Ел тынысы

Ерлігі мәңгілік есте

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері, Ішкі істер министрлігінің құрметті зейнеткері Ашубасар Жанахметов көзі тірісінде 100 жасқа толар еді. Майдангердің өшпес ерлігі, қайсарлығы мен батырлығы есімізде мәңгілік сақталады.

Ақмола облысы Қор­ғалжын ауданы Қоржынкөл ауылында 1924 жылдың 1 сәуірінде дүниеге келген ардагер өмірлік жолында тағдырдың қилы соқпақтарына қарсы тұрған жан еді. Әкесі Жанахмет жұттың нәубетінен қайтыс болып, үйдегі Злиха ана балалармен жалғыз қалады. Арада бір-екі жыл өтіп, елде 3 миллионға жуық халық қырылып, артынша Злиха ана екі қызымен бірге көз жұмады. Ал Орын есімді бір қызы із-түссіз жоғалып кетеді. Жападан-жалғыз қалған Ашубасарды ме­йірімді жандардың бірі Қорғалжындағы балалар үйіне апарады. Кейін 1936 жылы жақындары өз панасына алып, екі жылдан соң 14 жасар жеткіншек Степняк қаласына аттанады, сол жерде білім алады. Орталықтағы Қарсақпай кентінде жұмысқа орналасып, 1942 жылы Қызыл армияның әскері қатарына шақырылады. 1946 жылға дейін Мәскеу мен Ленинград қалаларын күзету бо­йынша КСРО ішкі әскерлерінің бірінші арнайы батальоны қатарында қызмет етеді. Ардагер соғыстағы ерлігі үшін бірқатар марапатқа ие болған. 1947 жылы Ақмола қаласы Ішкі істер басқармасының сапында инспектор, аға инспектор, іздестіру бөлімі бас­тығының орынбасары болып, артынша зейнет демалысына шығады.

Қоғам мен отбасының игілігі үшін қажымас еңбектің ерен үлгісін, сондай-ақ даналық пен әділдіктің бейнесін көрсете білген Ашубасар Жан­ахметовті жақындары, жора-жолдастары мақ­танышпен еске алады. Бүгінде артынан ерген 8 баласы, 11 немересі, 2 шөбересі мен 2 шөпшегі үшін ардақты әке, болмысы қатал болғанмен, мінезі жұмсақ ата, өмір жолы өнегеге толы азамат ретіндегі бейнесі биікте қала бермек.

 Салтанат ЖАНАХМЕТОВА,

қызы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button