Саясат

Елді елең еткізген

Польша қорғаныс министрлігі Ақ үй мен АҚШ конгресіне хат жолдап, Американың тұрақты әскери базасын өз елі территориясына орналас­тыру үшін қажетті 1,5-2 млрд долларды шығаратынын мәлімдеп, шығыстағы көршілері – Ресей мен Беларусь тарапынан біраз нара­зылық қаһарына тап болды. Ал поляк жағы бұл ұсыныстың АҚШ әскерлерінің Польша жерінде болуы «анық және түбегейлі қажеттілік» екенін дәлелдеп бақты. Әңгіме Пентагонның танк бригадасы туралы болып отыр.
Соңғы бірер күннің беделінде әлем тағы мынадай оқыс оқиғаларға құлақ түрді.

Ұшақты атқан Ресей ме?

 Еуропа Одағының барлық елдері МН17 ұшағы апатын тексеру қорытындысын қолдап шықты.

Сөйтіп, құрлықтың 28 мемлекеті түгелдей Донбаста 2014 жылғы 17 шілде күні атып түсірілген Малайзияның «Боинг» жолаушылар лайнерінің апатына Ресей жағы кінәлі деген тұжырымға тоқталды. Олар Ресейден бұған айыптыларды анықтау ісіне көмектесуді сұрады.
Бұл туралы Еуропа дипломатиясының басшысы Федерика Могерини ханым мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуропа Одағы үшін тек­­серу әрекеттерін жүр­гізушілерге қолдау көр­сетудің маңызы зор. «Біз Ресейден өзіне бар жауапкершілікті алып, кінәлілерді анықтауға көмектесуге шақырамыз» деді Могерини.
Мұның артынша АҚШ-тың мемлекеттік департаменті тексеру қорытындысына толық сенетінін мәлімдеп, енді сөзбұйдаға сала берудің артық екенін білдірді. Құрама Штаттар мәлімдемесінде Малайзия ұшағы Ресейдің 53-інші зенит-ракеталық бригадасының «Бук» қондыр­ғысынан атылғаны туралы болжамның негізді екені атап өтілген.
Әзірге Ресей жағы бұл қылмысты мойнына алып отырған жоқ.

Грузия НАТО-ға мүше бола ма?

Солтүстік альянстың бас хатшысы Грузияның ұйым құрамына кіруге қажетті шаралардың бәрін жасағанын атап көрсетті.

Мұны Йенс Солтенберг дүйсенбіде Варшавада өткен НАТО-ның Парламенттік ассам­блея­сында сөйлеген сөзінде айтты. «Грузия біздің қатарымызға кіруге толық дайын. Онда НАТО-ның мүшесі болуға керекті нәрсенің бәрі бар» деді ол.
Альянс басшысы бұ­ған: «Біз әлі саммиттің (НАТО саммиті бірнеше аптадан кейін Брюссель­де өтеді) барлық эле­менттерін анықтап үлгерген жоқпыз, бірақ одақтастардың Грузияның НАТО-ға мүше болу жолындағы әрекеттерін, Грузияның Ауғанстандағы миссияға қатысуын мойындауға уақыт табады деп сенемін» дегенді қосты.
Бұдан бұрын Гүржі­станның премьері Геор­гий Квирикашвили өз елінің 2021 жылы НАТО-
ға кіретініне үміт ар­та­тынын мәлімдеген еді.

Абрамович өз елін тапты

Ресейде дүниеге келіп, байлығын Ұлыбританияға алып кеткен бизнесмен Роман Абрамович бұрнағы күні Израильдің азаматтығын алды.

Тегі еврей Абрамовичтің мұнысына ешкім таңғалған жоқ. Бірақ оның мұндай қадамға Альбион жерінде Ресей олигархтары ақшаларына қысым жасала бастағасын барып отыр­ғанын бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі атап өтіп жатыр. Израильдің Israel Hayom газетінің жазуынша, бұған Британияның визасын алып тұрудың оңай емес екені де әсер еткен. Басылым сондай-ақ Лондонның «Челси» клубы қожайынының қазіргі күндері Тель-Авивтің Неве-Цедек деген турис­тік ауданында зәулім сарай салып жатқанын атап өтіпті.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button