Басты ақпарат

Елшіліктердің қайтарымы қандай?

2005 жылдан бастап елімізге 250 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Соның ішінде 12 жылда солтүстіктегі көршіміз – Ресей Федерациясынан тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 11,7 млрд АҚШ долларын құраған. Шетелдік инвестиция, негізінен, Нидерланды (7,7 млрд доллар), АҚШ (3,4 млрд доллар), Швейцария (2,6 млрд доллар), Франция (1,1 млрд доллар), Қытай (960,9 млн доллар) және т.б. елдерден тартылды. Демек, ұлттық экономикамызға шетелден қаражат құйылып жатыр. Алайда бұл кімнің жұмысының нәтижесі? Елдестіретін елшілердің бұл іске қосқан үлесі қандай? Жалпы, шетелдердегі елшілеріміз қанша инвестор тартты? Олардың жұмысына қандай да бір рейтинг жасала ма? Осындай сауалдарға жауап іздеп, өзімізше талдау жасадық.

Елшілер сондане істеп жүр?

Қазір шетелдерде Қазақстанның 94 дипломатиялық өкілдіктері бар. Соның ішінде 59-ы – елшіліктер. Оларда кем дегенде 10-12 адам жұмыс істейді. Ал сол 59 елші немен айналысады? Әрине, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты алпауыт елдердегі елшілердің жұмысы қауырт. Алайда шағын мемлекеттердегі елшілеріміз не істеп жүр? Шынын айтсақ, оны көпшілік білмейді. Содан шығар дипломаттарымыздың жиі-жиі шу шығарып жүретіні. Біз бұл туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазғанбыз (қараңыз: «Дипломаттарымыз неге жанжалға іліге береді?», 30 қазан, 2018 жыл).
Елшілер, ең алдымен, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, барыс-келісті ширатуға жұмыс істейді. Сондай-ақ олар халқымыздың мәдениеті, өнері, салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрыптарын шетелдіктерге насихаттауға міндетті. Турасын айтсақ, біздің көптеген дипломаттарымыз полиглот болғанымен, өз ана тілін білмейді. Бұл мәселені қазақ тілді БАҚ-тар бұрын да көтерген. Кезінде Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ерлан Ыдырысовқа сын да айтылған. Бірақ одан қандай да бір нәтиже шыққан жоқ. Бұл – басқа әңгіменің өзегі. Қош делік.

Елбасысынынан қорытынды шықты ма?

Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде біздің елшілер мен дипломаттарға қатысты көп сын айтылып жүр. Сәл шегініс жасасақ, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетелден инвестиция тартудың орнына бос сенделіп жүретін кейбір дипломаттарды қатаң сынға алғаны есімізде. «Елшілеріміз не істеп жүргендерін өздері де білмейді. Өзінің жұмысын жетік білмейтін адам экономиканы қайдан білсін?! Сондықтан олардың жұмысының бағытын өзгертуіміз керек. Шыны керек, біздің елшілердің сапасы сын көтермейді. «Жайылып» кеткен елшіліктер көп. Біз Қазақстанның мүддесі бар жерде ғана өз өкілдерімізді ұстауымыз керек» деп батырып айтты Елбасы.
Сол оқиғадан бір жыл өткеннен кейін Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелерге елге инвестиция тарту міндеті қойылды. Алайда ол міндеттің қаншалықты сапалы орындалғанын ешкім білмейді. Себебі ашық ақпарат жоқ. Ақордада өткен алқалы жиындардың бірінде Елбасы Қазақстанға шетелден инвестиция тартуды жандандыру керектігін тағы ескертті. «Шетелдерге барғанымызда ірі-ірі кәсіпкерлермен кездесеміз. Олар елге қызығушылық танытады. Тіпті қандай нысандармен жұмыс істеу туралы да ұсыныстарын жеткізеді. Бұл – керемет мүмкіндіктер. Әлемде қаражат көп, тек оны тауып, елге әкелуді үйренуіміз керек. Үкіметтің, құзыретті мамандардың негізгі жұмысы осы болуы тиіс» деп қадап айтты Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда «Елшілердің инвестиция тартуға қандай үлесі бар?» деген сауалға жауап алмақ болып құзырлы министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияровқа бірнеше мәрте телефон шалдық. Бірақ ол телефон тұтқасын көтермеді. Министрліктің ресми сайтынан да мардымды ақпарат ала алмадық. Яғни қай елшінің қанша инвестиция тартқаны да беймәлім.
Қазір прагматизм заманы. Олай болса біздің елшілер мен дипломаттарға жүктеліп отырған міндет өте орынды. Өйткені 94 елшілік пен дипломатиялық өкілдіктер дегеніміз – үлкен әскермен тең күш. Бірақ барлық елшілердің мұндай іске қабілеті бар ма? Мәселе сонда. Қазір әлемдік тәжірибеге жүгінсек, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Түркия сияқ­ты елдердің өзі шетелден инвестиция тартуға күллі күш-қуатын жұмылдырып отыр. Көптеген елдерде Сыртқы істер министрлігі мен инвестиция тарту жөніндегі мамандандырылған агенттіктер бірлесіп жұмыс істейді. Шетелдік елшілер көбінесе аталған агенттіктің қызметін атқарып, өз еліне қаражат тартуға жанын салып еңбек етеді. Олар қандай да бір елге елші болып барардан бұрын жергілікті үлкен-кіші компаниялардың инвестициялық әлеуетін, шетел нарықтарына шығу мүмкіндіктерін терең зерттейді.
Ал бізде осындай агенттіктер бар ма? Әрине, бар. Ол – «Kaznex Invest» экспорт және инвестиция­лар бойынша ұлттық агенттігі. Бірақ оның жұмысы да көңіл көн­шітпейді. Себебі Қазақстанға келетін шетелдік инвестициялардың барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әртүрлі елдер басшыларымен жеке кездесулерінен кейін жүзеге асырылады.

«Дипломатиялық қызметке кім көрінген барып жүр»

Белгілі заңгер Марат Башимов шетелдердегі елшіліктерде қы­руар адам ұстаудың қажет еместігін айтады. «Елшілер мен елшілік қызметкерлерінің санын қысқарту керектігін Президент дұрыс айтты. Жұмыс істемей бос отыратын елшілік қызметкерлерінің керегі не? Бюджет шығындарын азайтамыз десек, қажетсіз дипломатиялық миссияларымызды қысқартқан абзал» дейді ол. Сарапшының па­йымдауынша, кәсіби емес мамандардың жинақталу мәселесі жылдар бойы елеусіз қалып келді. «Өз басым дипломатиялық қызметке кім көрінгеннің барып жүргеніне таңғаламын. Мысалы, СІМ-де департамент басшысы болып жүрген тәжірибелі жігіттер шетелдік дипмиссияның жетекшілігіне бара алмайды. Ол жақта ешкім танымайтын адамдар қызмет етеді. Ашықтықтың, әділдіктің жоқтығынан елшіліктер тиімді жұмыс істемейді. Дипломаттарды шетелге жай отыруға, уақыт өткізуге жіберген жоқпыз ғой» деп түсіндіреді мәселені М.Башимов.
Ол әлем өзгерген сайын әр мем­лекет дипломаттарына қатаң талаптар қою қажет деп санайды. «Біздің дипломаттарымыз Ресей, Украина елшіліктеріндегі әріптес­терінен үлгі алуы тиіс. Украинаның кішкентай ғана елшілігінің қызметкерлері қыруар іс тындырғанын көріп жүрміз. Елшіліктерге кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтарды тарту керек» дейді сарапшы.

Шетелдерден не үйрену керек?

Шындығына келсек, біздің дипломаттар шетелдік инвесторларды табу мен елге әкелудің нақты әдістемесін білмейді. Бәлкім, кейбіреулері оған басын қатырмайтын да шығар. Бұл салаға қатаң бақылау қажет. Өткен жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев шетелдерде жайбарақат жүрген өзбек елшілерін қатты сынады. Ол жұмыс істегісі келмейтін дипломаттарды елге қайтарып, елшіліктердің барлығын жауып тастаймын деп қорқытты. Әрине, мұндай мәлімдеменің жұмыс істемейтін дипломаттарды төбесінен жай түскендей қылғаны рас. Өзбекстан президенті әр елшіге апта сайын кем дегенде 10 туристі өзбек еліне жіберуді міндеттеді. Бұл міндеттің қалай орындалатынын Сыртқы істер министріне тапсырды. Мұндай тап­сырмадан кейін өзбек дипломаттарының «ұйқысынан оянғаны» айдан анық нәрсе.
Біз шетелдердің тәжірибесін үлгі етуге құмармыз ғой. Мәселен, Украинада «Шетелдердегі украин елшілерінің ондығы» деген рейтинг бар. Әр жылдың соңында осы рейтинг арқылы елшілердің жұмысына әділ баға беріледі. Мұндай рейтинг украиндық және шетелдік сарапшы-мамандарға сұрау салу нәтижесінде жасалады. Украин­дардан үйренетін үрдістің бірі – ел­шілердің еңбекақысын ашық жа­риялау. Сыртқы істер министрлігі украин дипломаттарының жалақысы туралы ресми ақпаратты БАҚ-тардан жасырмайды. Өткен жылы «112.ua» сайтында журналист Юрий Годованның «Украина өз елшілеріне қандай жалақы төлейді?» деген үлкен зерттеу мақаласы жарық көрді. Әріптесіміз бұл мақалада мемлекет өз дипломаттарына тұратын ел азаматтарының табысынан көп төмен еңбекақы төлейтінін мәселе етіп көтеріпті. Украинаның Сыртқы істер министрі Павел Климкиннің жалақысы 54 мың 928,19 гр-ны құрайды. Ал шетелдердегі украин елшілері мен дипломаттары 14-17 мың гр көлемінде жалақы алатын көрінеді. Мұндай ашық, жария саясат бізге де керек.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button