Мерей

Өмірі спортпен өрілген

Саналы өмірін бұқаралық спорттың дамуына ­арнап, әлі де осы салада еңбек етіп жүрген Дәулет Хамзиннің айтары анық, бояуы қанық. Белбеу күресінен ұлттық дәрежедегі төрешіні әңгімеге тартып, сұхбаттасқан едік.

– Целиноград облысы Астрахан ауданындағы Жалтыр стансасында тудым. Ауыл балаларымен бірге доп теуіп, футболға қатты қызықтық. Институтта оқыған жылдары үстел теннисінен шеберлігімді шыңдап, түрлі деңгейдегі спорттық турнирлерге қатыстым. Шүкір, спортта жолым болған адаммын. Екеуінен де спорт шеберлігіне үміткер атандым, – деп бастады әңгімесін ол.

1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын спорт және дене шынықтыру мамандығы бойынша бітіріп, институт қабырғасында еңбек жолын бастап, студенттерді спортқа баулиды. 1987 жылы Қазақ аграрлық техникалық университетінде аға оқытушы қызметін атқарады.

2009 жылы, ағартушылық қызметімен қоса, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы жанындағы спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясында белсенді еңбек етіп, елордада спорттық іс-шараларды көптеп өткізуге үлес қосады.

– Бұқаралық спортты дамытудың жолы – спорттық инфрақұрылымды дамыту және спорттық іс-шараларды жиі өткізу. Әрине, біріншісі – шаһар әкімшілігінің құзырындағы іс. Бұл бағытта спорттық кешендер бой көтеріп, халықаралық, республикалық деңгейде өтетін чемпионаттарды қабылдайтын велотрек, мұз сарайы және жеңіл атлетикалық залдар есігін ашты. Сондай-ақ фитнес-орталықтар, тренажерлік залдарды оңай табуға болады. Алайда бас шаһардың әр ауданында көпшілікке арналған спорттық ғимараттар көбейсе артықтық етпейді.

Ал түрлі деңгейдегі турнирлерді өткізуде кенже қалған емеспіз. Елдегі ірі компаниялар – «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК және т. б. арасындағы турнирлерді, жоғары оқу орындары арасындағы спартакиадаларды өткізудің дәстүрі қалыптасты, – дейді өз ісіне берілген маман.

Дәулет Тұратұлынан отандық спортшылар әлем чемпионат­тарында чемпион болуына не жетіспей жүргенін сұрадық.

– Чемпиондар шығуда. Бар. Бірақ көп дей алмаймыз. Оған түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Қазір әлемдік спорт қатты дамып кетті. Спортшылар да ет пен сүйектен жаралған. Олар да шаршайды, шалдығады. Осындай кезде сауықтыру-оңалту орталықтарында физикалық күш-қуатын тексеріп, спортшыға берілетін физикалық жүктемені реттеп отыру өте маңызды. Бізде мұндай орталықтар ел бо­йынша бір-екеу ғана. Сосын спортшымен психологтар мен арнайы массажшылар жұмыс істегені абзал. Қысқасы, спорт саласын ғылыммен ұштастырып дамыту маңызды, – деп түсіндірді ардагер спортшы.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button