Ел тынысы

Есіл ауданы ардагерлері Наурыз мерекесін атап өтті

Наурыз мерекесі қарсаңында Есіл ауданының зейнеткерлері «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Өнерлі ардагерлер ұжымы мерекелік концертті Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен ашты.  Концертке «Бином» мектебінің оқушылары мен  волонтер жастар да шақырылды. Өнерлі жастардың ән-күйі көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар Наурыз мерекесінде өнерлі ата-әжелерден құралған «Асыл мұра» ансамблі, «Арқа әуендері» мен «Ел Орда»  халықтық хорлары мен «Ветеран» қалалық ардагерлер хоры, «Қазына» салт-дәстүрді дәріптеу тобы өнер көрсетті. «Арқа әуендері» хоры мерекелік іс-шараға ерекше дайындықпен келген.  Өнерпаз ардагерлер ертегі кейіпкерлері Алдаркөсе, Тазша бала мен Қожанасырды сомдап, жиналғандарға көрініс ұсынды.

Өнерлі зейнеткерлер Ерғали Закарьянов пен Жұмағат Мұқановтың жеке орындауындағы әндер көрермен көңілінен шықты. Мерекелік бағдарламада зиялы ардагерлерден құралған интеллектуалды клубтар да өз өнерлерін ортаға салды.  Мәселен, «Таным» поэзия клубы «Дастархан» әнін орындап, жиналғандарға Наурыз көже ұсынса, ал «Сыр сандық» зияткерлік клубы көремендерге «Наурыз» әнін шырқап, шашу шашты. Есіл ауданы бойынша  әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова өнерлі ата-әжелерге алғысын білдіріп, кештің қызықты өтуіне атсалысқан өнерпаздарды ерекше атап өтті.

«Бүгінгі концертте 7 өнер ұжымы өнер көрсетті. Олар Наурыз мерекесіне дайындықты осындан 10 күн бұрын бастап кеткен. Бүгін міне, қаламыздың белсенді зейнеткерлері салт-дәстүр көрсетіп, би билеп, әннен шашу шашуда. Орталықта зейнеткерлердің бос уақыттарын өткізуге,  мәдени өмірлерін ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Зейнеткерлер жұмыс істейтін әлеуметтік, мәдени мамандар да жеткілікті. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына үнемі келіп, тамаша көңіл күймен жүріңіздер» – деп сөзін түйіндеген Жанар Нүркешқызы қала зейнеткерлерін орталыққа шақырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button