Басты ақпаратСұхбат

Ғалам бір ғана бөлшектен жаралған ол – эфир бөлшегі

Алдыңғы жылы бас шаһарда ұлы ға­лым Никола Теслаға көше бе­ріл­ді. Бұл – атақты өнер­тапқыш­қа көрсетілген үлкен құрмет. Анасы «Күн сәулесінің баласы» деп атаған айтулы ғалым физика, инженерия, электроника және радиотехника саласында адам таңғаларлықтай жаңалықтар ашып, әлемдік ғылымға олжа салды. Бірегей тұлға көзі тірісінде ғылымның келешегін болжап, 2018 жылы әлемнің жаңа теориясы туады деп айтыпты. Кім біледі, осы жаңалықты қазақ баласы да ашуы мүмкін ғой?! Өйткені ғалым Ізеталы Шаймерденұлының әлемнің жаратылысы жайындағы жаңа теориясы ғылымдағы соны ізденістерге жетелейді. Ізеталы аға қара жаяу адам емес. Алматыдағы физика-математи­ка мектебінде үздік оқып, Мәскеу мем­лекеттік университетін тәмам­даған. Үш патенттің авторы.

Ізеталы ТІЛЕШОВ, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

– Аға, өзіңіз ойлап тап­қан теорияның басқа тео­риялардан қандай айыр­машылығы бар?

– Бүгінге дейін әлем­нің ашылмаған жұмбағы жетерлік. Өз басым ғалам­ды реттеп, заң­дас­тырып отыратын бір құдіретті күш бар деп сенемін. Қазір мүйізі қарағайдай ғалымдар да осындай ойға келіп отыр. Бүгінде көзі қарақты қауымды осы әлемді кім жаратты, ол қалай жаралды деген сан сауал ойландырып келеді. Бұл ой менің де ұйқымды қашырды. Сондықтан өзім физик, ғалым ретінде әлем­нің жаратылысы жайында зерттеу жұмыстарын жүр­гіздім. Оның теориясын жасадым. Нәтижесі де көңілімді көншітті. Бұл теорияда бізді қоршап отырған ғаламды бір құдірет күштің жаратқаны ғылыми дәл­діктермен дәлелденді. Құ­ді­рет­ті күш әлемді өте май­да бөлшектерден шек­сіз тор жасады. Ол майда бөлшектер эфир деп аталады. Осы тордың кей­бір жерлерінен, эфир бөлшек­терінен тұратын, керекті массасы ойылып алынған (оны физикада қара тесік деп атайды). Содан кейін ойып алынған эфирден (шамамен 5 па­йыз) галактика, жұлдыздар, планеталар және қалған басқа заттар жасалған.
Қара тесіктен эфирді ойып алған соң, әлемде эфирдің екі түрі пайда болады: біріншісі – тордағы қозғалмайтын эфир (эфир­­­дің бөлшектері тордан кетпейді, бір орнында тең­селіп тұрады). Екіншісі – қозғалғыш эфир (ойылып алынған эфир, тордан бос жүрген эфир, ол галактикадағы жұлдыз, планеталармен бірге қара тесікті айналып жүреді). Қозғалғыш эфирдің ты­ғыздығы қара тесіктен алыстаған сайын азаяды да, осы галактикадан тыс жерде бітеді. Қозғалғыш эфир, жұлдыздар мен планеталар қара тесікті айналдырып, итеріп жүреді. Қозғалғыш эфир, жұлдыздар, планеталар – бәрі қара тесікті бір жиілікпен айналады. Сондықтан қозғалғыш эфир, жұлдыз және планеталар бір-біріне қарағанда қозғалмайды.
Әлемде эфирдің тығыз­дығы жұлдыз, планета және басқа заттарға қа­рағанда өте жоғары. Құ­діретті күш барлығына: галактикаларға, жұлдыз­дарға, планеталарға, эфирге және т.б. бастапқы импульс берді (айналдырды) және біздің әлемге 9 санын код етіп жасап берді.
– Никола Тесла да 1-ден 9-ға дейінгі сандар жайлы айтады…
– Иә. Ол осы сандардың біздің әлемде маңызды екенін көрсетіп, бүгінгі уақытты цифрлық ғасыр болады деп айтқан. Қара тесіктерден эфирді ойып алғаннан кейін, ол жерлерде эфирдің тығыздығы мен қысымы ноль болып қалды, сондықтан барлық зат сол жерге тартылып, құлауға ұмтылады (қара тесіктің гравитациясы осылай пайда болады).
Эфир бөлшектерінің саны шамамен 1025 дана 1м3-та болады. Бұл әлемдегі эфир бөлшектерінің 1 м кубтағы тығыздығын көрсетеді. Бір санын осы санға бөліп, эфир бөлшегінің өлшемін табамыз. Ол 10-25 м болады. Бұл – өте кішкентай сан. Салыс­тырмалы түрде айтсақ, эфир бөлшегі атомның ядросынан 10 миллиард есе кішкентай. Қозғалмайтын эфир бөлшектері өз орнында тек қана теңселіп тұрады. Егер оған сырттан әсер болса, ол әр кез өз орнына қайтып оралады. Ал қозғалғыш эфирдің бөлшектері қара тесікті айналып жүреді. Біздің клеткаларымыз, атомдарымыз эфирдің бөлшектеріне қарағанда өте үлкен, бірақ тығыздығы өте аз, сондықтан эфир бөлшектері біздің денемізден емін-еркін өтіп кетеді. Егер тоқтап тұрсақ немесе бірқалыпты қозғалсақ, біздің денемізде эфир бөлшектерінің саны тұрақты, баланс болады. Егер үдемелі қозғалыста болсақ, бұл баланс бұзы­лады да, бізге тиетін күшті сезінеміз (инерция күші, гравитацияның бір түрі).
– Осы теорияның көмегі­мен не жасауға болады?
– Электронның радиусі, соңғы өлшеулер бойынша, шамамен 2,5*10-20 см. Электрон – өлшемі жағынан эфир бөлшектеріне ең жақын бөлшек. Сондықтан электрон ағымдарын бас­қара отырып, ұшатын аппарат жасауға болады. Мысалы, ұшатын тарелка секілді.
Сондай-ақ, генераторлар, энергия көздерін (жанармайды қажет етпейтін) жасай аламыз. Жойқын қару да жасауға және қаруды жылдам жеткізетін аппараттарды да жасауға болады. Бірақ мен оны қа­ламаймын, ол бағытта жұ­мыс істемеймін.
Бүкіл әлем құдірет күш­пен жасалса да, қара­пайым­дылықты ұнатады. Ол бүкіл әлемді бір ғана бөлшектен жаратқан, ол – эфир бөлшегі. Бәрі – данышпандықпен және қарапайым жасалған.
– Теорияңыздағы жер­дің тартылыс күші (гравитация) Ньютон айтқандай емес пе?
– Гравитацияның пайда болу механизмі басқаша. Екі дене бір-бірін тарту үшін оларды эфир бөлшектері бір-біріне қарай итереді. Егер дене тығыз заттардан тұратын болса, онда ол өзінен эфир бөлшектерін көп итеріп шығарады да, гравитациясы да көп болады. Гравитацияның пайда болу табиғаты сондай, денелер бір-біріне эфир арқылы тартылады. Барлық жұлдыздар мен планеталар сфера болып келеді, олар бір-бірін тарту үшін үшінші дене арқылы итерілуі керек. Мысалы, су ішіндегі көпіршікті алсақ, судың тығыздығы көпіршіктің тығыздығынан өте үлкен. Сондықтан су көпіршікті жан-жақтан қысады, кө­піршіктің гравитациясы пайда болады. Ал біздің жағдайда көпіршіктің орнында – жер планетасы, судың орнында – эфир. Эфирдің тығыздығы жердің тығыздығынан әлдеқайда көп. Біз жерді эфирге салғанда, эфирдің бір бөлігі жердің бөлшектерімен сыртқа итеріліп шығады, екінші бөлігі жердің ішінде қалады. Сыртқа шыққан эфир жерді қоршап, жан-жағынан қысады. Жердің тартылыс күші, яғни гравитациясы осылай болады.
Протондардың арасында эфир бөлшектерінің саны сырт жағындағы эфир бөлшектерінің санынан аз. Сондықтан сырт жағындағы қысым үлкен болады да, протондар бір-біріне тартылады. Дәл осындай қағидамен ұшақ қанатының көтергіш күші жұмыс істейді.
Біздің жер планетамыз өзіндегі эфирдің бір бөлігін сыртына мына заңдылықпен 1/R2 итеріп шығарды, R – жердің цент­ріне дейінгі радиус. Итеріліп шығарған эфир­дің саны Архимед заңымен есептеледі (бұл жерде ескерілетін жағдай, эфирдің бір бөлігі жердің ішінде қалады). Тағы бір байқайтын нәрсе, еркін құлау үдеуінің шамасын білсек, планетаның негізінде қандай элемент­терден тұратынын білуге болады. Осы теория бойын­ша планетаның полюс­терінде еркін құлау үдеуі экваторына қарағанда үл­кенірек.
Құдірет күш эфирлік тордан керекті материал­ды суырып алып, оның аз­ғантай бөлігінен галактиканы, жұлдыздарды, планеталарды, тағы бас­қаның бәрін жаратты. Осы жасалған заттардың тығыздығы эфирдің ты­ғыздығына қарағанда өте азғантай. Қалған эфир мен жаратылған галактика пайда болған қара тесікті ай­налуға жіберілген. Га­лактикадағы барлық жұл­дыздар, планеталар, т.б. – бәрі осы қозғалғыш эфирмен итеріліп жүреді. Сондықтан барлық жұл­дыздар мен олардың планеталары галактикадан әртүрлі қашықтықта болса да, галактика оны бірдей жиілікпен айналады. Ал әр жұлдыздың планеталары өз жұлдызын әртүрлі жиілікпен айналады. Себебі қозғалғыш эфир оларды орбиталарымен итермейді. Бұл қозғалыс галактиканы айналу қозғалысына перпендикуляр болып келеді. Сонымен жұлдыздар, планеталар және қозғалғыш эфир бір-біріне қарағанда қозғалмайды, бірге жү­зіп келеді. Тордағы эфир қозғалмайды, тек бір орнында теңселеді. Қоз­­ғалғыш эфир мен жұлдыз, планеталар су­дағы көпіршік-губ­ка­лар секілді. Көпіршік-губкалардың ішінде жұл­дыздың, планетаның және қозғалғыш эфирдің бөл­шектері бар. Бірақ олар­дың тығыздығы эфирмен салыстырғанда өте аз. Итеріліп шығарылған қозғалғыш эфирі сол жұл­дыз, планеталарды қоршап, гравитация жасайды және бәрі бірге галактиканың орталығын айналып жүзеді.
Ол гравитацияның мөл­шерін есептеп шығаруға болады. Мысалы, Жер планетасы үшін еркін құлау үдеуі эксперименталды деректермен сәйкес болып шықты – g=9,8 м/с2. Ал қозғалмайтын эфир (тордағы эфир) жұл­дыз­дардың және пла­нета­лар­дың ішіндегі балансты бұз­байды.
– Тағы қандай таби­ғи құбылыстарды түсін­діреді?
– Бір сұхбаттың аясын­да жаңа теория туралы айтып шығу мүмкін емес. Қысқаша, ғылыми дәлдікпен айтайын. Әлемде массасыз бөлшек жоқ. Негізінде, тұрақты 5 қана бөлшек бар. Олар: протон, нейтрон, электрон, фотон және эфир. Оң және теріс зарядтың табиғатын, магнетизмнің қалай пайда болатынын түсіндіреді, фотонның қалай пайда болып, қалай жоқ болатынын және тағы басқа көптеген физикалық эффектерді түсіндіреді.
– Осы ғылыми жұмысы­ңыз­дың авторлық құқы­ғын алдыңыз ба?
– Әрине, алдым. Оны «Ізеталы теориясы» деп атадым.
– Рақмет, аға! Еңбегіңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button