Мерей

Ағысқа қарсы жүзген

КСРО-ның ең жоғары билігі қабылдаған тұңғыш ресми және сан мыңдаған қазақстандық патриоттардың өмірі мен тағдырын ызғардай қарыған барлық саяси, құқықтық шешімдер мен бағалардың, жаппай қуғын-сүргіндер мен қудалаулардың негізін қалаған ең басты құжаттан үзінді алдымда жатыр.  КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1986 жылғы 18 желтоқсанда, Мәскеу уақытымен 10.00 сағатта жедел өткізілген отырысында ең жоғары биліктің құдыретіне ұмытылмастай қылау түсті. Қылау түскені сол, «кеңестік қатер» деген тіркеспен әлемнің алпауыт елдерінің өзін сескендірген кеңестік саяси жүйе осы ашу алдында әлсіздігін көрсетті. Қазақ даласының жаңа билеушісі Г.Колбин таққа отырар отырмастан, Саяси Бюро алдында мұндай экономикалық та, әлеуметтік те, рухани да мүмкіндіктері орасан зор елді дербес басқаруға дайын еместігін, бұған қабілетті зиялы ортаның өздерінде де қалыптасқанын мойындауға шақ қалды.

[smartslider3 slider=3238]

КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы, яғни Одақтағы екінші тұлға Н.Рыжковтың өзі Қазақстан Министрлер Кеңесі басшыларынан түсіп жатқан хабарларға қарағанда, ондағы ахуал өте күрделі, сондықтан Г.Колбин республикадағы жағдайды түзей алмауы мүмкін деп, онда әскер кіргізу қажеттігін мәлімдеді. Империялық Ресейден мұра болып қалған шовинистік психология жансірілігін байқатты, кеңес басшылары іс жүзінде кішілік құрсаудағы одақтас елдердің бірін еркіне жіберсе, «аға» биліктің топсасы босайтындай көріп, айбарына мінді. Бой көрсетудің мазмұны, бағыты, былайша айтқанда, алдын ала айқындалып, оған ұлтшылдық, бұзақылық, тонаушылық, бейбіт азаматтарды ұрып-соғу сияқты «қара таңбалар» тағылып, тап солай бағаланып та қойылған-ды. Саяси Бюро мұндай «терте бұзуды» күшпен басу туралы шешімді мақұлдады. Дереу әскери ұшақтар қажет болды. Н.Рыжковта ондай ұшақтар жоқ, кейін осы «қайраткерлігі» үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған М.Горбачев Қорғаныс министрі Д.Устиновқа Одақтың қандай қалаларынан әскер алдыруға болатыны туралы мәселені шешу үшін қажетті мөлшерде әскери ұшақтар бөлу жайлы шұғыл тапсырма берді. Өткен ғасырдың басындағы «қызыл империя» тәжірибесін қайталаған қанды қасап осылай басталды.

Уақыт та, уақыт перзенттері де ширықты. Қазақ жастарының бойындағы шынайы азаттық оты басқа одақтас ел жастарының бойында да лап еткелі тұрған-ды. Лап етті. Әсіресе, Балтық бойы жағалауындағы елдердің, Кавказдың жас толқыны, бастауын бастағанмен, қатты қарсылыққа тап болған қазақ жастарының тағдырын қайталамады, әлем назарын аудара алатындай бұқаралық шерумен өз елдерінде шынайы демократияға жол ашты. Ақыры, «қызыл империяның», солай аталмаса да, мазмұны содан көп алшақтамайтын «кеңестік империя» құлады. Құп!!! Ал…

Кезекті демократия бұлағының көзін ашқан қазақ жастарының тағдыры неліктен ұзаққа созылған «әрі тарт та бері тарт» сөзбұйдаға ұшырады. Прометейдің алауын ұстап, алаңға шыққан кезекті жалынды жастардың күн нұрындай арманы неге ұзақ уақыт бойы өз деңгейінде бағаланбады?!

Сабыр Түменде дүниеге келді. Орыс балалары арасында өсті, орыс балалары арасында орта білім алды. Ал үйде қазақы тәрбиемен ауыз­данды. Кәрі әжесі Мағрипа, әлде әулеттің ауыр тағдыры әсер етті ме, орыс атаулыға айбармен қарады. Немерелерін қазақы мінезге тәрбиелеуден таймады. «Біз көрерімізді көрдік, сендер енді болашақтарыңды орыстардың арасынан емес, туған жерден іздеңдер» дегенді ыза-кекпен қайталайтын

 Осы сұрақ тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де еліміздің зиялы тобының назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Әсіресе, Желтоқсан көтерілісінің басы-қасында болып, ең алғашқы күндерінен бастап ақиқаттың саяси да, заңдылық пен құқықтық та қырларын батылдықпен терең зерделеген, әділеттіліктің орнығуына жеке күш-жігерін арнаған азаматтардың тұлғалары ерекше айқындалды. Сондай азаматтардың бірі – республикалық Саяси ағарту үйінің үлкен залында Желтоқсан көтерілісінің он жылдығына арналған ғылыми конференцияда ақын Мұхтар Шаханов есімін ерекше азаматтық пафоспен атаған Сабыр Қасымов. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында көп аталмаған тың есім. Заң ғылымының кандидаты, бұрынғы Сенат депутаты, өзін насихаттауға көп ұмтылмайтын Сабыр Қасымовпен сұхбаттасу алғашқыда маған да оңай болған жоқ. Желтоқсан көтерілісі – журналист үшін таптырмайтын тақырып. Ол үшінші өтінішімнен кейін ғана сұхбаттасуға келісті.

Кім ол?! Желтоқсан дауылы төнген сағаттарда ол Мәскеуден Алматыға ұшып келді. КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар Академия­сында оқитын, астанаға сол Академияның тапсырмасымен іссапарға келген болатын. Алайда өмірде дереу ерекше шешім қабылдауға мәжбүр ететін сәттер де кездеседі. Тоталитарлық жүйенің кезекті өктемдігіне шыдамаған жастар бас көтеріпті. Өз билігі өзіне бұйырмай, өзгенің шылауында төменшіктеген өмірге іштей шерлене қатқан қарсылық, ақыры атылғанға ұқсайды. Мұндайда сырттай бақылау мүмкін бе?! Жоқ, ол әсіресе жас ұрпақтың қылаусыз арманы сынға түсіп, аға ұрпақтан өміршең ақыл-кеңес, рухани қолдау күткен сағаттарда жоқ, тағы да жоқ. С.Қасымов жата алмады.

Он төртінші желтоқсанда Мәскеуден ұшып келісімен, ертесіне өзі бұрын қызмет істеген Орталық Партия Комитетінде, әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі В.Ефимовтің қабылдауында болды. Академия профессоры Т.Шамба С.Қасымовты іссапар алдында өзіне шақырған-ды. Ол В.Ефимовтің осы Академияны және оның аспирантурасын бірге бітірген ескі танысы еді.  «Мен Сізге бір жауапты міндет жүктегелі отырмын, – деді  абхаздық ғалым. – Академияның жылдық жоспары бойынша белгіленген ғылыми-практикалық конференциялардың бірін Алматыдағы Жоғары партия мектебінде өткізсек деп едік. Ефимовқа хат дайындап қойдым. Өзімен телефон арқылы сөйлестім, келістік. Енді, осы жауапты міндетті әрі қарай ұйымдас­тыруға Сізді тартсақ дейміз. Жоспарын жасауға, тақырыбын нақтылауға, басқа да толып жатқан ұйымдық шараларды жүргізуге көмектессеңіз. Сіздің еліңіз ғой, қалай қарайсыз?». Әрине, Орталық Партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясы атынан жауапты іс тапсырылса, Академия тыңдаушысына одан бас тартуға бола ма? Келісті. Міне, осы тапсырма Сабыр Ахметжанұлын саяси қылмыскер ретінде қуғындалудан сақтап қалды.

Алматының құқық қорғау органдарында, әділет пен әділетсіздіктің мылтықсыз майданында мол тәжірибе жинаған заңгерге қала жақсы таныс. Он алтыншы желтоқсанда ол, қараңғылық түсе, Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде әкесі Ахметжанға берілген қызыл «Москивчпен» орталықтағы жұмысшылар мен студенттердің жеті-сегіз жатақханасын аралап, сондай-ақ кездескен жастардың бәрін ереуілге шақырып, бір-ақ өтініш айтты: «Ертең,  сағат онда Мәскеудің Қазақстанды басқаруға – бірінші хатшылыққа  қайсыбір Колбин деген мүлдем бейтаныс біреуді сайлауына қарсылық білдіру үшін халық Орталық Партия Комитетінің алдындағы алаңға жиналады. Намысымызды, қазақ халқының болашағы мен құқын қорғайық! Келіңіздер, өздеріңізбен бірге барлық достарыңыз бен туыстарыңызды шақырыңыздар!».

Бұдан кейінгі күндердің қалай жаппай қудалауға ұласқаны белгілі. С.Қасымовқа да қауіп төнді. Оны В.Ефимов шақырды. Ол қуғын-сүргін мәселесімен айналысатын республикалық штабты басқаратын. «Сіз Рихард Зорге көшесінде неғып жүрсіз?» деді қатал үнмен. Алдына бір топ фотосуретті лақтырып тастады. «Улица Рихард Зорге, 12» деген жазу және соған жапсарлас түсірілген қызыл «Москвичтің» суреті көзіне оттай басылды. Тексерушілердің  құрығынан құтылу енді мүмкін еместей еді. Сол сәтте үкіметтік телефон – «Кремлёвка» шылдыр етті де, ақталу жолдары Сабырдың миында шырқ айналды. Ойын тез жинақтап: «Жұмысшылар мен студенттер жатақханаларында бауырларым тұрады. Мен оларды аралап, көшеге шықпауларын қадағаладым» деді байсалды үнмен.

Ефимов сабасына түсіп: «Олар сізді жаппай бұзақылықты ұйымдастырушылардың бірі еткісі келіп жүр ғой. Енді, түсінікті, конференцияны жуық маңда өткізе алмайтын шығармыз, мүмкін кейінірек өткізерміз. Достарға сәлем айтарсыз» деп қолын ұсынды.

Осыдан жиырма үш жыл бұрын еліміздің көрнекті тарихшысы, академик М.Қойгелдиев  «Азамат абыройы адалдықпен асқақтайды» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 13.10.1999)  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1991 жылы қуғын-сүргін құрбандары мәселесіне қатысты құрған алғашы комиссияның мүшесі және хатшысы ретінде Жоғарғы Кеңес Төрағасының кеңесшісі болып істейтін С.Қасымовтың (М.Қойгелдиев те осы комиссияның мүшесі болатын – С.Б.) турашыл, өр мінезіне жоғары баға бере келіп: «Комиссия қолға алған істің үлкен мемлекеттік, мәдени және идеологиялық маңызын жақсы түсінген ол мәселе мәнісін архив және басқа тиесілі мемлекеттік мекеме басшыларына жетік жеткізе алды. Соның нәтижесінде мемлекеттік архивтердегі біраз жабық құжаттардың құпиялары ашылып, зерттеу ісі айтарлықтай жанданды» деп жазды.

Тарих толқыны тағы толқыған кезде, өткен ғасыр басында аға ұрпақ бастан кешірген зауалды күндер санада қайта оянды. Ежелгі Қызылжардың табиғаты талайдың көзқұртындай болған шұрайлы даласында екі бірдей ауыл Құртай есімімен аталатын. Құртай байлығымен де, әділ төрелігімен де ел ішінде ерекше құрметке бөленген жан-ды. Құртайдан – Мұқыш, Мұқыштан – Қасым, Қасымнан – Ахметжан болып жалғасатын әулеттің кеңестік «қызыл империядан» көрген зардабын адам баласының басына бермесін. Осы әулеттің бір тұяғы Т.Қасымованың «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 25 мамырдағы нөмірінде жарияланған «Бір әулеттің тағдыры» атты естелігі, тарихтан тағылым алам деуші бүгінгі ұрпақ өкілін тіпті де бейжай қалдырмайтыны анық.

Әке тәрбиесімен ел ісіне ерте араласқан Құртайдың Мұқышы да ортасының сыйлы азаматы болды. Азаттық туын көтерген алаштық үн Қызылжар даласында да булыға естіле бастаған күндерде, дәлірегі, 1918 жылдың шілде айында М.Дулатов бастаған зиялы топ бұрынғы Әлти Көкенұлы атындағы ауылда жиналыс өткізді. Нұрлы өмірден үмітті халық жан-жақтан ағылды. Алаш идея­сын қолдаған ауыл адамдары өздері қызу ақылдасып, жүректегі сөздерін айтуды көкірек көзі ашық Мұқышқа тапсырды. Міне, осы жиын С.Мұқановтың «Өмір мектебінде» сол кездегі өмір шындығымен біршама анық суреттелген. Сондағы алаш баласының асыл арманын ұлағаттай айтқан сөзі үшін Мұқыш қудаланды. Тек Мұқыш емес, Мұқыштың Қасымы да, Қасымның өрімдей жас Ахметжаны да түрмеге қамалды. Әділет пен әділетсіздіктің айқасындай болып, мүлдем көмексіз, жападан-жалғыз қалып, үбірлі-шүбірлі тоғыз баласын күрке тауықтай болып қанатының астына жасырған, қызылшамен ауырып жатқан Баяны мен Ноянының жағдайын айтып түсіндірген ананың зары құлаққа кірмей, кәмпескеге ілінген байлардың әйелі, бала-шағалары арасында, жер аударылғанға дейін уақытша ұсталатын, Байқала деп аталатын темір тордың ішіне тоғытылды. Баяны мен Нояны сол темір тор ішінде жан тапсырды. Жоқтау да айта алмай, қос балапанын лагерьдің сыртына жерлеп, түрмедегі азаптан намысы қорланған ана шыдамады, ретін тауып қашып шықты.

Отбасылық тірегінен түгел айрылған ана өз төркінін іздеп, Омбы облысына жетуге тырысты. Түнейтін де жер таба алмай, шоқ тоғайдың көлеңкесін сағалап күн кешті. Аштық пен аурудан әбден әлсіреген бес жасар қызы ананың арқасында құндақтаулы күйінде көз жұмды. Жүрегі шерленіп, тағдырымен арпалыса қатайған ана он екі-он үш жасар Күлбәнін жолда біраз күн қамқоршы болған иман жүзді отбасыға: «Кейіннен әкесі келіп алып кетеді, ал егер әкете алмаса, өзімнің қызым деп санап, қолдарыңнан күйеуге ұзата беріңдер» деп қалдырып кетпегенде одан да айрылар ма еді?! Жол азабында тоғыз баланың сегізі бірдей шетінеп, айдалада сегіз төмпешікке айналып, өмірден баз кешер шаққа жеткенде, Ахметжаны іздеп тауып, әупіріммен тірі қалды. Тоқсанға жете өмірден өткен, немересі Сабырды тәрбиелеген сол ана – бас ұстаз  Мағрипа еді. Көп сырласудан кейін түсінгенім, азаматтық позиция Сабырда бала кезінде қалыптасқан. Әділеттану сөз болғанда, ол қайта-қайта сол кәрі әжесіне орала береді.

Сабыр Түменде дүниеге келді. Орыс балалары арасында өсті, орыс балалары арасында орта білім алды. Ал үйде қазақы тәрбиемен ауызданды. Кәрі әжесі Мағрипа, әлде әулеттің ауыр тағдыры әсер етті ме, орыс атаулыға айбармен қарады. Немерелерін қазақы мінезге тәрбиелеуден таймады. «Біз көрерімізді көрдік, сендер енді болашақтарыңды орыстардың арасынан емес, туған жерден іздеңдер» дегенді ыза-кекпен қайталайтын. Сабыр мектепте математика пәнінің үздігі ретінде көзге түсті. Физика мен математикадан оқушылар арасында өткен өңірлік олимпиядада бірінші, ал Түмен облысы бойынша екінші орынды иеленді. Жаңасібірдің академиялық қалашығында дарындылардың физика-математика мектебі болатын, оқытушылары Сабырды сонда тартуға тырысты. Бірақ «адуын, тентек кемпірдің» рұқсатын ала алмады. Тіпті, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Петр Семенович Новыхтың өзі Қасымовтар үйіне әлденеше рет келіп, дарынды баланың болашағына кедергі жасамауды сұрады. Соңғы рет барғанда Мағрипа әженің қолындағы кеспелтек таяқ дір-дір еткен соң ғана баруды тоқтатты.

Айтқандайын, Сабыр орта мектепті бітіре сала, Қазақстанға тартты. Жоғары білім алғысы келді. Бірақ құжатты физика-математика пәні бойынша емес, заң пәні бойынша тапсырды. Алайда сынақтан өте алмады. Алматыда жанашыр танысы жоқ, Түменге қайтуға намыс жібермеді. Дәулеттінің немересі, дәлірегі шөбересі тағдырдың ұйғаруымен қабыр­ғасын бір жыл қара жұмыспен қайыстырды. Келесі жылы да жолы болмады, қайсар бала заң факультетінің кешкі бөліміне түсіп, күндіз шапқылаған қара тіршілікпен айналысты. Бір сәтті күні аудандық сотқа хат тасушылық, сосын сот орындаушысы қызметіне алынды. Оқуын бітіріп, аудандық прокуратураға тергеуші болып орналасты. Содан сатылай өсіп, республикалық Орталық Партия Комитетіне жауапты қызметке қабылданды. Ізденіп жүріп, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына түсті.

Әділет күрескері мұндағы уақытын әлеуметтік теңсіздіктің жолын кесіп, адами рухани тепе-теңдікке қол жеткізу сырын ашуға арнады, сол үшін Академиядағы мол саяси әдебиеттер мен құпия құжаттарды тереңдей зерттеп, саяси да, азаматтық та білімін барынша көтеруге тырысты. Тума дарынына сай физика немесе математика саласын қуып кеткенде, мүмкін үлкен ғалым, ғылым қайраткері болып шығар ма еді?! Бірақ, азаматтық рух бойын үнсіз билеген жас жігіт руханият әлемінің әділет жолын қалады да, сол жолдан таймады. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі осы ұстанымын өмірлік мұратына айналдырды. Тіпті, кандидаттық диссертациясына «КСРО-дағы ұлттық қатынастардың саяси-құқықтық проблемалары» деген тақырыпты таңдады. «Ақиқатын ашу мүмкін бе?» деді көзі қарақты кейбір жанашыр жолдастары. Тоталитаризм мен авторитаризм негізінде алып империяға айнала бастаған қоғамда ұлттық қатынастардың қандай күйде екенін Сабырдың өзі де жақсы біледі. Қазақ даласындағы, өз әулетіндегі трагедиялық деректер оның жанын аз күйзелткен жоқ қой. Әлде, соның өзі оны ширатты ма екен?! Әйтеуір, ол ағысқа қарсы жүзді. Бірақ, өмір заңы өз дегенін істетті. Қоғамда әділеттен гөрі әділетсіздікке сүйенген күш, айтқандайын мықты болып шықты. Сегіз жүз қырық беттік еңбек, ең бастысы, өркенді өмірге бастайтын, ұлттық қатынастардағы әділет пен әділетсіздікті нақты деректермен, терең зердемен талдаған рухани мұра айналымға қосылмады. С.Қасымов диссертациясын қорғай алмады, дәлірегі қорғатпады.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button