Әлеумет

Адал еңбек абыройлы етеді

Қала тазалығына жауапты коммуналдық қызметкерлердің еңбегі ерекше. Олар күндіз де, түнде де, кез келген ауа райында жұмысын тоқтатпайды. Олардың қажырлы әрі жауапты жұмысының арқасында қалада тәртіп пен тазалық сақталады. Коммуналдық қызметкерлер тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істейді.

«Астана тазалық» кәсіпорнында қазіргі күні 1848 адам жұмыс істесе, қысқа қарай олардың саны көбейеді, себебі қар тазалау жұмысы көп адам күшін қажет етеді. Мекеме қызметкерлерінің ішінде Ауған соғысының ардагері және Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 12 азамат еңбек етеді екен. Соның бірі – Бейсембек Нарынов.

Ауған соғысына күтпеген жерден барып, екі жыл майданда болған Бейсембек аға осы тазалыққа жауапты мекемеде жұмыс істейді. Өзі – Астана қаласының тумасы. Қорғалжында өскен. Сол жақтан әскерге кетіп, 1979-1981 жылдары оралған. Ауғанстандағы соғыс кезінде бірнеше қаласына кіріп, әскери қимылдарға қатысты, талай рет ажал аузынан аман қалды.

Бейсембек Нарынов «Астана тазалық» серіктестігіне 2001 жылы келгенде машинист болған. Содан бері бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп келеді, қазіргі күні жастарға көрген-білгенін үйреткен ол – ұжымда сыйлы, құрметті жан, еңбек ардагері.

– Қысы-жазы бұзылып, істен шыққан техникаларды жөндеймін. Ыстықта-салқында темір-терсек арасында жүріп жұмыс істеу, әрине, оңай емес. Бірақ жастайымнан еңбектеніп, қара жұмысқа ерте бейімделгендіктен, қандай шаруа болса да тартынбай жасаймын. Қала тазалығына керекті техника жиі жөндеуді, сынғанын оңдауды қажет етеді. Көмекшім керек темірлерді, қосалқы бөлшектерді әперіп тұрса, жөндеу жұмысына алаңдамай кірісемін. Ескісін жөндеймін немесе қайта құрастырамыз, әйтеуір жұмысы көп, бейнеті жетіп артылатын, бірақ ұжымдастар арасында қадірлі кәсіп қой слесарь деген, оған жастар арасынан келетіндер тым аз. Біз секілді жүрмейді, олар тез ақша табатын кәсіпті меңгергісі келеді. Осы қынжылтады мені, – дейді нағыз еңбек адамы Бейсембек Қарабайұлы.

Көліктерді, техникаларды жөндеу жөніндегі слесарь – бұл техникалық қызмет көрсетіп, бөлшектеуді, жөндеуді, ауыстыруды, дәнекерлеуді, жинауды және реттеуді жүргізетін маман. Слесарьдің міндетіне автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы мен өрттен қорғау ережелерінің сақталуын бақылау, пайдалану материал­дарының шығынын есепке алу кіреді. Ол физикалық төзімділігі мен күші айрықша, ширақ, техникалық интеллект, зейінді, байқампаз, шыдамды, жауапкершілігі жоғары, апат дабылдарына тез жауап беретін кәсіби маман болуы тиіс. Бұл ретте слесарь кәсібінің қыр-сырын меңгеріп, жастарды үйретуден жалықпаған Бейсембек Нарынов секілді еңбек ардагерін атап өту орынды.

Шынында да, қаланың қым-қуыт тіршілігінде елорда тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатқан коммуналдық қызметкерлер еңбегі қандай да бір қолдауға лайық.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button