Басты ақпарат

Елбасы және егемендік

Өркениетті елдер мемлекет құндылықтарын аялап, көздiң қарашығындай сақтап қорғайды. Мемлекет құндылығының негiзi – рәмiздерi. Ол – Ту, Елтаңба, Әнұран. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның мүддесі мен береке-бірлігі тұрғысынан қарап, осы құндылықтарға Елбасы ұғымын енгізу – заңды және халық тілегі. Ол – Қазақстан Тәуелсiздiгін жариялап, ширек ғасырдан астам уақыт аянбай тер төгіп, 4-5 мың жылдан бері ата-бабасы тұрып келе жатқан байырғы өз жерiнде жаңа мемлекет құрды.

Тарихымызда тұңғыш рет Президент сайланды. Ол тұлғаны ел алдындағы қыруар еңбегі мен әлемдік дара беделіне қарап, «Ұлт көшбасшысы» деп таныдық. Бағамдай қарасақ, жаңа мемлекеттілігіміз бен Тұңғыш Президент – бiрiн-бiрi толықтыратын ұғымдар.
Егер Тәуелсiздiгiмiздiң 30 жылға жуықтаған тарихи орайында сараптасақ, елiмiзде билiктiң үш бұтағы мен халық арасындағы түсiнiстiк оң нәтиже беріп, баяндылыққа бастағанына көз жеткiземiз. Тәуелсіздігіміз – ең басты құндылығымыз. Бұл ретте Елбасы: «Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деп жазған еді.
2019 жылы 19 наурызда Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне көтерілді. Елбасы жаңа Президенттікке үміткер ретінде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жанынан табылған саяси серігі, сенімді шәкірті, қайраткер, дипломат Қ.К.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасы сенімі – ел сенімі, елдіктің мұраты.
Елбасы мен жаңа Президент бірлігі, сабақтастығы Қазақстан қоғамын одан әрі ұйыстыра түсті.
Батыстың да, Шығыстың да ең абыройлы мемлекеттерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есiм-сойы – жаңарған Қазақстанның, Орталық Азиядағы ең беделді тұлғаның, әсіресе ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елді ұйыстырған қайраткердің үлгісі ретінде аса танымал.
Әлем жұртшылығы Елбасымыз­дың Еуразиялық экономикалық одақ идеясы мен жаңа елорда – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласын қалыптастырып, дамытқан батыл шешiмiне қызыға, таңдана қарайды. Қазақстанның тәуелсiздiк кұндылықтарына залалы тимейтiн Еуразиялық экономикалық одақ бастамасы ТМД iшiндегi халық­аралық шешiмдерге адалдығымен, еуразиялық бағыттағы оқу орнын, ғылыми және өндiрiстiк мекемелердi ашып-қалыптастырумен өміршеңдігін көрсетті. 1996 жылы 23 мамырда Тұңғыш Президенттің Жарлығымен ашылған
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi әлемдік бiлiм-ғылым жүйесiн еуразиялық құндылықтар мен жетiстiктерді жаңа деңгейге көтерумен танымал.
Мәртебелі Елбасының бірнеше кітабында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аты мен заты аталды. Бұл – оқу орнымыз үшін үлкен абырой. Бізге жүктелген басты миссия – еуразиялық және елдік құндылықтар аясында жаңа форматтағы, инновациялық ізденістегі маман даярлау. Ғылыми-зерттеу университетіне айналып, ғылымның басым бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу. «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында ғылыми-практикалық жобаларды жүзеге асыру.
Университет дамуының әрбір кезеңі Елбасы айқындап берген жолмен және Тұңғыш Президенттің қамқорлығымен өрлеп отырғанын мақтаныш сезіммен айтамыз. Президенттік «Алтын сапа» сыйлығы, осы бағдардағы ТМД тарапынан алған зор марапатымыз ұжымның беделін көтеріп, жауапкершілігін де арттырды. Әлемдік және ұлттық рейтингтердегі көшбасшы орнымыз – нәтижелі еңбегіміздің жемісі. Бүгінде оқу ордамыз – Еуразия кеңістігіндегі аса танымал білім, ғылым, мәдениет орталығы. Университетіміз 24 жылда 24 мыңдық ұжым болып өсті. Ел мен елорданың интеллектуалдық темірқазығына айналдық. Отаншыл, алғыр, талантты жастардың жаңа буыны келді. Бұлардың бәрі – Тәуелсіздік ұландары, көбі – «Назарбаев зияткерлік мектептерінің», Білім-инновация лицейлерінің, «Дарын» мектептерінің түлектері, елдің барша өңірінің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары.
Келесі жылы оқу орнымыздың ашылғанына 25 жыл толады. Бұл – елге де, іргетасымызды қалаған Елбасына да, бүгінгі бағдарымызды айқындап берген Мемлекет басшысына да есеп беретін елеулі кезең.
Бұл орайда Президент ­Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен 25 мың шаршы метрлік жаңа оқу-зертханалық кешен тұрғызуға көмек қолын созған ел Үкіметіне, жоғары мектепті мемлекеттің интеллектуалдық әлеуеті ретінде дамытып отырған Білім және ғылым министрлігіне алғысымыз шексіз.
Қазақстанның білім саласындағы дамуы сабақтастық үдерісімен жүріп жатыр. Жақында Мемлекет басшысы өңірлерде Назарбаев университеті форматындағы екі заманауи оқу орны ашылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ күрделі кезеңде елеулі әлеуметтік қолдау көрсетіп, педагогтар жалақысын көтеруін, мемлекеттік грант санын ұлғайтып, білім алушылар стипендиясы көлемін арттыруын елдік іске балаймыз. Ғылыми жобалар байқауы жыл сайын жарияланып, ізденгіш жас таланттар мен әлеует­ті ғалымдарды ынталандыру да дұрыс жолға қойылды. Осының бәрі отандық білім-ғылым саласын одан сайын әлемдік бәсекеге қабілетті болуын міндеттейді.
Қазақстанның жаңа елордасы туралы көп айтылып, көп жазылды. Астана абыройы Нұрсұлтан Әбiшұлының есiмiмен тiкелей байланысты. Облыс орталығын астанаға айналдыру, Есiлдiң сол жағасындағы маң даланы гүлденген, сәулетi көздiң жауын алған әкiмшiлiк байтаққа айналдыру – қиял-ғажайып ертегi емес, тәуел­сiз Қазақстанның шындығы. Бүгiнде 1 млн астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласы – елiмiздiң саяси-әкiмшiлiк, мәдени-рухани бас шаһарына айналды.
Кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы – азат Қазақстанның жаңа жолы, айқын бетбұрысы және баянды болашағының кепiлi. Осының бәрi Тұңғыш Президентiмiздің дәлелдi сөзi мен табанды iсiнiң арқасында жүзеге асты.
Таяудағы «Абай аманаты» атты тұжырымдамалық мақаласында Елбасы: «Ақын арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін» деп жазыпты. Міне, осы сөздер жүрегiміз бен зердеміздің төрінде тұруы керек.
Қазақстан аз уақыт iшiнде халықаралық қарым-қатынастың байыпты тұжырымдамасын жасап үлгердi. Аса күрделi кезеңде ­Н.Ә.Назарбаев бастамасымен Тәуелсiз мемлекеттер достастығы, Орталық Азия Ынтымақтастығы, Кеден Одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Азиядағы өзара iскерлiк және сенiм кеңесi құрылғаны – тарихта алтын әріппен жазылған фактілер.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы ұйымына, кейінірек Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіміз – Қазақстанның әлемдік беделін айқындаған жол болды.
Ішкі бірлігімізді анықтаған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудан бастап, елордада әлемдiк дiндер көшбасшыларының съездерін өткізуге дейінгі шаралар – үйлесім мен сұхбатты жаңа деңгейге көтерген келiсiм мен ынтымақтастық жөніміз еді. Осы ретте бүгін қайта жаңғырып жатқан Түркістан – түркі дүниесі мен исі қазақтың діни-рухани тұстастығын айқындаған елдік меже.
Астана, Алматы қалаларында (қазіргі Нұр-Сұлтан) VII қысқы Азиада ойындарының және 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың өтуі, әйгілі халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде сансыз мемлекеттердің іскер топтарын тоқайластыруымыз – бұлар да тарихта қайталанбас шаралар болды.
Тәуелсіздік жылдары қаржы үнемдеп, талантты ұл-қыздарымызды Президенттiк «Болашақ» бағдарламасымен шетелдердiң таңдаулы жоғары оқу орындарында оқыту, экономикалық және технологиялық білімді өркендететін Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтын, Қазақ-Британ университетін, еуразиялық ықпалдасудың ғылыми негіздерін айқындайтын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiн, түркі ынтымақтастығын білім тұрғысынан жандандыратын Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрiк университетiн, отандық білім жүйесіне серпін беретін Назарбаев университеті мен Назарбаев интеллектуалдық мектептерін қалыптастырып, өркендету де – Қазақстан жолының баяндылығын дәлелдей түседі.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмір жолы мен қайраткерлігі «тұлға және тарих» ұғымына және «тарихты тұлғалар жасайды» деген анықтамаға дәл сәйкес келеді. Мұны біз терең түсініп, мақтана білуіміз қажет.
Таяу және алыс шетелдің саяси сарапшылары: «Қазақстан – бақытты ел. Тұңғыш Президенті пайымды, халқы қарымды, досы көп. Билік трансформациясы да жүйелі,
демократияға сай өтті. Әлемге
танымал дипломат Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде сабақтастық пен өрлеуді басшылыққа алды» деп жазды.
Ел тарихын тұлғалар жасайды. Тұлға – елдің тұғыры, тұлға – елдің тұтқасы. Біздің Тұңғыш Президентіміз – осындай тұлға.
Егер отаншылдық пен елшілдіктің нақты бір қағидаты – дәстүр мен көшбасшыны ардақтау десек, біз қашанда осы қағидатқа адал болып қалуымыз қажет. Бұл – әлемдік қағидат.

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ ректоры,
ҰҒА академигі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button