Sport

Астаналық балуандар лицензия алды

njDSOm_kkvU

Жақында Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында астаналық Досжан Картиков грек-рим күресі бәсекесінде қола жүлдегер атанып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода  жалауын көтеретін жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын болды.

«Астана батыры» жекпе-жек клубы» мекемесінің спортшысы әлем біріншілігінің іріктеу белдесулерінде Украина және Молдова балуандарын қиналмай ұтты. Келесі кездесудегі қарсыласы Пекин олимпиадасы мен әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Оңтүстік Корея балуаны Хенву Ким болды. Бұл белдесуде Досжан нағыз жанкештілік танытып, жеңіске жетті. Ширек финалда тағы бір Олимпиада ойындарының чемпионы ресейлік Роман Власовпен бетпе-бет келді. Бұл кездесуде ұпай санымен Лондон олимпиадасының чемпионы жеңіске жетті. Содан кейін біздің балуан жүлдеге таласуға мүмкіндік беретін жұбаныш белдесуге шықты. 2014 жылғы әлем чемпионы армениялық Арсен Джулфалакян екеуі итжығыс күрес көрсетті. Алайда, қазақ балуаны белдесу соңында сәтті амал жасап, қарсыласын қапыда қалдырып кетті.
Ал үшінші орын үшін болған белдесуде Досжан Картиков әзербайжандық Элвин Мурсалиевті тізе бүктіріп, алдағы жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына берілетін жолдаманы да қанжығасына байлады. Дүбірлі жарыста топ жарған балуанға Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұсынысымен елорда төрінен пәтер берілді. Ал күрес федерациясы көлік мінгізді. Осы жарыста «Астана батыры» жекпе-жек клубының тағы бір спортшысы, осыған дейін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанған Алмат Кебісбаев та қола жүлдеге қол жеткізіп, Рио-де-Жанейрода ел намысын қорғайтын болды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button