2022 - Балалар жылы

Этнолагерь шақырады



Балалар жылы аясында елорда маңындағы «Балқарағай» демалыс орнында «Саржайлау» жазғы этнолагері ашылды. Ерекшелігі – балаларға әдебиет пен тарихты, ұлттық салт-дәстүрді үйрету. Жоба авторларының айтуынша, мұнда келушілер қазақ халқының бай тарихы, өнері және дәстүрімен таныс болады. Сонымен қатар әр қонақ ата-баба өркениетінің этномәдени ортасына саяхат жасап, ауыл тұрмысын тамашалай алады.

[smartslider3 slider=3236]

Лагерь негізін қалаушылардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының авторы Тұрар Шәкеннің айтуынша, бұл идея бұрыннан ойда жүрген. Себебі балаларға ұлттық салт-дәстүрді үйретіп, қазыққа ат байлап, қымыз сапырып, жәдігерлермен таныстыратын лагерь бұған дейін болмаған. Лагерь шілде айынан бастап жұмыс істейді.

– Бүгінде жастар арасында ұлттық құндылықты тану азайған. Бұл жас ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне жіті қарау керектігін көрсетіп отыр. Біздің этнолагердің негізгі мақсаты – ел ертеңі болар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлт тарихына, ата жұртына, ата тегіне, ана тіліне деген сүйіспеншілігін ояту, – деді тарихшы-этнолог Тұрар Сәттарқызы.

Жуырда «Саржайлау» жазғы этнолагері жобасы мемлекеттік грант жеңіп алған. Дегенмен лагерь жұмысын жандандыру үшін бұдан да үлкен күш пен қаржы керек. Осы орайда ұйымдастырушылар этнолагерьдің ішкі мазмұнын түгелдей қазақылықпен қамту үшін білек сыбанып жұмыс істеуде.

– Лагерьге барған әр бала тек уақыт өткізу үшін келмеуі тиіс. Сол үшін де келгеннен бастап кеткенге дейін бала бойына ұлттық дәстүрді сіңіргіміз келеді. Мысалы, киіз үйдің ерекше сән-салтанатпен болғанын қалаймыз. Өйткені балаларға құндылығымыз деп көрсеткенде қазақтың нағыз бай мұрасын танытатын, ұлттық өнегеге тұнған киіз үйін көрсеткенді жөн санаймыз. Бұдан бөлек, қонақтың қолына су құю, ас ішіп болғаннан кейін бата алу, т.б. күнделікті дәстүрді де үйретеміз, – дейді тарихшы-этнограф.

Этнолагерь негізін қалаушылардың тағы бірі Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлттық лагерь ашу негізгі ұстаным екенін айтады.

– Еліміздің ертеңгі тұтқасы, ұлт болашағы саналатын жас толқын алдындағы зор жауапкершілікті мойнымызға алып, ұлттық салт-дәстүрді жоғалтпауымыз керек. Осы орайда ұрпақтың рухани тәрбиесімен айналысатын ұлттық этнолагерімізді ашып отырмыз. Себебі мемлекет ұлтты қалыптастырмайды, ұлт мемлекетті қалыптастырады. Қазақтың өзіне тән ұлттық болмысын қайтару – бүгінде ең өзекті мәселе, – дейді Алтынай Тәңірбергенова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерьде балалар ұлттық ойын ойнап, салт-дәстүрді үйреніп, ұлттық тағам пісіреді. Бұдан бөлек, әр балаға жеке көңіл бөлінеді. Этнолагерьдің қызметі ақылы. 10-15 жастағы оқушылар қатыса алады. Тіркелу 15 маусымда ашылады. Мұндағы ерекшелік – қатысушылар автобуспен барып-келеді. Сондай-ақ арнайы қонақтар шақырылып, олармен сұхбат өтеді. Мал бағу, ат баптау, атқа міну, көкпар тарту, киіз басу, т.б. ұлттық салт-дәстүрлер балаларға көрсетіледі.

Жақында ашылған этнолагерь бір айдан соң ұлттық дәстүр мен қазақылықты дәріптеуге алғашқы келушілерін қарсы алады.

Айзада Жайыққызы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button