Басты ақпаратБілім

Елорданың ерекше үздіктері

Тәуелсіздік сарайында биылғы үздік түлектердің құрметіне «Елорда мақтанышы» атты салтанатты шара өтті. Оған қатысқан Астана әкімі Әсет Исекешев «Алтын белгі» төсбелгісін тапсырды.

– Елорда мақтаныштарымен кездесіп тұрғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл тамаша мереке естеріңізде мәңгі қалатынына сенімдімін. Сіздер сүйікті Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы кезінде мектепті сәтті аяқтап отырсыздар. Мұның барлығына ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың қажымас қайраты мен шексіз махаббатының арқасында, адал еңбектеріңізбен жетіп отырсыздар. Алда да дәл осылай өз мүмкіндіктеріңізге сенімді елжанды азамат болыңыздар, – деді Ә.Исекешев.
Биыл елорда бойынша 6229 түлек ересек өмірге жолдама алды. Олардың 301-і «Алтын белгі» иегері атанып, 373-і үздік аттестатқа ие болды. 2017-2018 оқу жылында елордалық оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда және ғылыми жобалар бойынша 281 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 121 алтын, 66 күміс және 94 қола алды. Астаналық оқушылар ел бойынша 12 жыл қатарынан «Үздік команда» болып келеді. Осыны атап өткен қала басшысы түлектердің қадамдарына сәттілік тіледі.

Білімге қатысы бар мемлекеттік бағдарламалар түлектерге Қазақстандағы және шетелдегі кез келген жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретінін айтқан Астана әкімі қала басшылығы тарапынан осы жылы сәйкес бағдарлама әзірленгенін жеткізді. Әкімдік тарапынан web-дизайн, құ­рылысты жобалағанда ақ­параттық технологияларды қол­дану, IT-мамандары, 3D-баспаны жобалау, инженер-электроншы сияқты көптеген мамандықтарға 1000 грант бөлініп отырғанын айтып өтті.


Осы жылы мектеп қабыр­ғасынан түлеп ұшқан бірқатар дарынды түлектердің есімдерін атады. Соның ішінде дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің оқушысы Нұрәли Сарбақышты әлемнің жеті университеті оқуға шақырды. Әлихан Құдайберген мен Ерарслан Шаяхметов математикадан өткен барлық олимпиадаларда топ жарды. Кемел Нұрдәулет физикадан өткен күллі халықаралық олимпиадалардан алтын медаль иеленді. №60 мектеп-лицей түлегі Вандейкастель Синтия Сулуу француз тілі пәнінен өткен республикалық олимпиадаларда бірнеше мәрте алтын медальді қанжығасына байлады.


«Алтын белгі» иегерлерінің атынан №56 мектеп-лицей түлегі Аяулым Екпінова мен дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатын бітірген Арсений Колесниченко сөз алды.
«Біз үлкен қуаныш үстінде, толғаныстың құшағында тұрмыз. Ата-аналарымыздың үмітін, ұстаздарымыздың сенімін ақтап, білімімізді дәлелдедік. Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Алтын белгі» иегері атану – мен үшін үлкен бақыт. Біз әрқашанда елорданың мақтанышы боламыз» деді Аяулым.
Биылғы түлектер Астана мерейтойына «Елорда мақ­танышы» аталатын аллея­ны сыйға тартты. Осыны айт­қан Арсений елорданың көркеюі мен дамуына барлық күштерін салатындарын жеткізді. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button