Sport

«Қайрат» – Қазақстан кубогының иегері

Қазақстан кубогына барлық команданың ішінен іріктеліп шыққан «Атырау» мен «Қайрат» таласты.

«Астана Арена» стадионында өткен финалды 4500 көрермен тамашалады. Кездесудің фавориті саналған Алматының «Қайраты» алдын ала уәде еткендей, алаңға түгел қазақстандық ойыншыларды шығарды. Сондықтан көпшілік екі команданың шамалары деңгейлес деуге болады деп баға берді.
Алғашқы минуттарда ойын қарқыны бәсеңдеу болды. Екі команда бір-бірінің аңысын аңдып біраз жүрді. Бірақ Франтишек Кубик өз айып алаңында абайсыз ойнап, допқа қолын тигізіп алды. Сөйтіп «Атырау» қақпасына пенальти белгіленді. Алайда он бір метрлік нүктеден Бауыржан Исламхан мүлт кетті. Қақпашы Владимир Логиновский доптың бағытындағы бұрышқа дәл жантая қалды. Бір қауіптің бетін қайтарған атыраулықтардың қамалын «Қайрат» араға он минут уақыт салып, бәрібір бұзып кетті. Көзге түскен – Александр Соколенко.
Екінші таймда екі жақ та алға ұмтылып, шабуылға дем бергенімен есеп өзгеріссіз қалды. «Атырау» қысым көрсетіп, белсенділік танытып, тырысып-ақ баққанымен, таразы басын теңестіріп үлгермеді.
Сөйтіп «Қайрат» тоғызыншы рет Қазақстан Кубогының иегері атанды.
Осыдан бір күннен кейін «Қайрат» жаңа бас бапкерін таныстыр­ды. Енді алматылық команданы беларусь маманы Алексей Шпилевский жаттықтырады. Ол бапкерлік қызметін немістің «Штутгарт» командасының академиясында бастады. 2013-2018 жылдар аралығында «РБ Лейпциг» академиясында бапкерлік қызмет атқарды. Соңғы рет Брест қаласының «Динамо» клубының тізгінін ұстады.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button