Басты ақпаратМәселе

Жер жетпей ме, қанағат жетпей ме?

немесе мінгестіріп үй салу кімге тиімді?

Сырттан келген адам Астанада әлеуметтік инфрақұрылым өз деңгейінде жетіспейтінін бірден байқайды. Оның орнына тұрғын үй кешені тығыз салынған кварталдарда үй үстіне үй салынып жатқандай әсер алады. Расында, соңғы жылдары елорданың әкімшілік аумағы кеңейіп, ­кезінде ашық-шашық жатқан жерлерде биік-биік тұрғын үй кешендері бой көтерді. Керек десеңіз, ­қаншама көл айдыны тегістеліп, оның орнына жаңа шағын аудандар пайда болды. Әрине, мұның жақсы жағы да, әттеген-ай дейтін тұсы да бар.

Жақында елордалық цирк жанындағы алаңда Керей мен Жәнібек хан, Ә.Бөкейхан, Сығанақ көшесінің тұрғындары жиналып, рұқсат етілген митингте «BI Group» ЖШС жаңа тұрғын үй кешені – Mangilik Residence-тің бой көтеруіне қарсылық білдіріп, Президенттен көмек сұрады.

Естеріңізде болса, 2022 жылы наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана және Алматы қаласының әкіміне тұрғын үй кешендерінің маңында қабаттастырып көп­қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізбеуді тапсырды.

Тұрғындар неге ренжіді?

Сәуір айында Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен аталған аумақта егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына толықтыру енгізіліп, соған сай Mangilik Residence тұрғын үй кешенін скверге ауыстыру туралы шешім шығарды. Аумақ тұрғындары бұл шешімге қуанғанмен, онысы ұзаққа созылмай, тамыз айында тұрғын үй кешенінің құрылысы басталады деген хабар тарады. Сөйтіп, Президент тапсырмасына қарамастан, тұрғын үй бой көтеретін болды.

Құрылыс компаниясы бұған байланысты интернеттегі ресурсында былай түсінік берді: «2021 жылы 2 наурызда эскиз жобасы Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен келісілді. 30 қыркүйекте «Мемсараптама» РМК инженерлік желілер мен үй құрылысына экологиялық және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын берді. Авторлық, техникалық қадағалау және бас мердігерлік шарт жасалды. 2022 жылы 11 қаңтарда қала әкімдігі үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берді».

Құжат тұрғысынан BI Group-тікі дұрыс. Бірақ тұрғындардың өз уәжі бар. Сол себепті митингке шығып, өз талап-тілегін айтып, мәселе көтеріп жүр. Мұның жай-жапсарын Caspian Palace тұрғын үй кешенінің тұрғыны Әбілғазы Дүйсембиев тарқатып берді.

Естеріңізде болса, 2022 жылы наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Астана және Алматы қаласының әкіміне тұрғын үй кешендерінің маңында қабаттастырып көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізбеуді тапсырды

– Қаланың бас жоспары бо­йынша музыка мектебі жоспарланған-ды. Оны өзгертіп, орнына 16 қабатты тұрғын үй кешені бой көтеретін болды. Негізі, Мәңгілік ел көшесінде көлік ағыны жоғары, кептеліс жиі орын алады. Жер жетпей қалғандай, өзі тар кварталда көпқабатты үй салмақшы. Тұрғын үйлері тығыз орналасқан кварталдарда құрылыс осы қарқынмен жалғаса берсе, өмір сүруге қолайлы, ыңғайлы болудан қалады, – деп қынжылды қала тұрғыны.

Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын алпауыт компаниялар елеп-ескермейтінін осылай танытуда.

– Құрылыс компаниясының қолы ұзын, қаржысы мол. Сондықтан олар үшін бәрін заңдастырып алып, белден басу қиын емес. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі, жайлы өмірін қайда қоямыз?! Біз қайда барып, кімге жүгінеміз? Соны білмей отырмыз. Аталған аумақта ғимараттар өте тығыз орналасқан. Бұл өрт қауіпсіздігі стандартына сай келмейді. Инженерлік коммуникация – су, электр қуаты мен жылудың жүктемесіне әсер етіп, тапшылық тудырады. Қазірдің өзінде жылу қуаты азайып, су қысымына шағымданатындар көп, – дейді Әбілғазы Дүйсембиев.

Рас, Астана қаласында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көпқабатты тұрғын үйлер көбейді. Шын мәнінде, әр тұрғын үй кешенінің тұрғыны есепке алынып, соған сай мектеп, балабақша, емхана, спорт кешені салынуы керек. Өйткені көпқабатты тұрғын үйдің аумағына қарай 100 пәтерден 1500 пәтерге дейін болуы мүмкін. Енді нарықтың бағамымен пәтердің бағасын есептеп, компания бір тұрғын үйден қанша табыс табатынын анықтау қиын емес. Міне, мінгестіріп үй салу кім үшін тиімді екенін осыдан-ақ байқауға болады. Мейлі тұрғын үй кешені аумағында әлеуметтік инфрақұрылым – мектеп, балабақша, емхана салынбаса да, биік-биік үйлер салып, оны сатып, табыс таба беру керек. Құрылыс компанияларының бар мақсаты – осы. Мұның артында үлкен әлеуметтік мәселе тұр. Тіпті бірнеше жылда тұрғын үйлері тығыз салынған кварталдар «саяси-әлеуметтік шиеленіс ошағына» айналуы әбден мүмкін. Mangilik Residence тұрғын үй кешені бой көтеретін аумақтағы мектеп директорларымен хабарластық. Ең жақын орналасқан №77 мектеп-гимназиясының жалпы сыйымдылығы – 1200. Қазір онда 1504 оқушы білім алады. Сол маңда 1200 орынға арналған №75 мектеп-гимназия­сында – 3600, №76 мектеп-лицейінде 2400 оқушы оқиды. Тұрғын үйлері тығыз орналасқан бұл кварталда алдағы уақытта адам саны көбейіп, онсыз да тапшылығы бар мектептерде орын жетіспеушілігі сезілетін болады. Өзге де әлеуметтік нысандар жайлы осылай деуге болады.

Екінші жағы, елордада тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың сәулет-архитектурасына сай келмейтін құрылыс нысанының саны артты. Құрылыс саласында ширек ғасырдай еңбек етіп, елорданың іргелі құрылыс нысандары бой көтеруіне қатысқан Самат Шәдімханның сөзінше, тұрғын үй салу – үлкен бизнес, қомақты қаржы алаңы.

– Астана қаласының құрылысын жүргізетін негізгі, сүйекті, қаржылы компаниялардың акционерлері елге белгілі. Оларды билікпен жымдасқан олигарх өкілі деуге болады. Сондықтан оларға жерді рәсімдеу де, тұрғын үйді де салу қиын емес. Оларға көп басшылардың тісі батпайды. Бұл анық! – дейді құрылысшы.

Кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысын салатын компаниялар төрт қабырғасын тұрғызып, пәтер иесіне ұсынады. Яғни тұрғын үйдің подъезі мен лифт маңын ғана тазарту, ағарту жұмысын жүргізеді. Әрі қарай мүлік иесі пәтеріне электр тогын кіргізіп, канализация жүйесін жүргізіп, бөлмелерді ақтау, сырлау жұмысы мен түсқағаз жапсыруды өз мойнына алады.

– Қазір пәтер бағасы арзан емес. Шынын айтқанда, қарапайым отбасы мүшелері жалақысынан жырып, пәтер ала алмайды. Не ипотекаға жүгінеді, не жалдамалы пәтерде тұрады. Жылдап жиған-тергенімен баспана алатын азаматтар да жоқ емес. Олар әлі толық бітпеген үйді қалай жөндейді? Ақылға сыймайды. Бұл – тұтынушының құқығын таптау деген сөз. Негізі, мердігер компания пәтердің ішкі жұмысын толығымен бітіріп беруі тиіс. Шет елдің құрылыс компаниялары тұтынушының талабын орындауға басымдық береді. Бізде мердігер компания­лардың дегені болады, – деді Самат Шәдімхан.

Астана қаласында тұрғын үй құрылысының қарқын алуының бір себебі – осы. Тұрғын үй құрылысы – үлкен бизнес. Ал әлеуметтік нысандардан қомақты қаржы түспейтіні түсінікті. Осы себепті мегакомпаниялар қаланың бас жоспарында мектеп немесе балабақшаның орны көрсетілген жерлерді есебін тауып тұрғын үйдің құрылысын салады. Мұндай бірнеше факті тіркелгенін жоққа шығара алмаймыз

Үй салу – үлкен бизнес

Міне, Астана қаласында тұрғын үй құрылысының қарқын алуының бір себебі – осы. Тұрғын үй құрылысы – үлкен бизнес. Ал әлеуметтік нысандардан қомақты қаржы түспейтіні түсінікті. Осы себепті мегакомпаниялар қаланың бас жоспарында мектеп немесе балабақшаның орны көрсетілген жерлерді есебін тауып тұрғын үйдің құрылысын салады. Мұндай бірнеше факті тіркелгенін жоққа шығара алмаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Астана қаласында бірнеше компания ғана құрылыс жүргізетінін, олар бағаны қолдан қымбаттатып отырғанын сынаған еді. Елордада «G-Park», «BAZIS-А», «BI Group», «NAK», «Sensata», «Шар-Құрылыс», «Sat NS» және тағы басқа компаниялардың тұрғын үй құрылысында үлесі басым екенін жақсы білеміз.

Президент айтқандай, құрылыс индустриясына санаулы компанияның белсенді араласуынан бәсекелестік орта әлі күнге дейін қалыптас­пай келеді. Тіпті елдегі ірі-ірі құрылыс объектілерінің жартысы мемлекеттік тапсырыс десек, бұл бағытта да әлгі бес-алты компанияның бағы үстем. Тек шағын компаниялар қосымша мердігер (субподрядчик) ретінде құрылысқа қатысып, өлместің күнін көреді. Ал мемлекеттік тапсырыстың басты талабы төмен бағаға негізделетіні белгілі. Құны төмен құрылыстың сапасы да төмен болады. Мұндай тәсіл құрылыс компанияларының технологиялық, интеллектуалдық тұрғыдан дамуына, кадрлардың өсуіне кедергі келтіреді.

– Мемлекеттік сатып алу конкурсының талабы бойынша жеңімпаз компания келісімшартта көрсетілген соманың 30 пайызын кепілдік ретінде депозитке салуы тиіс. Бұл құрылыс компаниясы жұмыс бастамас бұрын аванс алған жағдайда. Егер өз қаржысымен жұмысты бастайтын болса, онда келісімшарттағы соманың 10 пайызын кепілдікке қоюы керек. Шағын компанияларда мұндай қаржы болмайтыны түсінікті. Нарықтың мұндай талабын, дұрысы – мемлекеттің міндеттемесін орындай алмайды. Сосын «бірнеше компанияның» қанжығасы майланып, артылған жұмысты еншілес компанияларға үлестіреді. Ал еншілес компаниялар қосымша мердігерлерді араға салады. Құрылыс саласында негізгі жұмысты ұсынатындар – нақ осы қосымша компаниялар. Жоғарыдан төмен қарай сатылап үш компания (негізгі мердігер, еншілес компания, қосымша мердігер) өз еншісін алғаннан кейін қарапайым құрылысшылар болмашы жалақыға жұмыс істейді. Сосын сапа қайдан болады? Ашық бәсеке қалай қалыптасады? Бәсекелестік дамымаған жерде ірі компаниялар монополия­ға айналады. Ең қауіптісі де осы, – дейді құрылысшы Самат Шәдімхан.

Ал үлкен бизнесте қаланың жалпы келбеті, тұрғындардың мүддесі мен қауіпсіздігі деген түсінікке қарағанда, қомақты қаржы, пайда табу алғашқы кезекке шығатыны түсінікті. Қысқасы, әзірге құрылыс компанияларына халықтың үніне құлақ асқаннан гөрі құлқынның қамын күйттеген дұрыс болып тұр.

Айтқандай, Әбілғазы Дүйсембиев бастаған қала тұрғындары қарсылық акциясын жалғас­тырып, жақын күндері брифинг алаңына шығып, Mangilik Residence-тің салынбауын билікке қайта талап етеміз дейді.

 

 

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button