Басты ақпаратҚала мен Сала

Сыртқы жарнама жайы қалай?

Былтыр Астанада 1000-нан аса заңсыз немесе сөзінде қатесі бар жарнама алынып тасталды. Биыл да күн сайын әр аудан көшелерінде осындай жұмыс жалғасып жатыр. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы ретке келтіру жұмысымен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармалары, қала аудандары әкімдіктері мамандарынан құралған арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр.

Өткен жылы қаладағы төрт аудандағы көшелерге рейд ұйымдастырылды. Мыңдаған нысан тексеріліп, кәсіп иелеріне заң талаптары түсіндірілді. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша нысан иелеріне жадынама таратылып, түзетуге ұсынымдар берілді.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, елордада сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу кезінде тиісті шараларды атқару мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Қазақ тілі» қоғамымен бірге «Көрнекі» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында орын алған заң бұзушылықтарды қоғам өкілдерімен бірлесе отырып жою жоспарланған. «Körneki» жобасы Қазақстандағы көрнекі ақпарат таралуын реттейтін заңдардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы көрнекі ақпараттың сапасы мен санын жетілдіру мәселесіне бағытталған.

Аталмыш басқарма мен Астана қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осы меморандум аясында сау­да орталықтары, қоғамдық тамақтану орындарының, қызмет көрсету, басқа да нысандар басшылығымен жүйелі негізде кездесулер өткізіледі. Бірлескен кеңестерде тілдер туралы заңнаманың талаптарына сәйкес сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты орналастыру халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсету мәселелері талқыланады.

Былтыр елордадағы «Шапағат», «Гарант Сити», «Джафар», «Тұлпар», «Жаннұр», «Алматы», «Окан Мерей», «Ай-мақ тау», «Солтүстік», «Хан Шатыр», «Car city» сауда үйлері және «Ұлжан», «Орда», «Шарын», «Әсем», «Сарыарқа», «Көк», «Орда», «Биг Шанхай» сауда кешендерінің базарында онлайн және оффлайн форматында жиналыстар ұйымдастырылды. Қаладағы «MEGA Silk Way», «Әлем», «Сарыарқа», «Keruen City», «Шапағат», «Астаналық базар» сауда орталықтарының басшыларына ресми түрде хат жолданды.

Өткен жылдың күзінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, елордадағы сауда орталықтары басшыларымен тіл туралы заңнама талаптарының орындалу және бақылау-кассалық машиналар арқылы мемлекеттік тілде берілетін түбіртектер мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Кәсіпкерлерге «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіріліп, мемлекеттік тілде чектерді шығаруға қатысты хабарлама сипатындағы ұсыныстар берілді.

Соның ішінде «Думан», «Rixos Astana», «Sheraton Astana», «Saad», «Alanda», «Radisson», «The Ritz-Carlton Astana», «Ramada by Wyndham Astana», «King Hotel Astana», «Hampton by Hilton Astana», «The St. Regis Astana», басқа да қонақүй басшылары мен өкілдеріне онлайн түрде жиналыс ұйымдастырылды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңының талаптары, соның ішінде маңдайшалар, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру, тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Кездесу соңында бизнес өкілдері көтерілген мәселелер бойынша сұрақтарына жауаптарын алды.

Өткен жылы «Сауда-саттық­қа қажетті сөздер жиынтығы» қалта кітапшасы және «Қазақ­стан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының заңын түсіндіретін 2000 жадынама әзірленіп, сауда орталықтары мен дүкендеріне таратылды.

«Бір өкініштісі, мемлекеттен түрлі жеңілдік берілгенін, өздерін құзырлы органдардың тексере алмайтынын пайдаланып, тіл заңын оңды-солды бұзатын кәсіпкерлер азаяр емес» дейді Сәкен Есіркеп. Сондықтан қазір тиісті жұмыс күшейтіліп жатыр.

«Тіл туралы» заңның 21-бабына сәйкес, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналас­тырылады. Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. Қазақстанда өндiрiлетiн та­уарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс. Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi. Деректемелер мен көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажетiне қарай деректемелер мен көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде берiледi.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button