Қоғам

Елорда тұрғыны қалта стақандарын шығармақшы

Астаналық Сапаркүл Рабаева қалтаға салып жүруге ыңғайлы әрі экологиялық жағынан тиімді стақандар өндірісін қолға алмақ.

EcoCup деп аталатын жоба туралы идеяны оған Токиоға сапарлап қайтқан досы айтыпты. Жапондар қоғамдық орындарда су ішуге жұқа қағаздан жасалған қалташа-стақандарды пайдаланады екен. Біріншіден, олардың жасалуына кәдімгі бірреттік стақандарға қарағанда әлдеқайда аз шикізат кетсе, екіншіден, ыдырау мерзімі де қысқа. Яғни, плас­тик секілді жүздеген жылдар бойы жер астында жатпайды. Мұнымен қоса, олар орын үнемдеу жағынан да таптыр­мас мүмкіндік көрінеді. Сырт­қа сөмкесіз шыға қалсаңыз, әлгі стақандарды қалтаға саласыз да кете бересіз. Пайдаланар алдында стақанның бүктеуін жазып, конус немесе цилиндр пішініне келтіріп алсаңыз болғаны.
– Осы оқиғадан соң біраз уақыт өткен. Бірде кішкентай баламмен бірге «Әзірет Сұлтан» мешітіне бардым. Су ішетін бөтелке ала шықпаппыз, ұлым сәлден соң мазасызданып, су сұрай бастады. Бұрышта диспенсер тұр екен, бірақ жанында таза стақан жоқ. Адамдар өздері пайдаланған бір реттік пластик стақандарды сол жерге қайта қойып кетіп жатыр. Амалсыз­дан солардың бірін жуып, ұлыма су құйып бердім. Сол сәтте бұрынғы жапондардың қалташа-стақандары туралы ой есіме сап етіп түсті, – дейді Сапаркүл.


Жоба авторының айтуынша, эко-стақан құрамының 87 па­йызы целлюлозадан, ал 13 па­йызы d2w технологиясы­мен дайындал­ған полиэтилен­нен тұрады. Бұл әдіс заттың тез ыдырауына ықпал етеді. Қоқысқа тас­талған эко-стақан 18 айдың ішінде шіріп кетеді.
Қазіргі таңда Сапаркүлмен бірге Дәурен Сұлтанов және Дәурет Хайриев есімді астаналық азаматтар да аталған жобаның басы-қасында жүр. Олар қанатқақты жоба ретінде Қытайдан 55 мың қалта стақанын шығарып әкеліпті. Патент мәселесін толықтай бітірген соң, стақандарды Нұр-Сұлтан қаласындағы мекемелерге ұсынып көрмек. Сұраныс көп болып жатса, стақандарды шығаратын станоктардың бірнешеуін сатып алу жоспарларында бар. Айтпақшы, жастар жуырда «Даму» қоры ұйымдастырған «Ұлттық өнім» көрмесіне қатысып, «Ең жаңашыл жоба» номинациясымен марапатталыпты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button