Руханият

Көлік ішінде көшелі сөз

Астанада бір айға жуық уақыт бұрын «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл қоюдан басталған Қазақстан халқы тілдерінің XXV қалалық фестивалі аяқталды. Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған фестиваль аясында елорда әкімдігіне қарасты мекемелерде ертеңгіліктер, апталықтар, сынып сағаттары, байқаулар, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары өтті. Жалпы қала бойынша 300-ден астам ірілі-­ұсақты шара ұйымдастырылды.

«АНА ТІЛІ – АРЫҢ БҰЛ!»

«Тіл – халық мұрасы» атауы­мен өткен фестивальдің негізгі міндеті – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.

Сол мақсатта қала тұрғындары арасында «Ана тілің – арың бұл!» байқауы өтті. Елорда көшелері, саябақтар мен сауда орталықтарында және басқа да қоғамдық орындарда ұйымдастырылған байқауға қатысушылар сөздердің қазақ тілінде жазылуы және дұрыс айтылуы бойынша сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтел мен қанатты сөздердің мағынасын түсіндірді,  жұмбақтардан, жаңылтпаштардан құралған тапсырмаларды орындады. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға арнайы сыйлықтар берілді. Қаладағы көлік жүргізушілері де сұрақ-жауап ойынына тартылып, ана тілді құрметтеуге шақыратын жазбасы бар шағын жапсырмалар көліктің артқы терезелеріне жабыстырылды. Жалпы 400-ден астам көлікке 1500 ұлағатты сөз орналастырылды.

АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

Сонымен қатар бас қаладағы қоғамдық көліктердің ішкі салонына көрнекті тұлғалардың ұлағатты сөздері орналастырылды. Шараның негізгі мақсаты – тұлғалардың даналық сөздерін, өсиетін, тәрбие тұрғысынан берері мол қазынаны ел-жұртқа таныту. Астанада күн сайын 600-ге жуық автобус жолаушы тасымалдайды. Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасымен келісе отырып, 500-ден астам автобусқа қанатты сөз жазылған жалпы саны 1500 постер орналастыру жоспарланған. Соңғы бір апта ішінде 200 автобусқа 520 постер орналастырылды. Сондай-ақ тұлғалар туралы ақпарат қоғамдық көліктерде аудиоматериал ретінде әзірленіп, бұқараға ұсынылды. Әзірге елу бес ірі тұлға жайлы да аудиоматериал жазылды. Аудио тиісті аялдама және тұлға атындағы көшеге автобус келгенде қосылады. Қалалық Тілдерді дамыту және архив басқармасы осы арқылы қала ономастикасын елге жақынырақ таныстыруды, тарихи тұлғаларды дәріптеуді мақсат етті.

ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы тілдерінің XXV қалалық фестивалі аясында «Тіл – ұлттың жаны» тақырыбында семинар-форум өтті. Іс-шарада елордалық студенттер зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Келелі кездесуді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарас­ты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және «Қазақстан жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.

«Рухани-танымдық жүздесулердің студенттерге берері көп. Бұл іс-шара жас ұрпақ бойына елжандылық пен отансүйгіштікті сіңіруге, бейбіт күннің қадірін ұқтыруға, тәуелсіздіктің қасиетін жастарға дәріптеуге, әдебиетімізді дамытуға, тіл тазалығы мен мәдениетін сақтауға бағытталды» деді өз сөзінде қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Сондай-ақ іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, әдебиеттанушы ғалым Амантай Шәріп, жазушы Орынбек Жолдыбай, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, ЕҰУ қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазин, белгілі ақындар Серік Сейітман, Ербол Алшынбай, ұстаздар және студенттер қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік тіл мәселесі, тіл қажеттілігін қалай көтеру керек, ұлттық кодты сақтап қалуда жастардың неге мән бергені дұрыс және т.б. маңызды сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді. Профессор Серік Негимов мемлекеттің болашағын жарқын ететін білімді, елін сүйетін жастар қолында екенін баса айтып, студенттерді патриот болуға шақырды. Жазушы Орынбек Жолдыбай жастардың шет тілдерін меңгеруде ана тілін ұмытпай, насихаттап жүргені дұрыс десе, ал ғалым Амантай Шәріп Ресей империясының қол астына қараған халықтың бәрінде ана тілдің шұбарлануы, жойылып кету қаупі болғанын сөз етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер елорданың бірқатар жоғары оқу орындарында жалғасын табады. Ал қала мектептерінде «Тілге құрмет – ұлтқа міндет» мәдени-танымдық шарасы ұйымдастырылды.

Аманғали Қалжанов,

Индира Бержанова

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button