Басты ақпарат

Басты міндет – халық сеніміне ие болу

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесті. Қос тарап сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мен болдырмау және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірлескен жұмыстың жаңа форматын талқылады.

Кездесу барысында қала басшысы барлық құрылымдық бөлімшелер өз жұмысында басымдықты халықтың сеніміне ие болуға беріп, олардың қызметін тұрғындар бағалау керектігін атап өтті. Сонымен қатар, ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ісінде барлық мемлекеттік органдардың бірлігі мен өзара іс-қимылы маңызды рөл атқаратынын айтты.
«Азаматтардың сенімі өте маңызды. Уақыт өзгереді, механизмдер де ескіреді. Біздің жұмысымызда нәтиже керек. Соған жету жолында әрбір азамат істі өзінен бастауы керек» деді әкім.
Өз кезегінде Алик Шпек­баев бүгінде агенттіктің жұмысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болу себептері мен жағдайларын, әкімшілік кедергілерді, бюрократиялық рәсімдерді жоюға бағытталғанын атап өтті. Бұл бағытта «Адалдық алаңы» жобасының маңызы зор.
– Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлық көріністерінің төмендеуі байқалады. Себебі істің салдарымен емес, алғашқы пайда болу себептерін жоюға баса назар аударылуда. Әрі қарай да істің алғашқы себептеріне баса мән берілетін болады. Сондықтан сіздер де өз тараптарыңыздан осы бағытта қолдау көрсетулеріңіз керек, – деді төраға.
Кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің жаңа басшысы таныстырылды. Бұл қызметке Нұрлан Қыдырбаев тағайындалды. Ал оның бірінші орынбасары Ақбілек Мядыева болды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button