2022 - Балалар жылы

Өнер ордасындағы жазғы мектеп

Елордадағы бірнеше білім беру мекемелерінде жазғы мектеп жұмысын жалғастырып жатыр. Солардың бірі – №2 Өнер мектебі. Мұндағы ерекшелік – балалар шығармашылығын дамытып, қабілеттерін шыңдайды. Мектеп жыл сайын маусым айында ашық болады.

[smartslider3 slider=3237]

Жазғы мектептің мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді өткізу әрі өнерге баулу. Мектеп басшысы Гүлмира Жангелдінің айтуынша, қазіргі таңда үйірмелерге 100-ге жуық оқушы қатысып жүр.

– Балалар жазғы мектепке қатыса отырып, бойындағы қабілеттерін дамытады. Бір айдың ішінде шығармашылыққа үйренеді. Сол арқылы қабілеттерін ашуға мүмкіндік бар. Бір қызығы, мұнда Өнер мектебіндегі оқушыларымыздан бөлек басқа да білім ошақтарынан балалар қатысып жүр, – деді Гүлмира Жангелді.

Жазғы мектепке балаларды қабылдаудың нақты ережесі жоқ. Кез келген бала қатыса алады.

– Мұнда арнайы іріктеу өткізіп, емтихан алмаймыз. 7-15 жастағы балалар қатыса алады. Үйірмелер өте көп. Атап айтсақ, «Әлқисса» және «Күй керуені» (домбыра), «Жетіген сазы» (жетіген), «Жастар жыры» (дәстүрлі ән), «Көңілді ноталар» (сольфеджио) «Сиқырлы қылқалам» (сурет), «Ғажайып әуен» (қобыз) , «Ән әлемі» (вокал), «Музыка әлемі» (фортепиано), «Еркеназ» (би) үйірмелері бар. Бұдан бөлек, өзім жетекшілік ететін «Айналайын» балалар хоры да жұмыс істейді, – деді мектеп басшысы.

Жазғы мектепке биыл қатысқан Асылбек Жоламан қобыз үйірмесін таңдаған.

– Мұндағы үйірме қатты ұнайды. Себебі жазғы мектепке қатысу арқылы жаңа достар таптым. Бос уақытым көп болғасын қобыз аспабын үйренуге қызығушылығым оянды. Қазір тез меңгеріп жатырмын. Болашақта да осы аспапты жалғастырғым келеді, – деді Асылбек.

Ал Өнер мектебінің оқушысы Естай 4 жылдан бері музыкамен айналысады. Алғаш рет анасы 8 жасында алып келген екен.

– Өнер мектебінде білім алғаныма 4 жыл болды. Домбыраның үнін бала кезден естіп өстім. Кішкентай кезімде атам «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін ойнайтын. 2 жасымда ойыншық домбыраммен атаммен қосылып, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін орындайтынбыз. Ертіс өңірінің танымал өнер қайраткері, ақын Естай Беркімбайұлы сияқты домбырашы болсын деп атымды Естай деп қойған болатын. Қазір үйірмеде домбырадан сабақ алып жүрмін. Жазғы мектепте Нұрхан ағаймен «Балбырауын», «Көроғлы», «Адай» күйлерін үйрендім. Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындағанды жақсы көремін.

Қобыз аспабы үйірмесінің мұғалімі Жаңылсын Күмісбекованың айтуынша, мұнда сабақтар түрлі әдіс бойынша өтеді.

– Жазғы мектепке қабілетіне қарай оқушыларды таңдап аламыз. Аспапты үйренемін деген оқушының талабын кесуге болмайды. Сол үшін кейде орташа қабілетті оқушыларды да қабылдай береміз. Мұндағы балалардың жасы әртүрлі. Бұрыннан қатысып жүрген оқушылар да бар. Күніне оқушылармен 3 сағат жұмыс істеймін. Жеке оқушымен бір сағат, ал топпен екі сағат сабақ өтеміз. Сабақтардың барлығы ойын түрінде, жеңіл болады, – деді Жаңылсын Күмісбекова.

Жазғы мектепте 10 мұғалім жұмыс істейді. Әр үйірме бойынша 2 мұғалім бөлінген. Үйірме маусым айының соңына дейін жұмыс істейді. Қатысқысы келетін балалар өтініш жазып, келуге болады.

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button