Білім

Есепке құмарлар клубы

Математиканың ғылымда ғана емес, адам өмірінде алатын орны ерекше. Оны тек қана есептеу деп ойлап, қосу мен алуды білсек жеткілікті, қалғанын ғалымдардың шаруасы деп қарау шолақ ойлау іспетті.

Шындығында, шаңырағымыздан бастап мініп жүрген көлік, электр шәйнегі мен қолымыздағы сенімді серігімізге айналған телефонның барлық әрекеті математикалық дәлдік пен есептеулердің нәтижесі екенін айтсақ та жеткілікті. Сондықтан математика пәнін тереңдетіп оқытудың пайдасы зор. Осы мақсатта Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы бастауыш сынып және математика пәні мұғалімдеріне арналған «Математикалық клуб» жобасын бастады. Клуб мұғалімдердің шығармашылық әлеуеті мен педагогикалық шеберлігін дамытып, олимпиада резервін қалыптастыруда мұғалімдерге көмек көрсетеді, оқытушылардың кәсіби дағдысын жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасуына ықпал етуді көздейді.

Математикалық клуб офлайн түрде мемлекеттік тілде жұмыс істейді. Клубқа мүшелікке кіру тегін. Әр мектеп өз ішінен клубқа мүшелікке 2 мұғалімді (бастауыш сынып мұғалі­мінен біреу, математика пәні мұғалімінен біреу) іріктейді. Іріктеу сынындағы талаптардың шекті ұпайынан асқан мұғалім «Математикалық клуб» мүшесіне қабылданады.

Әр мұғалімге Әдістемелік орталық пен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының атынан «Математикалық клуб» мүшесі деген куәлік берілді. Белгілі сынақтан өткеннен кейін математика пәні бойынша 41 педагог, бас­тауыш сынып бойынша 60 педагог клуб мүшелігіне қабылданды.

Клуб жұмысы 2023-2024 оқу жылына арналып, «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің арнайы бағдарламасы негізінде жүргізіледі.

Жобаның тиімділігі сонда, есептердің шешімін таба отырып, баланың ойлау жүйесінің дамуына ықпал етіп, өмірдің кез келген жағдайында дұрыс әрекет етуге тәрбиелейді.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button