Білім

Елорда мектептерінде – ұлттық тағам

Мектепте тамақтануды жақсы ұйымдастыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсаулығын жақсартудың кепілі. Толыққанды тамақтану көптеген аурулардың алдын алып, баланың оқуға үлгерімін, ынтасын дамытып, заманға сай өмірге бейімделуіне жақсы әсер етеді.

Ал бала жас кезінде жеткіліксіз тамақтанса, оның дене бітімі дамуын тежеп, ауруына, зат алмасу жүйесіне әсер етіп, ағзасы мен дене бітімінде өзгерістерге әкеліп соғуы ықтимал. Қазір отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектептегі тамақтануға ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамның бірі. Осы мақсатта Оқу-ағарту минис­трлігі Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» қанатқақты жобасын жүзеге асырып келеді.

50 ұлттық тағам енгізіледі

– Әрбір білім ошағы «саламатты өмір салтын ұстанатын мектепке» айналуға тиіс. Мектептің кез келген қызметі сауықтыру-педагогикалық бағытта болады. «Ұлттық мектеп асханасы» жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – ертеден келе жатқан дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі, – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.

Биыл қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған еді. Оның ішінде 1,4 миллион бала – 1-4-сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11-сынып оқушылары. Тағамның сапалы болуын қадағалаған министрлік білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану нормаларын қайта қарады. Дәлірек айтсақ, ас мәзіріне өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді енгізу нормасы қосылды. Бракеражды комиссиялардың және ведомствоаралық сарапшылық топтардың мүшелеріне арналған мониторингтік топтар қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді.

Тек тағамның сапасы емес, тамақтану мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, санитарлық тазалық пен гигиенаны сақтау, дұрыс тамақтануды насихаттауға көңіл бөлініп жүр. Білім беру ұйымына жеткен барлық өнімнің санитарлық дәрігерлерден қорытындысы болуы шарт. Ал тамақты бракеражды комиссиялар бақылайды. Олардың қатарында ата-аналар, қамқоршылық кеңес мүшелері, сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері бар.

Мектеп асханасын қайтсек жақсартамыз?

Мектептерде ұлттық тағамның берілуі – жағымды жаңалық. Себебі мектептегі тағамның сапасына көп ата-­ананың көңілі толмай жүргені рас. Әзірге мектептерде таңғы және түскі астың сапасын жақсарту үшін алгоритмдер әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Астана қаласының мәслихат хатшысы елордалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мектеп асханаларын тек тамақ пісіріп қана қоймай, қала тұрғындары арасында танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәселесін пысықтауды тапсыр­ғаны белгілі.

– Дәмді тағамдар дайындау­мен қатар, инфрақұрылымды – жабдықтарды алып, асханаларға инвестициялауды, балаларымыздың тамақтануын әртараптандыру және жақсартуды тапсырдым. Бұл ретте нысаналы мақсатын өзгертпей, 5 жылдан аспайтын мерзімге беру керек деп есептеймін, – деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов. Әзірге бұл мәселе, өкінішке қарай,  өзектілігін жоймай тұр.

– Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту процесін ата-аналардың тікелей бақылау мүмкіндігі бар. Мектепте ыстық тамақ беру бала ағзасына және интеллектуалдық дамуына оң ықпал етеді. Осы орайда бұл мәселеге ерекше назар аударып отырмыз. Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, биыл 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мектептерде тегін тамақтанып жатыр, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жуырда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, тамақтандыру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілді. Мектепте тамақтандырумен айналысатын ұйымның алдын ала санэпидемиологиялық қызмет қорытындысы болуы керек. Мектептегі қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерінің өкілдерінен құралған комиссия қызметі күшейтілді. Қабылданған шаралар тамақтану сапасын жақсартуды ғана емес, тамақтану мәдениетін арттыруды да көздейді.

Бала тамағы сапалы ма?

Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Диана Амангелдіқызы «Мектеп асханасына тексеруді кімдер жүргізеді? Астанада биыл қанша мектеп асханасы тексерілді?» деген сұрақтарымызға былай жауап берді:

– Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру және оны қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында балаларға тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты тауарларды сатып алу Қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен айқындалған.

Тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін қаланың әрбір мектебінде сапаны бақылау жөніндегі бракераждық комиссия құрылған (оның құрамына қамқоршылық кеңес мүшелері, директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог және ата-аналар кіреді (кемінде 10 адам). Комиссияның міндеттеріне келіп түсетін тамақ өнімдерінің сапасына, ыдыс-аяқ дайындау технологиясына, тоңазытқыш-технологиялық жабдықтың жарамдылығына, өнімдер мен дайын тағамдарды сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына мониторингті жүзеге асыру кіреді.

Сондай-ақ ведомствоаралық сараптама тобын құру туралы бекітілген бұйрық бар, оның құрамына Қоғамдық кеңестің, Қазақ тамақтану академиясының Тамақтану проблемалары институтының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі және ата-аналар қоғамы кіреді.

Сонымен қатар, тамақтану қағидаларына сәйкес қаланың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топтар әрбір білім беру ұйымында оқушылардың тамақтану сапасын мониторингтеу жөніндегі бракераждық комиссияның қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді.

Ағымдағы жылы елорданың барлық 95 мектебінің асханалары тексерілді.

Анықталған бұзушылықтар әкімшілік шаралар қабылданғаннан кейін жойылды.

Диана Амангелдіқызының айтуынша, қазіргі уақытта азық-түлік шығыстарының калькуляциясын есептеу негізінде бір балаға орташа құн 584 теңгені құрайды (2021 жылғы қарашаға дейін 376 теңгені құрады. 2021 жылғы 1 қарашадан бастап Астана қаласы мәслихатының шешімімен бір білім алушыға бір реттік тамақтану құны 402 теңгеге дейін өсті).

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button