ЖаңалықтарҚала тіршілігі

КӨЛІК АПАТЫ КӨБЕЙМЕСІНШІ…

IMG_0049

Статистикалық комитеттің деректеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 3 мыңға жуық адам жол-көлік оқиғасының кесірінен бақилыққа аттанады. Соншама кісі өз отбасына оралмайды, әке-ана ретінде балапанын иіскемейді, сәби болып еркелемейді деген сөз… Жаға ұстатарлық жайт, иә?!

Әлбетте, бұл апаттардың барлығы үшін бір ғана жақты кінәлау қиын. Биылғы он айда елордалық полицейлер жол қозғалысын бақылау барысында 200 мыңнан аса ереже бұзу фактілерін анықтады. Оның 182 мыңы – рульдегілердің еншісінде. Ал қалған 10 па­йыздайы жаяу жүргіншілерге тиесілі. Байқап отырғаныңыздай, бәрібір темір тұлпардан келер кесел көбірек.
Тағы да нақты дерекке жүгінейік. Әрбір бесінші жол апаты – жылдамдықты шамадан тыс асыру, әрбір төртіншісі – көліктің қарсы бағытқа шығып кетуі, әрбір екіншісі – жолаушыларға арналған жолақтан өту кезінде орын алады. Жүргізушілердің қай-қайсысы да осы нәрсені қаперіне түйсе ғой.
Мұндай тілек бізді кеше көшеге жетеледі. Тұп-тура мағынасында! Ұзындығы үш метрлік қос плакат дайындағанбыз. «Жылына 3 мың адам жол апатынан көз жұмады. Жылдамдықты азайт! Өмірді құрметте!» деген жазуы бар қағазды астаналықтарға ұстатып, флешмоб ұйымдастырдық. Қатысатын кісі табу да алғашында оңайға түспеді. «Бұл не? Митинг пе? Не үшін ұран көтеруіміз керек?» деген сияқты сұрақтарын жаудырған олар оң ниетімізді білген соң, ізімізге ілесті. Хош, сонымен Достық, Сығанақ және Орынбор көшелерінің көлік көп тұстарына қарай аяңдап, ойымызды іске асыруға кірістік. Екі қағазды ұстаған бір топ кісі жолақ жолмен көше ортасына дейін жетіп, 5-6 секундқа кідірді. Мына көрініске жүргізушілер де, сол маңнан әрі-бері өткен халық та аң-таң. Бастапқыда бір-екеуі шыдамсызданып, сигнал басқан еді. Әлгі сөзді оқыған соң, келіскендей, бастарын изеді.
– Кімнің тапсырмасы бұл? – деді жасы елулерді еңсерген ағай терезені ашып.
– Ешкімнің тапсырмасы емес. Сіздердің естеріңізде сақталсыншы дегеніміз жай…
– Басқаны қайдам, мен енді ұмытпаймын, – деді жымиып.
Кейбіреуі ризашылық танытқандай бас бармағын көрсетіп жатыр. Кейбіреуі ұялы телефонына жалма-жан жармасып, бейнекамераға түсіріп әуре. Мейлі, жақындарына көрсетсін, достарына айтсын – бастысы, осынау көрсеткіштен бейхабар бұқараның саны сәл-пәл азаятын болды. Сана берсе, сақ жүрер. Мына цифрды көргендердің, тым құрығанда, жартысына жуығы емеурінімізді ескерер.
Айтпақшы, бізге жәрдемдескен бір жігіт америкалық қонақ екен. Шара соңында аз-кем әңгімеге тарттым.
– Астанадағы кей автобустар бір-бірімен жарысады, – деді өзін Майкл деп таныстырған бұйрабас бозбала ағылшыншалап. – АҚШ-та мұндай тәртіпсіздікке өте үлкен көлемдегі айыппұл төлетеді.
– Біздегіден бөлекше тағы қандай заңдарды ұстанасыздар?
– Қиылысты бөгеу ереже бұзушылықтың ірі түрі саналады. Мысалы, көшенің арғы бетінде көлік сиятын бос жер қалмағанын көре тұра бағдаршамның жасыл түсіне үлгерем деу – бекершілік. Ол жағдайда мұндағыдай өзгелері түсіністікпен қарамайды. Жаза құны – кемінде 500 доллар. Меніңше, елдегі жол апатының аздығына осындай қомақты мөлшердегі штрафтың бекітілуі кәдімгідей әсер ететін тәрізді.
Айналасы 30-40 минуттың ішінде қасымызға әжептәуір жұртшылық үйіріліп қалыпты. Бастамамызға үн қосуға ынталы жастарды да кездестірдік. Акциямыз елорданың әр бұрышында жалғасса, қалай қуанбайсың?! Соның арқасында суреттегі цифрды кемітуге көмектессек, мақсатымыздың орындалғаны емей немене?!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button