Басты ақпарат

Елорданың азық-түлік белдеуі

Қазақстан Президентінің Көкшетау қаласына жұмыс сапары Ақмола облысын дамыту жөнінде кеңес өткізумен басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегін атап өтіп, көреген көшбасшылығының арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда, сондай-ақ халықаралық аренадағы өз орнын нығайтуда елеулі табыс­тарға қол жеткізгенін атап өтті.

– Үкіметтің, Парламент депутаттарының, облыс әкімдерінің міндеті – Елбасының ұзақ мерзімді Стратегиясын, Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны іске асыруға барлық күш-жігерін жұмсау, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа Мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаны сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударып, алдыңғы бағдарламаларда кеткен кемшіліктерді ескеру керектігін тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарларды іске асыру үшін жалаң есеп емес, салмақты талдау, тиімді іс-әрекеттер қажет деп санайды.
– Мемлекет басшысы ретінде, халықтың маңызды талап-тілектерін қанағаттандыруға арналған тиімді жұмыс күтемін, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Ақмола облысының дамуы туралы айта келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы, индус­триялық-инновациялық саясат, машина жасау, түрлі-түсті металлургия, құрылыс және құс шаруа­шылығы салаларында оң өзгерістер бар екеніне тоқталды.
Президент еңбек өнімділігін арттыру, оның ішінде, ауыл шаруашылығы – өңір экономикасын өркендетудің басты факторы екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне аграрлық өңір­лердің әкімдіктерімен бірлесіп, агро­өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін ұлғайту үшін жетекші отан­дық әзірлемелер енгізе отырып, нақ­ты шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы егістік алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жерді қайтарып алу жөніндегі тапсырмасына тоқталды.
– Менің тапсырмам өте баяу орын­далып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейі созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейді, – деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы туризм саласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне тоқталды. Ол бизнес жүргізуге жасалатын жеңілдік бойынша облыс­тың артта қалғанына, жұмыспен қамтылғандар мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өнім өндірісі төмен екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «қарапайым заттар экономикасы» жобаларына кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыру керек деп есептейді.
– Мысалы, бұл бағытта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларының мүмкіндіктері мол. Шағын және орта бизнестің әлеуетін елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Өңірдің табиғи демалыс орындары мен мәдени мұра нысандары жайында айтқан Президент туристік әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт ­Тоқаев туризм саласы аймақтың жалпы өнімінің 0,5 пайызын ғана құрап отыр­ғанын баса айтып, туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 2025 жылы елімізде аталған көрсеткішті 8 пайызға жеткізу тапсырылғанын атап өтті.
– Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, 2020-2021 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарында газ тарату желісін салуды тапсырамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев инфра­құрылымды дамыту жөніндегі міндеттерге тоқталып, Үкіметке халық­аралық қаржы институттарынан несие тарта отырып, Ақмола облысында ЖЭО салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы облыстың агломерациялық аймағының инфра­құрылымына қатысты мәселелерді тездетіп шешу жайында айтып, Қосшы ауылын мысалға келтірді.
– Қосшы ауылындағы халықтың санына қатысты үш түрлі дерек бар: нақты есеп бойынша 52,5 мың халық тұрады; үй шаруашылығының тіркеу дәптеріндегі тұрғындар саны – 34 мың; көші-қон қызметі ресми түрде 16,5 мың адамды тіркеген. Бұл – қай тұрғыдан алсаңыз да, қауіпті жағдай. Жақында халық санағы болады. Тұрғындардың саны мен олардың өмір сапасы жайында нақты білуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аймақты дамытуда кешенді басқару тәсіліне көшу қажеттігін атап өтіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыру басты мақсат екенін жеткізді.
– Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің ­арасындағы жұмыстардың өзара ­үйлесімділігін жандандыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button