Жаңалықтар

Газ тарту қарқынды жүргізілуде

Елорда әкімі Алтай Көлгінов ҚР Парламенті депутаттарын газ тарату желілері құрылысының барысымен таныстырды. Бас қалаға газ тарту 3 кезеңмен жүргізіледі. Қазір құбырларды төсеу және газ реттегіш нүктелерді әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Жылдың соңына дейін №1, 2, 3 жылу-электр орталықтарына, «Көктал-1», «Көктал-2», Агроқалашық елді мекендеріне газ тарту құбырларының құрылысын аяқтау жоспарланған.«Газ құбыры Тұңғыш ­Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы­мен салынуда. Елорданы дамыту мәселелеріне арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру үдерісін бақылау­ға алуды тапсырды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Теміржолшылар, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы басталды. Бұл елді мекендердегі үйлерді келесі жылу беру маусымы басталғанша газға қосуды жоспарлап отырмыз» деді Алтай Сейдірұлы.
Жобаны әзірлеушілер ха­барлағандай, газ тарату же­лілері көше желісі арқылы өтеді. Жекеменшік сектордың тұрғындары үйдің қоршауына дейін тартылған газ құбырынан үйіне тартады. Әкімдік тұрғындарға тегін газ есептегіш құралдарды қарастыруда. Екінші кезеңде – Мичурин, Интернациональный, Күйгенжар (1-2), Тельман (3), Пригородный, Garden Village, Family Village елді мекендеріне, үшінші кезеңде – Ильинка (1-2), Шұбар (3), Өндіріс (4) елді мекендері газдандырылады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі: 2020-2023 жж. Газ тарту қаладағы зиянды қалдықтардың 6 есеге, қатты тұрмыстық қалдықтардың 40 мың тоннаға дейін азаюына мүмкіндік береді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button