Басты ақпаратБілім

Ел ертеңі – Ерген

Алты жасар дарынды бала Ерген Дүйсенбектің есімі бүгінде елорда мектептерінде жақсы таныс. Оның әлемдегі 180-ге жуық мемлекеттің туын жатқа білетіні, сол елдерді картадан оңай тауып көрсете алатыны көпшілікті таңғалдырды. Хоббиі – әлем елдерінің туын жинау.

Бірақ соның ішінде өз елінің туын қатты құрметтейді. Кішкентай болса да тым патриот. Қоятын сұрақтары да өзгеше, әңгімесі де өз жасынан ерек. Есті сөзімен айналасындағыларды күн сайын таңғалдырып жүрген талантты бала жайлы анасынан сұрап білдік.

Ерген – үйдің кенжесі, елорда­дағы халықаралық «Зерде­лі» ақыл-ой дамыту мектебінің 1-сынып оқушысы. Анасы Мәншүк – прокуратурада бас маман, әкесі Болат жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Баланың бойындағы дарындылық пен туларға деген қызығушылығы 3 жасында байқалған. Сол кезден бері жалаулардан коллекция жинай бастаған және оларды өз бетінше жаттаған.

– Екі жарым жасында көшеде кетіп бара жатып еліміздің туын көргенде, орнынан атып тұрып, көзі жайнап, айқайлап шыға келетін. Кішкентайынан әнұранды, танымал әншілердің Қазақстан туралы әнін тыңдауға құмар болды, кейін тез жаттап та алды. Мектепке бармай тұрып-ақ телефоннан еліміздің тарихын қарап, бұрын КСРО құрамында болғанымызды, жер көлемі жағынан мемлекетіміздің 9-орында тұрғанын білді. Жер бетінде қанша материк бар, оларға қанша және қай елдер кіретінін де шатаспай айтады. Бес жасында жазуды үйренді. Туған тіліне деген құрметі өте жоғары. Жүрген жерінде орысша сөйлегендерге ескерту беріп, сынап жүреді. Кейде: «Кеңес өкіметі тараған кезде Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп, Ресейден көп жерді алып алуы керек еді», «Еліміздің халқы 19 млн, оны қалай көбейтеміз?» деген сұрақтарды да қояды. Тіпті кейде жауап таппай қаламыз. Меккенің де қасиетін білгені сонша, мені қажылыққа жіберем деп былтырдан бері бір тиынына тиіспей, ақша жинап жүр. Әңгімесіне қарасаң, ересек адамның сөзі, соны үйде ешкім үйретіп отырған жоқ. Басқа балаларым мұндай емес, – деп күледі Ергеннің анасы.

Бастысы, ұлының көп білуге құмарлығын байқаған анасы жұмысы күйіп бара жатса да, оның қандай сұрағына болмасын ерінбей, толық жауап беріп, сөзін мұқият тыңдайды екен. Сондай-ақ Ергеннің қызығушылығын білген ата-анасы оған дүние жүзінің картасын алып берген. Бос уақытта бәрі Ергенмен бірге сол картадағы елдерді зерттеуге кірісіп кетеді. Ол өскен сайын дастархан басында тек әлем елдері, олардың президенттері туралы әңгіме айтылатын болған. Ергеннің ермегі сол – таңнан кешке дейін картадағы елдерді қарап, аттарын жаттап ойнау, өзі білетін елдер туының суретін салу. Бүгінде оның коллекциясында 100-ге жуық ту, 2 карта, 1 глобус бар. Қазір елтаңбаларға қызығушылық танытып жүр.

– Алғаш 5 жасында №45 мектеп табалдырығын аттады. Биыл 1-сыныпқа көшкеннен соң оқу жылының ортасында әкімдік пен Білім басқармасының қолдауымен «Зерделі» мектебінен грант беріліп, соған ауысты. Негізі, бұл халықаралық ақылы мектеп, оқу айына 116 мың теңге тұрады, жылына 1 млн теңгеден асады, оны тө­леуге біздің қалтамыз көтермес еді, соны қазір грантпен тегін оқып жатыр, – дейді Мәншүк.

Ерекше баланы қонақ етіп шақыратындар көп. Есіл ауданының әкімінен бастап Астана қаласы әкімінің орынбасарлары, Мәжіліс депутаттары, Оқу-ағарту, Сыртқы істер министріне дейін оны кездесуге шақырып, жұмыс орнын көрсеткен және сыйлықтар тарту еткен. Жақында онымен кездескен Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп те: «Өзім білетін біраз елдің туын және ол елдің қай жерде орналасқанын сұрасам, сартылдап, мүдірмей жауап беріп тұр. Оған әкімдіктің ішін аралатып, естелікке Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібековтің кітабын және Қазақстанның жалаушаларын бердім» дейді.

Оның бір арманы – өзі білетін мемлекеттердің бәрін аралау. Сондай-ақ өз Президентінің өмірбаянын толық зерттеп алған ол өскенде ­дипломат болам дейтін, қазіргі арманы – Президент болу. Анасының тілегі – Ерген тіл-көзден аман болып, елдің көшін алға сүйрейтін азамат болса деген ой. Келешекте ел тізгінін Ерген сияқты патриот және білімді азаматтар ұстаса, Қазақстанның болашағы да жарқын болары сөзсіз.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button