадағы емханалардың саны 10-ға, ауруханалардың саны 14-ке жетті.
Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 33 денсаулық ұйымында 8165 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Олардың 36,5 пайызы (2986-і) – дәрігерлер болса, 63,4 пайызы (5179) – медбикелер.
Соңғы үш жылда Астанада 8 аурухана мен емхана іске қосылды. Жаңа нысандар мұнымен шектелмек емес. Қазір қалада бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқары бар амбулаторлық-емханалық кешен және Үркер тұрғын алабы мен Досмұхамедұлы көшесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру орталықтарының құрылыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жақында Қабанбай батыр даңғылында 250 орындық қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Железнодорожный кентінде салынып жатқан Туберкулезге қарсы диспансер құрылысы аяқталатын күн де алыс емес.
Тұрғын үй құрылысында қарқын бар
Адамның басты әлеуметтік проблемасы – баспаналы болу. Әсіресе, бұл мәселе Астанада өте өзекті. Алайда, елорданың екпінді құрылыс ендіктері бір сәт те дамылдағын емес. Астана қаласы әкімдігінің сайтындағы мәлімет бойынша 2014 жылы 957545 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жалпы елордада жұртшылықты баспанамен қамтамасыз ету бірнеше бағытта жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісімен үлестірілетін бағдарлама аясында бүгінге дейін жалпы аумағы 84,17 мың шаршы метрді құрайтын 7 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бүгінде Астанада 8 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның бесеуі жақын айларда іске қосылмақ. Жалпы өткен 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 мыңға жуық елордалық қоныс тойын тойлаған екен. Ал оның алдындағы 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама барысында жалпы ауданы 367,3 мың шаршы метрді құрайтын 4 969 пәтер пайдалануға берілген.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ