Мәдениет

ҰЛЫ ДАЛА ҮНІ ЖАҢҒЫРАДЫ

DSC_6415

Ертең Конгресс-холда күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері Секен Тұрысбектің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала үні» атты шығармашылық кеші өтеді. Кешке Гүлзира Бөкейханқызы, Тамара Асар, Ерлан Рысқали, Алтынай Мамырова сынды танымал әншілер қатысады.  

– Кейінгі жылдары күймен «ауырып қалдым да», әнге көп көңіл бөле алмадым. Әйтсе де, әндерім күйлерімнің бір бұтағы сияқты. Шығармашылық кешімде әндеріме басымдық беремін деп шештім, – дейді Секен Тұрысбек.
Композитордың кең тараған әндерінің бірі – «Аққу сазы» аталады. Бұл туындыны Мақпал Жүнісова, Құдайберген Бекішев сынды эстрада майталмандары көпшілікке танытты. Былтыр Секен Тұрысбектің Наурыз мейрамына арналып өткізілген концертінде осы әнді Гүлмира Саринаның орындауында естідік. Ал, биылғы кеш көрермендері «Аққу сазын» жаңа орындауда тыңдай алады.
Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов сынды белді әншілердің репертуарына да композитордың әндері енген. Музыкасы мен сөзін өзі жазған «Ерке құсым» деген әнсүйер қауымға таныс әнді Дәлел Уашев орындап жүр. Ертеңгі концертте осы және «Тарбағатай», «Қоңыр қаз», «Асыл ана», «Астана» атты, т.б. туындылар, халық әндерімен қатар Естай Беркімбайұлының «Сандуғаш әні» көрерменнің алдында шырқалмақ.
Секен Тұрысбек күй орындаудан бөлек ән де салады. Сондай өзі айтатын әндерінің қатарына ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жазылған «Аяқталады бәрі де» туындысы жатады. Тыңдаушыны ойландыратын, өмірдің өткінші екеніне көз жеткізетін бұл әнге де шығармашылық кешінде орын табылып қалады. Оның композиторлық қоржынын эпикалық құлашы кең ақын Несіпбек Айтұлымен бірігіп жазған біраз ән де толтырып тастады.
Күйлеріне келсек, «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауынды» көпшілік осы күндерге дейін сүйіп тыңдайды. Тарихи тақырыпқа арналған күйлері де жеткілікті. Мәселен, Астанаға қоныс аударғанда алғашқы жазған туындысы «Күлтегін» атауын алды. «Дарабоз» атты күйін «Батыр Баян» көркем фильмінен ести аламыз. Осы тақырыптағы жаңа күйлерінің қатарына «Ұлы дала» және «Төлегетай» туындыларын қосуға болады.
Секен Тұрысбек өзге күйшілердің шығармаларын орындаумен де ерекшеленеді. Қаратау күй мектебінің ірі өкілі Төлеген Момбековтен кезінде бата алғаны бар. Оның орындауында шығармашылық кеште осы автордың «Салтанат» атты күйі шертілмек. Бұған қоса Арқа шертпе күй мектебінің негізін салушы Тәттімбет Қазанғапұлының «Бес төре» күйін де орындамақ. Кейінгі зерттеушілердің пайымдауынша, бұл шығарманың хандық дәуірге тікелей қатысы бар. Тәттімбет мұны қазақтың соңғы ханы Кенесарыға, оның әкесі Қасым мен аға-інілері Есенгелді, Саржан, Наурызбайға арнаған дейді олар. Тәттімбет мектебінен нәр алған Әшімтай Қарымсақұлының «Қоңыр қаз» күйін де кеш иесі шертеді.
Шығармашылық кеш барысында Батыс Қазақстан күйшілік мектебіне жататын төкпе күйлер де орындалады. Сондай күйлердің қатарына ХІХ ғасырдың басында билік құрған кіші жүз ханы, Әбілқайырдың немересі Жантөре Айшуақұлының «Шалқыма» күйін жатқызуға болады. Бұл күйді «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі төкпелетеді. Композитор Сейдолла Бәйтерековтің Құрманғазының күйімен аттас «Кішкентай» шығармасын, халық күйі «Бұлғын сусарды», Жүнісбайдың «Қоңыр қаз» күйін және Секен Тұрысбектің ұстазы Мәлгаждар Әубәкіровтің «Талас» туындысын да оркестр орындамақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button