Ертегі әлеміне саяхат
«Нұр отан» партиясының қолдауымен «Алматы Бизнес Консалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Думан» ойын-сауық орталығында «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырды.
Бұл шара барысында балалар ертегі еліне саяхаттап, сүйікті мульфильмдерінің кейіпкерлерімен кездесті. Балдырғандардың көңілін көтеріп, қызыққа кенелту үшін 30 аниматор арнайы шақырылыпты. Бүлдіршіндер жақсы көретін сайқымазақтар да осында. Кішкентай көрермендер «Күлкі елі», «Крякландия», «Сиқырлы орман», «Қуаныш патшалығы» әлеміне сапар шегіп, өздеріне арналған театрландырылған қойылымды тамашалады. Ата-аналарымен бірге асфальтта сурет салып, сиқырлы фйлешмобқа қатысты.
«Нұр Отанның» өкілі Мұхтар Баймағұловтың айтуынша, партияның көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды, мүгедек жандарды қолдауға арналған «Бақытты балалық» және «Кедергісіз келешек» атты екі жобасы бар. Осы жобалардың аясында өткізілген шараға әлеуметтік аз қамтылған топтың балалары тегін шақырылып, бағдарламаның соңында «Думандағы» океанариумды аралады.
Қымбат НҰРҒАЛИ