Басты ақпарат

ЭКСПО – ЕЛДІГІМІЗГЕ СЫН

021c458522c782f04f008e4b3f145a04

Елбасы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Алқалы жиында ашқан Мемлекет басшысы ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жобаға айналғанын, сондай-ақ, көрме нысандарының құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өтті.
– Көрменің ашылуына бір жарым жыл қалды. Барлық құрылыс жұмыстары келесі жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс. Күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, біз көрмені дайындауға қажетті барлық қаражатты бөліп жатырмыз. Құрылысқа Қазақстанда мол жұмыс тәжірибесі бар мердігерлерді тарттық. Сондай-ақ, Миландағы көрмені өткізу тәжірибесін тыңғылықты зерделедік. Сондықтан ЭКСПО-ны ұйымдастыру ісіне қатысты түсініксіз ештеңе жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті шығыстарды оңтайландыру мақсатында барлық әрлеу жұмыстарын отандық өнімдерді барынша пайдалана отырып жүргізу қажеттігіне назар аударды.
Ол сондай-ақ, осынау жалпықазақстандық іске Ұлттық және трансұлттық компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялармен жұмыс кезінде олардың беделін «ЭКСПО-2017» көрмесіне жаңа технологияларға ие Siemens, Samsung, Toyota сияқты және басқа озық компанияларды тарту үшін пайдалану керектігін алға тартты.
Елбасы көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін көрсетудің маңыздылығын айтты.
– Отандық мәдениет қайраткер­лерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс. Барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді қызмет еткені керек, осы жұмысты жеделдетуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
ПрезидентҮкіметке барлық мәселені тиісті деңгейде үйлестіруді және жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы үнемі баяндап отыруды тапсырды.
Кеңесте көрмеге дайындық пен Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов баяндама жасады. Ол көрме кешені құрылысына арналған шығыстарды оңтайландыруға айрықша көңіл бөлді. Кейбір сәулет-құрылыс жобаларын қайта қарау есебінен шығыстар көлемі 78 миллиард теңгеге азаятынын, бұл ретте жалпы сәулет келбеті мен нысандардың функционалдылығы сақталатынын тілге тиек етті.
– Бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдалану тиімділігіне айрықша мән берілді. Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мен отандық кәсіпкерлерді тарту да үнемдеу шараларының бірі болып саналады. Республиканың 10 өңірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тартылды. 30 миллиард теңгенің өнімі жеткізілді, – деді Ахметжан Смағұлұлы.
Сонымен қатар, ұлттық компания басшысы көрме имиджін ілгерілету және оны тақырыптық жағынан толықтыру жұмыстарының барысы туралы да баяндады. Оның атап өткеніндей, бүгінде 53 ел және 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растаған.
Кеңес барысында, сондай-ақ, Астана қаласының әкімі А.Жақсыбеков, Энергетика министрі В.Школьник, Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және мердігерлік ұйымдардың басшылары сөз сөйледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button