Басты ақпарат

ЕЛБАСЫ НЬЮ-ЙОРКТЕ ІССАПАРМЕН ЖҮР

cc84efc07171303469e9e97cd4267fd8

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына барып, іс-шара аясында бірқатар мемлекеттер мен АҚШ-тың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Бұл жөнінде akorda.kz хабарлады.

БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммитте Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің Мыңжылдық дамудың сегіз мақсатын жүзеге асыру ісіндегі жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеттіліктің негізін нығайтып, азаматтық қоғамның дамуы үшін жағдай жасады. Сонымен қатар, республиканың ішкі жалпы өнімі 19 есе ұлғайды, ал халықтың жан басына шаққандағы табысы 13 мың долларға жетті. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты. Ана мен бала өлімі 65 пайызға азайды, СПИД-ке, безгекке және туберкулезге қарсы күресте елеулі табысқа қол жеткізілді.
Елбасы республикамыз парник­тік газ шығарылымын қысқартып, ғаламшардың биологиялық әралуандығын сақтауға атсалысып отырғанын айрықша атады. «Біздер «жасыл» экономикаға көшудің ұлттық тұжырымдамасын бекіттік. Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біз Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірдік. Біз БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын сауықтыру жөнінде белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отырмыз. Орталық Азия елдері бұл экологиялық проблемалармен күресу үшін көмек күтеді» деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ға­ламшарымызды дамыту жөніндегі жаһандық құжатты Қазақстанның да қолдайтынын атап айтты. «Қазіргі заманғы қауіп-қатерге біздің берер жауабымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясы болып саналады. Оның мақсаты – елді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу. Біз Ұлт жоспарын, Бес институциялық реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұлар мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы индустрияландыруды жалғастыруға бағытталған» деді.
Іссапар аясында мемлекет басшысы АҚШ-тың «Guggenheim», «JP Morgan», «Pfizer», «Blackstone» және басқа да жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Жиында Қазақстан экономикасының одан әрі дамуына қатысу аясын кеңейту жолдары мен Астана халықаралық қаржы орталығын құру бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы «11 қыркүйек» ұлттық мемориалына барып, 2001 жылы қаза болғандар мемориалына гүл қойды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button