Басты ақпаратРухани жаңғыру

Көненің көзі, жаңаның жәдігері

Бүгінгі Нұр-Сұлтан, кешегі Ақмола ресми түрде қала мәртебесін осыдан бір жарым ғасырдан астам бұрын иеленді. Сол уақыттан бері шаһарда небір ғимараттар бой көтерді. Қаланың тарихынан сыр шертіп, астана атанған кезеңнен бері салынған әсем құрылыстармен астасқан бұл нысандар кеше мен бүгіннің арасын жалғап тұр. Елорданың Мәдениет және спорт басқармасының мәліметінше, елордада 46 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Олардың 34-і сәулет және қала құрылысы ескерткіштері, 12-сі сәулет ескерткіші. Соның ішінде 20 ескерткіш қаланың киелі нысандар картасына енгізілген.

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қойылым цехының ғимараты (бұрынғы мұсылман мектебі)

 Отырар көшесі, 1/2 және 1/3

Қала орталығында, Абай мен Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан. ХХ ғасырдың басында Ақмоланың ең алғашқы мұсылман мектебі болып ашылып, мұнда 1907 жылдан медресе жанынан қырғыз-татар бастауыш мектебі өз жұмыс бастаған. Онда 27 оқушы дәріс алған. Кейіннен мектеп 7 жылдық білім жүйесіне ауысты. Қыздар мен ұлдар бөлек оқыды. 1912-1916 жылдары бұл мектепте С.Сейфуллин дәріс берген. Бүгіндері бұл ғимарат республикалық маңызы бар ескерткіштердің қатарына жатады.

«Қараөткел» мұсылмандар зираты

Жастар шағын ауданында орын тепкен бұл зираттың тарихы 1609-1962 жылдарды қамтиды. Кейбір мәліметтер бойынша, мұнда 10 мыңға жуық адамның сүйегі жатыр. 100-ден астам құлпытаста араб жазуы кездеседі. Аңыз бойынша бұл зиратта Бөгенбай, Қабанбай батырлардың, Амангелді Имановтың жауынгерлері, көпес Баймұхамбет Қосшығұлов жерленген. Кейінгі жылдары зираттан Кенесары сарбаздары мен Балуан Шолақтың ғашығы Ғалия Тілеуқызының бейіттері табылды.

Баймұхамбет Қосшығұлұлы мектебі

Абай даңғылы, 24

Ақмола қаласындағы кондитерлік фабрика қожайыны болған, 1-ші гильдия көпесі Баймұхамбет Қосшығұлұлы ХХ ғасырдың басында өз қаражатына мешіт пен мұсылман жастарына арналған осы мектепті салдырған. Мектеп ғимараты бастапқыда бір қабаттан тұрды. 1986 жылы ғимараттың тарихи-мәдени құндылығы ескерілместен, екінші қабат тұрғызылып, ғимараттың кейпі өзгертілді.

«Жасыл мешіт» қоршауы (1895 ж.)

Абай даңғылы мен Республика даңғылының қиылысында орын тепкен. ХІХ ғасырдың аяғындағы Ақмоладағы саудагер, ірі қара мал сатумен айналысқан 2-ші гильдия көпесі Нұрмұхаммед Забировтың қаражатына салынған. ХХ ғасырдың 50-ші жылдары бұл жерде үшқабатты тұрғын үй тұрғызылып, мешіттің қоршауы ғана сақталып қалды. Жасыл түске боялғаннан кейін халық оны «жасыл» деп атап кеткен.

Константин-Елена шіркеуі.

Республика даңғылы, 12 Б

Ғимарат 1854-1856 жылдары салынды. Ішкі жұмыстары толығымен 1858 жылы аяқталды. 1938 жылы жабылып, 1940 жылы ғимарат тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды. 1941-1942 жылдары шіркеу ғимаратына Ақмолада ұйымдастырылған 29-шы атқыштар дивизиясының байланыс батальоны орналастырылған. 1942 жылы мінәжат орнына қайта айналды.

Көпес П.Силиннің үйі

Кенесары көшесі, 35

Қаланың тарихи орталығында тұрған ғимарат 1918 жылы Ақмола қызыл әскерінің екінші ротасына берілді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мұнда Президент іс басқармасының медициналық орталығы, ал 1997-1998 жылдары Астананы көшіру жөніндегі комиссия отырды. 2005 жылдан Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігі отыр.

Дәрігер Ф. Благовещенскийдің үйі

М. Әуезов көшесі, 20

Кезінде бұл үйде 40 жылға жуық аймаққа белгілі дәрігер Федор Благовещенский тұрып, науқастарды қабылдады. Кейіннен ғимарат облыстық орталық бухгалтерлік мектепке берілді. Қазіргі таңда мұнда С. Сейфуллин музейінің әкімшілігі отыр.

Көпес Федотовтың үйі

М. Әуезов көшесі, 20 А

Ғимарат 1846 жылы салынды. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары осында газет редакцияларының бірі орналасып, басылымға С. Сейфуллин мақала беріп тұрды. Қазіргі кезде – С. Сейфуллин музейі

Қалалық басқарманың ғимараты (ХІХ ғасырдың аяғы)

Желтоқсан көшесі, 13

ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Ақмоланың саяси, қоғамдық және шаруашылық өмірінде елеулі рөл атқарған ғимарат. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мұнда 59-шы атқыштар дивизиясының штабы отырды. Одан кейін әртүрлі мекемелер, соның ішінде облыстық кітапхана орналасты. 2003 жылы жөнделіп, бастапқы қалпы негізінен сақталды. Қазір мұнда М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әкімшілігі отыр, театрдың кассасы да орналасқан.

Гимназия (ХІХ ғасырдың аяғы)

Желтоқсан көшесі, 13

Бастапқыда гимназия болып ашылған ғимаратты 1899 жылы Ақмоланың қалалық басқармасы мен меценат көпес С. Кубрин 100 сом шығарып, театрға сатып алды. Сол жылы алғашқы труппа жұмысын бастады. 1913 жылы мұнда Г.Әубәкіровтің татар труппасы орналасты. 1918 жылы осы жерде С. Сейфуллин қазақ жастарын жұмылдырып, «Бақыт жолында» спектаклін қойды. Соғыстың алғашқы жылы театр таратылды. 1942 жылы Ворошиловтың орыс драма театры келіп, жергілікті труппа оның құрамына қосылды. Бір жылдан кейін облыстық музыкалық драма театры атанып, қазақ және орыс бөлімдері ашылды. 1955 жылы Ақмола облыстық драма театры болып, 1959 жылы оған М. Горькийдің аты берілді. Қазіргі таңда осы атпен жұмыс істеп, ғимаратта спектакльдерді қоюда.

Көпес Василий Кубриннің үйі

Кенесары көшесі, 41

Ірі көпес Василий Кубрин тұрған үйде әр жылдары жұмысшы-шаруалар клубы және кітапхана, уездік атқару комитеті, революциялық «үштік» штабы, алғашқы «Советтер үйі», қалалық, уездік және аудандық ОГПУ, НКВД және милиция, қалалық білім бөлімі, Пионерлер үйі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан. Бүгіндері ғимаратты қайтадан өлкетану музейіне айналдыру жоспарлануда.

«Кубрин және ұлдары» көпестер серіктестігінің сауда үйі (1905-1907 жж.)

Кенесары көшесі, 37

Ғимаратта ХХ ғасырдың басында сауда жүргізілді. Төңкерістен кейін мұнда орталық қалалық кітапхана, орталық баспа, уездік экономикалық бөлім орналасты. 1944 жылы ғимарат өртеніп, 1950 жылы қалпына келтірілді. Жартығасырға жуық кулинария мен «Радуга» атты азық-түлік дүкені болған нысан қазір «Астана» сауда орталығы атымен жұмыс істеп тұр.

Көпес Кубриннің ауруханасы

Ә. Жангелдин көшесі, 40

1880 жылы көпес Степан Кубрин Мәскеуде медициналық білім алған жиеніне арнап салдырған. Аурухана 16 жатын орынға арналып, мұнда тек ауқатты азаматтар емделетін. Кеңес жылдары осында онкологиялық  диспансер орналасты. Кейіннен «Республикалық космостық байланыс және радиоэлектрондық құрылғылардың электромагниттік сәйкестігінің орталығы» АҚ кірді.

Көпес Моисеевтің үйі

Ә. Мәмбетов көшесі, 28

1914-1918 жылдары салынды. Азаматтық соғыс жылдары бұл жерде революциялық әскери кеңес орналасқан. 2007 жылы жүргізілген күрделі жөндеу барысында шатыр астынан тапанша табылды. Тарихшылар бұл қару көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиндікі деп топшылаған. 1975 жылдан сәулеттік ескерткіш медициналық нысан. Бастапқыда бұл корпуста облыстық партиялық және мемлекеттік қызметкерлерге қызмет көрсететін емхана мен аурухана орналасқан. Қазіргі кезде Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне арналған республикалық орталық клиникалық госпиталь.

Көпес Егоровтың үйі

М. Әуезов көшесі, 5 А

ХІХ ғасырдың соңында салынған ғимарат. Ескерткіш-үй XIX ғасыр соңындағы тұрғын үй архитектурасының үлгісін көрсетеді. Бірнеше рет (1999 және 2003 жылдары) қайта салынып, алғашқы қалпы өзгертілген. Қазіргі кезде ғимаратта қаланың әскери комиссариаты орналасқан.

Теміржолшылар сарайы

І. Есенберлин көшесі, 10

1956 жылдың желтоқсанында теміржолшылар сарайы болып ашылған ғимаратта қала Астана атанған соң К. Байсейітова атындағы опера және балет театры отырды. Кейін «Жастар» театрына берілді.

«Астана» концерт залы

Кенесары көшесі, 32

Құрылысы 1961-1963 жылдары жүрді. 1999 жылға дейінгі атауы – Тың игерушілер сарайы. Кейіннен Конгресс-холл аталды. Қазіргі атауы – «Астана» концерт залы.

«Астана-Бәйтерек» монументі

Нұржол бульвары, 14

Қазақстанның Түңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, астананың Алатаудан Арқаға ауысуының символы ретінде жаңа ғасыр басында бой көтерді. Темір құрылымының биіктігі 105 метр, салмағы мың тоннадан асады. Ұшар басындағы шеңбердің диаметрі 22 метр, салмағы 300 тонна.

«Қазақ елі» тарихи-мемориалдық кешені

Тәуелсіздік даңғылы мен Ахмет Байтұрсынұлы көшесінің қиылысында 2009 жылы ашылды. Ақ мәр­мәрдан құйылған монумент­тің биіктігі – 91 метр. Бұл сан Қазақстан тәуелсіздігін алған жыл­дың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояу­мен әрленген алып Сам­ұрық құс Қазақ­стан­ның тынышты­ғын «күзетіп» тұр. Ескерткіште «Халық және Президент», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» атты барельефтер бейнеленген.

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасы

Мәңгілік ел даңғылында бой көтерген ескерткіш ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай салынып, 2011 жылдың 16 желтоқсанында ашылды. Қақпаның биіктігі – 21,5 метр, ені – 13 метр. Сол жағына қазақ ұлтының санасында ертеден қалыптасқан даналықтың, данышпандықтың, ғұламалықтың нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы – ақсақалдың мүсіні орын тепті. Отбасының ұйытқысы – Әйел-Ананың мүсіні «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ана тілі» сияқты ұлттық құндылықтарды белгілейді. Жалпы ескерткіштің әр элементі тарихи мәнмен салынды.

Метеостанция

Жамбыл көшесі, 11

Ақмолада алғашқы метеорологиялық станса К. Лазаревтің жеке қаражатына 1870 жылғы 1 қарашада ашылды. Қаланың метеорологиялық қызмет тарихы содан басталады. Қазіргі ғимарат 1916 жылы салынды. Нысан мемлекет қорғауында.

«Сине Темпоре» сауда орталығы

Бейбітшілік көшесі, 9

Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың дерегінше, ХІХ ғасырдың екінші жартысында сауда орталығының орнында қонақ үй, сауда орны және қойманың қызметін атқарған Керуен сарай болды. 1890 жылы әбден тозығы жеткен Керуен сарай қазына қаржысына қайта жөнделіп, орысша «Гостиный двор» атала бастады. Оның жөнделуіне қаладағы сол кездегі ірі саудагерлер Қосшығұловтар әулеті мұрындық болды. Онда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда лавкалары ашылып, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен. Кеңес заманында ғимарат ЦУМ аталып, кейіннен қазіргі атауын иеленді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button