Басты ақпаратМерей

Зиялылықтың ізеті

Бүгінде Астана қаласы саяси-­әкімшілік, іскерлік, мәдени ғана емес, еліміздің рухани орталығына айналғаны рас. Әрине, қай қырынан алсақ та бас қаламызды жан-жақты дамыту оңай болмағаны анық. Әсіресе елордамызды білім мен ғылымның ордасына айналдыруда еліміздің бірқатар зиялы қауым өкілінің еңбегі бар. Солардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Әбілжанұлы Ахметовті айтуға болады.

Қашанда өз ісіне мығым Қадыр Әбілжанұлы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде (бұрынғы ҚазПИ) доценттік қызметін атқарып жүргенде, 1996 жылы болашақ елорда – Ақмолада құрылған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынұлының шақыртуымен университеттің тарих факультетіне декандық қызметке келеді. Алғашқы күндерден-ақ іскер басшының ұлағатын көріп, ағалық қамқорлығын сезінді. Әрине, жаңадан құрылған университетті қалыптастыру оңай шаруа емес. Ректордың қасында жүріп, жаңа мамандықтар, ғылыми орталықтар, диссертациялық кеңестер ашу ісіне белсене араласады. Университеттегі өзге де әріптестерімен бірге білім ошағын мәдени, рухани ортаға айналдыруға септігін тигізді.

Жоғары оқу орнындағы оқу үрдісін білікті ұйымдастырушы ретінде танылған Қадыр Ахметов 2004 жылдан бастап Астанадағы тұңғыш мемлекеттік емес жоғары оқу орны – Еуразия гуманитарлық институтының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметін атқарып келеді. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, оқу орнының басты міндеті елімізге қызмет ететін сапалы маман даярлау екенін білетін проректор ­институттың көшін түзеп, іргесін бекітуге атсалысты.

Ұлт интеллигенциясының ауыр тағдырын қаламына арқау еткен тарихшы-ғалым Қадыр Ахметов 1953 жылы 31 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Социал ауылында туған. Еңбек жолын ауылдық мектепте мұғалім болудан бастаған. 1976 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ-ды бітірген соң Қаз ССР Жоғары және орта арнаулы оқу орындары министрлігінің жолдамасымен Целиноград инженерлік-құрылыс институтында оқытушы болып істеді. Университет қабырғасында жүргенде ғұламалардан тыңдаған лекциялары, ғылыми орта тәлімі болашақ ғалымның қалыптасуына ерекше ықпал етеді. Содан кейін ҚазМУ-дың аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғаған.

1991-1996 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде доценттік қызмет атқарды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тарих факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерімен қоса, Қазақстан тарихы ғылымымен де айналысты. Нәтижесінде академик Кеңес Нұрпейісовтің жетекшілігімен 2003 жылы «ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстан мәдениеті» тақырыбында Отан тарихынан докторлық диссертациясын қорғап, 2006 жылы профессор атағын алды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанында құрылған тарих ғылымдарынан докторлық диссертациялар қорғауға арналған диссертация­лық кеңестердің мүшесі ретінде ғылыми еңбектердің қорғалуына атсалысты, тарих ғылымдары бойынша қорғалған докторлық және кандидаттық диссертация­ларға ресми сарапшы болды. Оның жетекшілігімен ғылым кандидаттары мен ­магистранттар Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған диссертациялар қорғады.

Қадыр Әбілжанұлының зерттеп, зерделеген ғылыми ізденіс­тері мәдениет, интеллигенция және жоғары оқу орны білім саласының тарихына арналған.

«Интеллигенция – өзінің табиғаты, болмысы жағынан өз халқының төл мәдениетінің әрі алып жүрушісі, әрі жасаушысы, әрі теоретигі, әрі сыншысы ретінде де сол мәдениеттің, түптеп келгенде, рухтандырушысы, мәні мен мағынасы» деп ұлттық интеллигенция, Алаш қайраткерлерінің мәдениет саласындағы қызметтеріне назар аударды.

Оның негізгі ғылыми зерттеу жұмыстарының мазмұны мәдениеттегі идеялық күрес пен оның зардаптары туралы, сондай-ақ қазақ халқының рухани-мәдени дамуын зерттеумен ерекшеленеді. Қай еңбегін алып қарасақ та Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамбетов, Ә.Ермеков, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, тағы басқа Алаш қайраткерлерінің XX ғасырдың 20-жылдарындағы еліміздің мәдени-рухани салаларындағы қарымды қызметі, қайраткерлік ісі туралы архив құжаттары негізінде зерделенген тың мәліметтермен танысамыз.

Қазақстанның 20-30-жылдарындағы ел тарихы мен мәдениетінің қасіретке толы кезеңін зерттеудегі ғылыми ұстанымы, әр тұжырымын дерек пен қисынды дәйекпен беру, Алаш тұлғаларына деген құрмет ғалымның еңбектерін ерекшелеп тұратын басым сипаттар деуге болады. Мәселен, «Қазақстан мәдениетінің қилы тағдыры (ХХ ғасырдың 20-30-жылдары)» атты 2002 жылы жарық көрген монографиясында кеңес өкіметі жүргізген «мәдени революцияның» қазақ интеллигенциясының тағдырына тигізген әсері, автор сөзімен айтсақ «төл мәдениетіміз неден ұтылып, нені жоғалтқаны» тарихи тұрғыдан талданып, таразыланған. Еңбектің әр тарауының атауынан-ақ ғалымның ұстанымын байқай аламыз. «Мәдениеттегі идеялық күрес және оның зардаптары», «Мәдениеттің саясатқа, идеологияға бағындырылуы» деп бір-бірімен сабақтастыра отырып, сауатсыздықты жою, қазақ даласындағы алғашқы мектептердің бағыты туралы да тың мәлімет береді. Оның оқырман санасын сілкінтіп, әсіресе, жас ғалымдар үшін ғылыми ойды дамытуға негіз болатын тұжырымдары салмақты екені байқалады.

Қадыр Әбілжанұлының ғылым мен білім жолындағы ұзақ жылғы еңбегі де елеусіз қалған емес. Ғалым «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Мәдениет, интеллигенция тақырыбын терең қаузаған ­Қ.Ахметовтің өз бойынан да ерекше мәдениеттіліктің, зиялы­лықтың, ізеттіліктің үлгісін көреміз.

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,

Амангелді Құсайынов

атындағы Еуразия гуманитарлық

институтының доценті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button