Басты ақпаратҚоғам

Газет оқымайтын мұғалім қайдан шықты?

Кеңестік кезеңде қалыптасқан әдет, дағды, дәстүрлердің бәрін құрдымға лақтырып, ой-санамызды жаңартуға тырысып жатқанымыз рас. Бірақ үй тазалағанда үйілген бұйымдарды іріктеп отыруға ерініп, қоқысқа тастай салғысы кеп тұратын парықсыз әйел секілді «ескіліктен арылу» мәселесінде жақсы мен жаманды, керек пен басы артық дүниелерді ажыратып жатпай, бір-ақ ысырып тастауға бейіл тұратынымыз қызық. Сол кей «керектің» арасында, өкінішке қарай, кітап, газет-журнал оқу да «ескіліктің сарқыншағы» сияқты девальвацияға айналып бара жатқандай. Оған мүдделі болып отырғандар арасында мұғалімдердің бары ойландырады. Таяуда фейсбук әлеуметтік желісінде жарық көрген мына екі пікірге назар аударалық.

 

Aйнұр СЕМБАЕВА,
«Заң» газетінің бас редакторы:

– Қолында мөрі бар басшылардың көбі баспасөзге жазылуға мән бермейді. Қолдау көрсетуін сұрасаң «Біз ешкімді міндеттей алмаймыз» дейді бірауыздан. «Сайттардан оқи саламыз ғой» дейтіндері де аз емес.
Сөйткен соң тыныш отырсашы. Жоқ! Жазылуға құлқы жоқтар шетінен газетке шығуға құмар. Жақындарын, жақсы істерін көрсетіп қалуға әуес. Өйткені газетке басылған мақала атадан балаға, одан немереге жетеді. Жарқыратып көрсетіп мақтануға жақсы. Ал жазылған жаман, ақшаң кетеді. Біздің идеологияның ақсап жатқаны да сондықтан. Қазір бұрынғыдай жазылуды еске салып отырмаған соң газет-журналдан мүлде қол үзіп қалған отбасылар көп. Тіпті «Ұлан» мен «Балдырғанды» білмей өсіп жатқан балалар қаншама?! Бір той үшін шашына 5 мыңға прическа жасататын аналар 2 мыңды газетке беруге қимайды. «Неге керек? Оқитын түк жоқ!» дегендерін естігенде күйіп кетесің ғой. Газеттің әр нөмірінің жарқырап шықпасы белгілі. Бірақ қажетке жарар бір мәліметтің болатыны анық емес пе?
«Заң газетіне» қатысты да соны айтуға болады. Республикадағы тұңғыш құқықтық басылым болған соң оқырмандарымыз аз деп айтпаймыз. Бірақ заңгермін, адвокатпын, прокурормын, судьямын, әділет саласының қызметкерімін, ішкі істер саласының өкілімін деп есік қағатындардың көбі газетке жазылмайды. Соған қарамастан басшылары бекіткен жоспарға сәйкес айына, тоқсанына бір рет мақаласын шығарып тұрғысы келеді. Сонда деймін, медиа-планды қатырып жасағанды білгендер «не газетке жазылмаймыз, бұлар мақаласын қайда шығарар екен?» деп бас қатырмайтын болып тұр ғой.
P.S: Жылдың аяғында құзырлы орындар ақшаларын игере алмай әлек болып жатады ғой. Солар жағдайы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға газет-журналдарды жаздырып берсе қандай сауапты іс болар еді. Телефонға телмірген бала-шағаға да пайдалысы сол.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
ҚР білім беру ісінің үздігі:

– Құрметті редактор!
Неге біреу өзінің шашына макияж жасайтын немесе бала-шағасына нан алатын ақшаны сіздің газетке қия салу керек?
Адам өз ақшасын араққа жұмсаса да, көшедегі қайыршыға берсе де – өз еркі.
Өз газетіңіздің қажет екенін дәлелдей алмасаңыз кімге ренжисіз?
Газет шығару – бизнес, газет – тауар.
Сіз өз тауарыңызды бәсекеге қабілетті етіңіз.
Сіздің газетіңізді оқымаса, дүниенің суалып қалуы мүмкін екеніне, кәсіби тұрғыда дамымай, өмірден қалып кететініне оқырманды сендіріңіз.
Қалай болғанда да, оқырманды жоғарыдан қысым жасап немесе сіз секілді ұялтып мәжбүрлеу дұрыс емес.
Оқырман өзі жазылатын болсын!

ЕЛ НЕ ДЕЙДІ?

Бұл пікірлердің қай-қайсысын да даттап жатқандар да, мақұлдап, мақтап жатқандар да жетеді. Фейсбук қолданушылар Galiya Azhenova, Жансая Жунисова «Заң» газетін оқымайтын судьялар барын жазса, Darhan Muhan: «Жазылуды қиынсынса, үзіліс кезінде кітапханадан оқыса ғой. Соған қарамай «7ә сыныбында ашық сабақ өтті» деген хабарын газетке басқысы келеді. «Газетке жазылмаймын!» деп байбалам салмас бұрын, өзіне «осы мен газет, журнал оқып жүрмін бе?» деген сұрақ қоюы керек сияқты. Интернеттің игілігін бізден бұрын пайдаланған елдерде де газет шығып жатыр, демек газеттің орны мен маңызы жойыла қойған жоқ. Шет елдерде мұғалімдер газетті сатып алып оқиды» деп жазыпты. Өзін мектеп мұғалімі деп таныстырған Aidana Batirhan: «Ренжімеңдерші! Сол газетке зорлап жазылатынның бірімін. Шынымды айтсам, оқымақ түгіл, кітапханадан алмаймын да» десе, Ләззат Тұрсұнжанова: «2011-2013 жж. «Бастауыш сынып» журналына жазылған едім. Квитанциямды жіберіп мақалаларымды тегін шығарғаным бар. Редакторлар солай жасаса, жазылады ғой ұстаздар. Категория көтергенде, рейтингке медия керек қой» депті. Ал Света Алпамысова Өмір Шыныбекұлына «өте орынды жазыпсыз» деп қолдау білдірген.
Мұндағы Дархан Мұқанның сөзін белгілі журналист Серік Пірназардың «Астана ақшамы» газетінің 2018 жылғы 13 қараша күнгі нөмірінде жарық көрген «Қағаз газеттің қауқары қайт­қан жоқ» атты мақаласымен де растауға болады. Онда «газет өледі», «газет оқылмайды» деген дақпыртқа ермей, стратегиялық бағытын өзгертіп, қолында бар құралды тиімді пайдалана білген елдерде қайта газеттердің тиражы жедел қарқынмен өсіп, басылымдар шығармашылық ұжымға да, қоғамға да пайдасын тигізіп отырғаны жазылған еді. Мәселен, 1923 жылдан бері шығып келе жатқан Мәскеу қалалық «Вечерняя Москва» газеті күніне 2 рет 85 мың данамен, аптасына 1 рет 1 млн 286 мың данамен шығады. 1851 жылғы 18 қыркүйектен бері жарық көретін АҚШ-тың «The New York Times» басылымы әдетте 1 млн 131 мың данамен, ал демалыс және мереке күндері бұл мөлшер 1 млн 681 мың болып шығады. 1877 жылы негізі қаланған «The Washington Post» та цифрландыру дүмпуінің дүресіне ат қойып өтіп, енді қазір 1 миллионнан көп тиражбен жарық көреді. Ұлыбританияның күн сайын шығатын «The Guardian», француздың «Le Figaro» газеті де күн сайын таралымын арттырып келеді. Техника, технологиясы жедел дамыған Жапония да электронды құралдардан қайтадан қағаз жүзіндегі өнімдерге бет бұра бастады.
Аталған елдердің газет журналистикасы да, соған сай оқырмандары да қатар дамып, өсіп, жетіліп келеді. Ол елдерде еркіне салса да «ешкім міндеттемеу керек», «газет оқымаймын» деп азаматтық сананы дамытуға, құндылықтарды сақтауға қарсы шығып, көлденең тұрып жатқан мұғалімдер жоқ секілді.

ТҮЙІН

Әрине, кейде «газетіне зорлап жаздырып, оқырманды мезі қылып жүрген кімдер?» деген де ойға қаласың. Кеңестік кездегідей бір үйде үш адам жұмыс істесе, солардың үшеуі бірдей республикалық, облыстық, аудандық әкімшіліктердің негізгі басылымына зорлықпен жазылып жатқан жоқ шығар, бұрынғыдай бір газет бір үйге қос-қостап келмейтін болар деп үміттенетініміз де бар.
Десек те, мұғалімге «мен газет оқы­маймын» деп отырған жараса ма? Қоғамның өзге мүшелері секілді көпшілік жас мұғалімдердің қазір кітап, газет оқымаса да инстаграм «жұлдыздарының» парақшаларына жазылып, оқитыны анық қой. Әлбетте, кім не оқып, не көреді – өз еркінде. Бірақ қоғамның жайын, елдің мәселесін жазып, билік пен қарапайым халық арасында алтын көпір болып отырған басылымдарды оқымайтын, әлеуметтік желілер жетегіндегі ұстаздардан қандай ұлағат күтуге болады? Олардың сөйлеу мәдениетінен, балалармен қарым-қатынасынан, айтатын әңгімесінен қалай да рухани деңгейі көрініп тұрмай ма? Әлеуметтік желілердегі «жұлдыздардың» жеке өміріндегі жаңалықтарын оқудан аспайтын мұғалімдер балаларға не айтып, сабағын қалай қызық етіп өткізуі мүмкін? Әрі-беріден соң олар көшелі сөз айтып, өзін тұлға ретінде мойындатып, балаларды баурай ала ма?
Дәл қазіргі уақытта «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң жобасы қоғам талқысына ұсынылғаны белгілі. Бірақ газет оқымайтын мұғалімдердің сол жобаны толығымен оқып шыққаны күмән туғызады. Өйткені оны кейбір сайттар жариялаған, бірақ оны ашып оқу үшін арнайы тіркеуден өту, көшіріп алу, т.б. талап етіледі – машақаты көп.
Бұдан шығатыны, баспасөз бетінде, негізінен, қарапайым халықтың, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәселесі қозғалып жатады. Өзекті ой, орнықты сөз айта білген оқырманның пікірін жариялаудан да ешбір газет қашқан емес. Сөйтіп тұрып мұғалімдердің «газет оқымаймын» дегені «мен өз тағдырыма бейтарап қараймын, өмірімді жақсартуға, елімді өркендетуге ұмтылмаймын», яғни «маған бәрібір» дегені емес пе?
Сіз қалай ойлайсыз?

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button