Басты ақпарат

Елордада 2470 мұғалім жетіспейді

Елордада 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші – 82 пайыз. Ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер балабақшамен 99,1 пайыз қамтылған. Балабақшалардың 31 пайызы жаңартылған. Алайда педагогтардың 35 пайызында бейінді білім жоқ. Ал қала мектептерінде 2470 мұғалім жетіспейді.

[smartslider3 slider=2084]

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік бағдарламалармен салынған тұрғын үйлердің мәселесіне арналған отырысында бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев баяндады. Ол балабақшалар ғана емес, мектептер бойынша, сондағы білім сапасы жайында да есеп берді. Қосымша білім, арнайы білім, техникалық білім мәселелеріне де тоқталды.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір қалада барлығы 149 орта мектеп бар. Білім беру сапасы 52 пайызды құрайды. Мектептердің 67 пайызы пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген. Алайда педагог кадрларға деген елеулі қажеттілік бар. Атап айтқанда, 2470 мұғалім жетіспейді.

ОҢ ЖАҒАЛАУДАҒЫ МЕКТЕПТЕР ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫ

Білім беру сапасын жақсарту үшін қала мектептеріне халық­аралық жобалар енгізілуде. Сонымен қатар оқу-зертханалық жабдықтарды жаңарту, академиялық адалдық қағидаттарын енгізу, мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жоғары оқу орындары түлектерін жұмысқа тұрғызу шаралары жүргізілуде.

Ал 149 мектептің 99-ы – мемлекеттік мектеп. 4 мектеп үш ауысымда оқытады. Мектептердің 92 пайызы цифрлық бейнебақы­лаумен қамтамасыз етіліп, қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Алда бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Елордада бұл күндері қосымша білім берумен 11 ұйым айналысады. Бұл біліммен қамту көрсеткіші 74 пайызды құрайды. Желіні одан әрі кеңейту жоспарлануда. Балалардың 35 пайызы спорт секцияларымен қамтылған. Ал арнайы білім беру ұйымының саны – 15. Қалада 13597 бала ерекше білімді қажет етеді. Мұндай балалардың 50 пайызы педагогикалық түзетумен қамтылған.

Қаладағы 34 колледжде 12 құзыреттілік орталық жұмыс істейді. Колледждерде тегін оқытумен қамту көрсеткіші 52,4 пайызды құрайды. Колледждер бойынша проблемалық мәселелерді шешу үшін кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Жаңа жабдықтармен жарақтандыру жүргізілуде. Жаңа құзыреттілік орталықтары құрылуда. Гранттар саны да көбейді. Бүгінгі таңда колледждердегі норматив бойынша тегін тамақтану 610 теңгені құрайды.

Білім басқармасының басшысы проблемалық мәселелер бойынша депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, оң жағалауда жөндеуді қажет ететін ескі мектептер бар. Бір кездері бұл мектептер пәндер бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, қаладағы ең үздік мектептер болған. Ал қазір олар назардан тыс қалғандай.

Қасымхан Сенғазыев 117 білім беру нысаны ертеректе салынғанын, мектеп ғимараттарына бірнеше кезеңдік кешенді техникалық тексеру жүргізу қажеттігін, сол үшін 409 млн теңге қаржы керек екенін жеткізді.

Осы орайда қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов оң жағалаудағы барлық мектепке кешенді тексеру жүргізуді ұсынды. 2020-2021 жылдары салынған жаңа мектептердің жабдықталуы туралы ақпарат сұрады. Қаланың барлық мектептері бойынша логистика, көлік жолдарының болуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы ақпарат дайындауды тапсырды. Оған Білім басқармасының басшысы биыл 10 мектепті күрделі жөндеу, 13 мектепті ағымдағы жөндеу жоспарланғанын айтты.

«ОТАУ» МЕН «ШАҢЫРАҚТАН» НЕГЕ ШИКІЛІК ШЫҚТЫ?

Қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов мемлекеттік бағдарламалармен салынған тұрғын үйлер туралы баяндады. Мәслихат депутаты Нұрдәулет Оразханов осы жолы да «Отау» тұрғын үй кешенінің мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, тұрғын үй сапасыз салынған. Үй құрылысы толығымен аяқталмағандықтан, кейбір азаматтар пәтерлеріне кірмеген. Құрылыс салушы «Базис-A» құрылыс компаниясы кепілдік міндеттемелерді орындамай отыр. Депутат тұрғындар арасында аз қамтылған отбасылар, жетім балалар бар екенін, олар жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайтынын атап өтті. Осы тұрғын үй кешені маңайында мектеп пен балабақша да керек.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Құрылыс басқармасы мен «Базис-А» компаниясына апта соңына дейін қалпына келтіру жұмыстарының кестесін жедел түрде беруді тапсырды. Депутаттар келесі аптада тұрғын үй кешенін аралайтын болды. Соған орай шақырылатын көшпелі отырыста әлеуметтік нысандар, кіреберіс жолдар, автобус маршруттары, тағы басқа мәселелер қаралады.

Депутат Ерлан Дәкенов «Шаңырақ» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйдің қаптауының құлағанына шағымданғанын айтты. Сапасыз құрылыспен қатар кейбір нысандарды пайдалануға беру мерзімі кешігіп жатыр. Мәселен, «Үркер» тұрғын алабында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана құрылысы келесі жылға қалды.

БАСПАНАМЕН ҚАМТУ ҚАРҚЫНДЫ МА?

Жиын барысында қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов кезекте тұрған азаматтарға баспана беру бойынша баяндады. Оның айтуынша, былтыр 10 мың пәтер берілген. Соның ішінде әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтар да бар. Соның есебінен кезекте тұрған азаматтар саны азайды. Бұған 1,5 млн теңге көлемінде берілген тұрғын үй сертификаты септесті.

Алайда мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина кезекте тұрғандарды баспанамен қамту жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Оның мәліметінше, кезекте әлі 47804 адам тұр. Депутат олардың қанша жыл кезекте тұрғандығына талдау жасауды сұрады.

Алда бұл мәселе қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында қаралады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button