Сұхбат

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСІМДЕР



Табыл Құлияс… Кешегі игі жақсылардың көзін көріп, көп дүниені көңілге түйіп жүретін қаламгер. Сексеннен асса да сергек. Бірде «Ақмола атырабынан талай қаламгерлер шықты. Солар елеусіз қалып, ұмытылып барады» деп күрсінді. Айтып беріңіз, жазайық дедік. Содан өрбіген сырлы сұхбатты оқырмандарға ұсынып отырмыз.

ngghnggh

ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚҰРМЕТ КӨРМЕДІ

– Ал, аға, әңгімеңізді өзіңіз көзіңіз көрген жазушылардан бастасақ?
– Ақмолаға 1988 жылы қоныс аудардым. Содан бері осы қалада тұрамын. Міне, отыз жылға тақап қалды. Осы елдің талай тұғырлы тұлғаларымен араластым. Қараөткел – ертеден тарихы қалың жер. Көптеген әйгілі адамдар ғұмыр кешкен. Тың дәуірін де бастан өткерді. Сол кезде жаппай қазақ мектептері жабылды. Соның ұлт руханиятына залалы көп тиді. Бірақ соған қарамастан осы елде қара сөздің туын жықпаған қаламгерлер өмір сүрді. 1990-2000 жылдары Ақмола облысы бойынша Қазақстан Жазушылар Одағының филиалын басқардым. Ол уақыт белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алып жатқан тұс. Өте ауыр кезең десе де болады. Сол бір қиын шақта белгілі балалар жазушысы Мәдіхат Төрежанов дүниеден озды. Туған жұрты қаламгерді арулап жөнелтті. Ол кісі іргедегі Ақкөл ауданында өмірге келген. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Әсіресе, жеткіншектер тақырыбына жетік болды. Оның «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек», «Кім ақылды?», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты?» секілді прозалық кітаптары жарық көрді. Балалар әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Кейбір шығармалары орыс, белорусь тілдеріне аударылды. Былайғы тіршілікте араласып, әңгімелесіп жүрдік. Сондай кездері: «Менің әкем молда болды. Онысы қызыл үкіметке жақпады. Содан үркіп, жазған шығармаларымды дәріптей алмадым. Жасқаншақ болдым» деп айтатын. Қазір Мәдіхат туралы ешкім айтпайды. Асыл азамат осылай ұмытылып барады.
– Ақын Рысты Шотбаева апамыз да көп айтылмайды?
– Иә, ол кісінің есімі де ескерусіз қалды. 90 эпикалық поэма жазған ақын. Он бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Көп жылдар Степногорск қаласында тұрды. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Көз тірісінде «Ереймен етегінде», «Нұра – бақыт өзені», «Толқынды Нұра», Арайлы таң» деген жұп-жұқа кітаптары жарыққа шықты. Балалар әдебиетіне де қалам тербеді. Шығармашылықпен тынымсыз айналысқан адам. Бірде ақын туған еліне барады. Сол кездегі аудан басшысы: «Біздің жазушылармен кездесетін уақытымыз жоқ» деп қабылдамай қойыпты. Осыны апамыздың өзі жаны күрсініп отырып, маған айтып еді. Қаламгерді қадірлеу де, бағалау да қызық қой. Көп әкімдер сенің атақ-дәрежеңізге қарайды. Атағыңыз болса, аспандатады. Ал қара жаяу болсаңыз, қатардағы көптің бірі санайды. Кеңестік дәуірде ақмолалық жазушылар соншалықты құрмет көрді деп айта алмаймын. Ел тізгінін ұстағандардың дені өзге ұлт өкілдері болды. Олар қазақ әдебиеті мен мәдениетін елегесі келмеді. Ақынның ақырғы «Қарашаш» деген поэмасы облыстық «Арқа ажары» газетінде басылды. Ағыл-тегіл төгілген туынды еді. Өмірінің соңғы жылдарында Ақмолаға көшіп келіп, осында дүние салды. Әлі де баспа бетін көрмеген шығармалары болуы керек. Балалары соған бас-көз болып отырған шығар деп ойлаймын. Алдағы жылы тоқсанға толады. Ең құрығанда мерейтойы қарсаңында бір кітабы жарық көрсе деймін.

ТАЛАЙ АЛЫПТАР ДӘМ ТАТТЫ

– Абай көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үй­дің қабырғасындағы мемориал­дық тақтадан «Бұл үйде жазушы Мәди Хасенов тұрған» деген жазуды оқып едім. Осы қаламгерді де жұрт онша айта бермейді…
– Дұрыс айтасыз. Қазақта «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген сөз бар. Мәди Хасенов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Табиғаты көркем Зерендіде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Өмір бойы облыстық «Арқа ажары» газетінде жұмыс істеді. Журналистиканың қара қазанында қайнап жүріп, прозалық шығармалар жазды. Көзі тірісінде «Алғашқы ән», «Тұлпардың дүбірі», «Қайсар»,«Тайталас» секілді оннан астам кітабы басылды. «Нар тәуекел» деген романы жарыққа шықты. Олардың бәрі өз кезінде оқырмандардан жылы бағасын алған. «Менің замандастарым» атты очерктер жинағында сол кездегі республикаға танылған Наталья Геллерт, Нұрғабыл Мәлғаждаров, Сұлтанхамит Балғожин секілді майталман азаматтардың еңбегін арқау етті. Өмірінің ақырғы жылдарында «Қиянат» деп аталған роман жазып жүрді. Тіршілікте қарапайым, біртоға, сырбаз адам болатын. Былтыр сексенге толды. Оны ешкім білген де, елеген де жоқ. Кітаптары да қайта басылмады. Ауырып жүргенде ауруханаға барады. Дәрігерден ем алып жатқанда «мен кеттім» деп ың-шыңсыз жөнеле берген. Соңғы сөзі сол болған. Әйтеуір, бүгінде Мәди тұрған үйге мемориалдық белгі қойылды. Соның өзі – көңілге жұбаныш.

Жеке мұрағаты өте бай еді. Бірде мен соның үйіндегі магнитаспадан Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің дауыстарын тыңдадым. Сондағы асыл дүниелер әлі көз алдымда тұр. Нөгербектің өзі 1997 жылы өмірден өтті. Сол архивтің бәрі балаларының қолында қалды деп ойлаймын. Кейде асыл азаматтың артында қалған мұраларын жинақтап, кітап шығарса деп армандаймын. Содан кейін марқұм Жомарт Әбдіхалық деген көрнекті қаламгердің есімі көп
айтылмайды

– Аға, Әскен Нәбиев деген майдангер жазушы болып еді?
– Әсекең алтын адам ғой. Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері. Білікті журналист. Тамаша прозашы. Әсіресе, әңгіме жанрында ерекше қолтаңбасы қалыптасқан. Соғыс тақырыбына терең бойлаған қаламгер. Жалпы, әдебиет те өнімді еңбек еткен жазушы. «Бел-белестер», «Шынығу шағы», «Алдыңғы толқын», «Майдан әңгімелері», «Шерулі жылдар» деген бірқатар кітаптары жарық көрді. Оның кез келген туындысы өмірдің өзінен алған. Содан ба, бірден жүрекке жылы тиіп, жүрдек оқылады. Ағамыздың 85 жылдығында «Фолиант» баспасынан екі томдық таңдамалар жинағы шықты. Әсекең – ұзақ уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болды. Талай талапкер жасқа қолдау білдіріп, батасын берді. Соның кезінде осы өңірдегі жас қаламгерлер Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Ағамыздың үйіндегі жеңгеміздің дастарханы берекелі еді. Ақмолаға Алматыдан келген жазушылардың бәрі сол үйге түсетін. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин секілді әдебиет алыптарының бәрі жеңгеміздің қолынан дәм татты. Сонда Фарида апай: «Сол ағаларды күткеннің өзі – маған бақыт қой» деп сыпайы жымия­тын. Міне, сол Әскен ағамызға көше берсек те артық болмайды.

ҚАЗАҚЫ РУХТЫ САҚТАДЫ

– Тағы қандай азаматтар­дың есімі ұмыт қалды?
– Облыстық Қазақ радиосында бас редакторы болып Нөгербек Мағзұмов деген азамат жұмыс істеді. Тәп-тәуір прозаға қалам тербеді. Жеке мұрағаты өте бай еді. Бірде мен соның үйіндегі магнитаспадан Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің дауыс­тарын тыңдадым. Сондағы асыл дүниелер әлі көз алдымда тұр. Нөгербектің өзі 1997 жылы өмірден өтті. Сол архивтің бәрі балаларының қолында қалды деп ойлаймын. Кейде асыл азаматтың артында қалған мұраларын жинақтап, кітап шығарса деп армандаймын. Содан кейін марқұм Жомарт Әбдіхалық деген көрнекті қаламгердің есімі көп айтылмайды. Ол ұзақ жылдар бойы «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болды. Өткен жылы өмірден өткен белгілі ақын Нұрғожа Ораз ағамызды да ұмытуға болмайды. Одан бөлек, Ақмола өңірінде туып, Алматыда тұрған Қажымұрат Рахимов пен Ермек Өтетілеуұлы секілді ақын-жазушылардың есімдері де туған елінде ардақталса деймін.
– Енді тек жалаң сөз болмасын. Өзіңіз сөз еткен қаламгерлерді есте сақтау үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Өткен жылы Уфа қаласын­да болдым. Сонда олар ақын-жазушыларды қатты құрмет­тейді екен. Төбелеріне көтереді. Қайран қалдым. Әрбір мектепте өмірден өткен сөз зергерлеріне арнап шағын музейлер ашылған. Олардың шығармалары жайын­да оқырмандар конфе­ренциясы өтіп тұрады. Қыс­қасы, әрбір суреткерді құр­меттей біледі. Бізде де осы үрдісті жандандыруға болады. Жоғарыда айтып өткен азаматтарды есте сақтау үшін олар тұрған үйлерге мемо­риалдық тақта орнатайық. Көшелерге есімін берейік. Тіпті, қиын болмаса, кітаптарын шығаруға ұйытқы болайық. Қолжазбаларын жинап, мұра­ғатқа тапсырайық. Бүгінде елордада жүзден астам талантты жазушылар тұрады. Бірақ біз сөз еткен қаламгерлер сол кезде орыстанып кеткен қаладағы қазақы рухты сақтап қалды. Сол үшін де оларға алғыс айтуымыз қажет. О дүниеге кеткендер енді ешкіммен таласпайды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тұлғаларды дәріптеу туралы жақсы ойлар айтқан. Адам мың жыл өмір сүрмейді. Сөз ғана мың жасайды. Біздің де жасымыз ұлғайды. Сондықтан мен айтқан қаламгерлердің есімдері ескерусіз қалмаса екен деймін.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button