Мерей

Жанрын тапқан жазушы

Кемел Тоқаев – детектив аталатын бір жанрдың бас иесі. Тұтас әдебиетті айтпай-ақ, бір детектив жанрын алсақ та Кемел ағаның қазақ әдебиетіне аз еңбек жасамағанына көз жеткіземіз. Кемел Тоқаев – детективтік жанрдың қазақ әдебиетіндегі жалғыз классигі. Кемел ағаға дейін бұл жанр қозғаусыз жатыр еді десек, өтірік болады. Онда Кемел Тоқаевты жанрда жалғыз шапқан жүйрік етеміз… Қазақ әдебиетінде детективтік шығарманы жазушылар олар бірсыпыра – Жұмабек Еділбаев, Қалмұқан Исабаев, Нығмет Төлендиев, Әлібек Файзулла, тағы басқалар. Бірақ, олар детективтік әдебиетті жеріне жеткізе алмады.

Жазушылар одағы «Детективтік әдебиет консультанттығын» өз аяғымен жүгіріп жүріп, ашқан, саланың жазушыларының жылы ұясына айналдырған адам – Кемел Тоқаев!

Жазушылар одағы мен Ішкі істер министрлігін ынтымақтастырып детективтік шығармаларға бәйге жариялатқан адам – Кемел Тоқаев!

Қазақ детективтік шығармаларға жариялаған бәйгені атқан жебесін ондыққа тигізіп, талай ілген жалғыз қара  – Кемел Тоқаев!

Бүкілодақтық осындай екі саланың басын біріктіріп жарияланған конкурстан бас бәйгені алған да қазақ жазушыларынан шыққан жалғыз дараңыз – Кемел Тоқаев!

Детективтік әдебиет. Кезінде әлемдік детектив «Детективтік жанр классиктері» атауымен өз алдына бір серия болып жарық көрген.

Кезінде орыстың «Детективтік жанр классиктері» атауымен тағы бір кітапхана жасақталған.

Кезінде КСРО Ішкі істер министрлігі милиция өмірінен жазылған шығармалар сериясын да қалыптастырған.

Кезінде қазақ әдебиеті өкілдері «Детективтік шығармалар классикасын» серия етіп жасақтай алған жоқ. Бүкілодақтық бәйгеден аты келген жалғыз  қаламгеріміз – Кемел Тоқаев!

Детективтік шығармаларды өнер тұтып, талғам таразысына тартып өлшегенде екі-үш жазушыны өлшем тұтуға болар. Бірі – атағы жер жарған Конон Дойл, екіншісі – арғы  ата-тегі ресейлік Жорж Сименон. Үшіншісі – детективке психологизмді әкелген Агата Кристи. Үшеуі – детективтік әдебиетке қарапайым баяндаудан тартып, психологиялық ішкі иірімге дейін үш түрлі мәнер әкелген жазушылар. Кемел Тоқаев – орыс әдебиетіндегі әріптесі Юлиан Семенов екеуін бір қосып айтқанда, Жорж Сименон мектебінің шәкірттері.

Оның шығармаларын тосын оқиға, өткір сюжет, алдымен сыртқы тартыс, сосын ішкі тартыс (жан арпалысы) ерекшелеп тұрады.

Шығармаларында шынайы өмір бар. Шынайы өмір шындығы көркем шығармада шеберлігі келісіп жатса, шынайы өнер деген сөз!

Кейіпкерлері – үлкен тағдыр иесі болып келеді. Өмірдегі үлкен тағдыр дегеніміз – өнердегі байтақ мазмұн.

Жалған революцияның жалған революционерлері жоқ оның шығармаларында. Оның шығармаларында «өтпелі отыз жылда» ел-жұртты ұмытып, өз жемсауын толтырумен жексұрын болған полиция да жоқ. Оның шығармаларында революция жеңісі де, қоғамның кері кеткен кесапаты да «советтік милиция» арқылы көрсетілді. «Моя милиция меня бережет» (В.Маяковский) деп жырлайтын милиция да – «Ет пен сүйектен жаралған» (С.Мұқанов) адам. Оның да кесірі, кежірі бар, оның да асыл қасиетті кісісі мен жалған кісілікті кісімегі аралас. Соның бәрін мидай араластырып, шынайы жырлай білген, сол арқылы қоғамның мол шындығын бере білген Кемел Тоқаев – детективтік әдебиеттің классигі!  Ол – жанрын тапқан жазушы!

              Құлбек ЕРГӨБЕК,

              жазушы-сыншы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button