Басты ақпарат

Ғаламдық дамудың бес мегатренді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты XI Астана экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне қатысып, сөйлеген сөзінде биылғы форумның жаһандық сын-тегеу­ріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастыратынын мәлімдеді.

«Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтар­лықтай арттыру қажет. Бұл сала енді жоғары технология­лық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін
2,5 есе арттыру мақсаты қо­йылып отыр» деп атап өтті Ел­басы. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда агломерацияларды дамыту жөніндегі стратегия іске асырылып жатқанын, сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мерекелеу барысында өтетін Жібек жолы елдері ірі қалаларының форумы туралы айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев атал­ған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанына тоқталды. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады. «Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат таратудың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындау мәселелері талқыланады. Жаһандық дағ­дарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз» деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Бұл басқосу бұрынғыдан өзгерек…

17-19 мамыр аралығында «2018 АЭФ Global Challenges Summit» деген атаумен өткен басқосуға әлемнің 111 елінен 500-ден астам спикерлер мен
5 мың адам қатысты. Мәртебелі меймандардың арасында БҰҰ-ның 8-інші Бас хатшысы Пан Ги Мун, әйгілі физик, теориялық физиканы және ғалам құрылымы туралы заманауи тұжырымдамаларды дәріптеуші Митио Каку, «Цифрлық экономика жөніндегі бастамалар» авторларының бірі Эндрю Макафи, америкалық өнертапқыш, инженер және программист, Apple Computer компаниясының тең құрылтайшысы Стив Возняк, француз саясаткері, Францияның бұрынғы президенті (2012-2017) Франсуа Олланд, британдық қаржыгер, Chatham House төрағасы Джим О’Нил, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнь, ресейлік кәсіпкер, «Яндекс» компаниялар тобының иесі және бас директоры Аркадий Волож және басқалар бар. Форум шеңберіндегі панельдік пікірталас, дөңгелек үстел, тұсаукесерлерде адамның ұзақ өмір сүруі, келешектің ақшасы, сандар әлемі, жаһандық қауіпсіздік, біртұтас экономика, ресурстар мен қалалар әлемі, жаңа таза энергия, болашақтағы технологиялар сияқты 11 жаһандық мәселе қызу талқыланды.

2050 жылғы қалалар қандай болады?

Қазіргі таңда ғаламшар тұр­ғындарының жартысынан ас­тамы қалаларда тұрады. Ға­­лымдар 2050 жылға қарай Жер тұрғындары саны 10 млрд адамға жуықтап, соның ішінде 70-80 пайызы қалаларда тұратынын болжауда. Демек, адамзаттың болашағы қаламен тікелей байланысты. Бірақ қалалар барлық адамдарды қабылдауға дайын ба? Болашақтың қалалары қандай болады? Бұл туралы форумның 2-нші күні «Мүмкін еместі қайтару. 2050 жылғы қалалар көрінісі» атты панельдік пікірталаста әңгіме өрбіді. Бүгінгі таңда әлем қалалары өз келешегінің ұзақ мерзімдік жоспарларын жасауда. Қытайдағы шетелдермен достық қарым-қатынас жасау қауымдастығының директоры Ли Шинлю өте қызықты тұсаукесер өткізді. Оның айтуынша, жаңа ғасырдағы технологиялық төңкеріс қалалардың қызметін, келбетін мүлдем өзгертеді. «Қала – өркениеттің символы. Алдағы уақытта ол адамдардың өмірі үшін аса жайлы, қолайлы мекен ғана болмақ. Мысалы, Қытай үкіметі Бейжіңнен шеткі ауданынан мүлдем жаңа тұрпаттағы қала салуды ұйғарды. Шоань толықтай жасыл, инновациялық мекен болмақ. Оның тұрғындары апат, төтенше жағдай деген мәселеге бас ауыртпайды. Себебі кез келген апаттың алдын алу, тез арада жою жүйесіне ерекше мән беріледі. Оның ауасы да, көшелері де, әлеуметтік ортасы да мүлдем басқаша. Ол жерде әлемдегі ең өркениетті қала салынады» деді ол.

«Ақылды» қалаларды қуып жетеміз

Кеше Конгрес-орталықта «Қалалар «ақылды» болып туа ма?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Осы жиында Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова Астананың «ақылды» қала тұрғысынан қалай дамығаны жөнінде сөз сөйледі. Оның айтуынша, 5-6 жыл бұрын жасалған даму стратегиясы өз жемісін беруде. «Біз ең алдымен қоғамдық ортаны, әлеуметтік қызметті барынша жетілдіруге күш салдық. Мысалы, қауіпсіздік жүйе­сін алайық. «Ақылды» технологиялардың нәтижесін­де өткен жылмен салыстыр­ғанда қылмыс – 37 пайызға, көшедегі жол-көлік оқиғалары 40 пайызға азайды. Астанада қазір қоғамдық көлік ең қауіпсіз жағдайда» деді ол. Сонымен қатар, бұрын қағаз түрінде берілетін қызметтер онлайн-тәртіпке көшкенін айтты. «Смарт-Астана» қосымшасы арқылы қазір халыққа 17 қызмет түрін көрсетеміз. Кез келген көліктің кестесін, билетін де үйде отырып сатып аласыз. Велосипедті жалға алуға, автобусқа мінуге қажетті картаны да онлайн толтырасыз. Бұл – аз ғана уақытта жеткен жетістігіміз. Алдағы уақытта «ақылды» қалаларды қуып жетеміз!» деді М.Бектұрова.

Робот барлық жұмысты ауыстырады деген қауіп жоқ

Форумда жұрттың назарын өзіне ерекше аударған адамның бірі – әлемге әйгілі физик, теориялық физиканы және ғалам құрылымы туралы заманауи тұжырымдамаларды дәріптеуші, «Мүмкінсіздіктер теориясы» бестселлерінің авторы Митио Каку. Ол келешекте есепші, брокер сияқты мамандықты құлтемір ауыс­тырады деген пікір айтты. «Қазір олар пана, ас іздеген тарақандарға қатты ұқсайды. Бірақ уақыт өте «ақылды» болады. Тышқан, атжалман, қоян, қасқыр, ит тәрізді дамиды. Жүзжылдықтың соңында олар маймылды қуып жетеді. Тіпті айтқаныңды тыңдағыш машинадан кісі өлтірушіге де айналуы мүмкін» деп сақтандырды ғалым. М.Какудың айтуынша, адвокат, заңгер, ғалым, полицей, әртістер еш үрейленбей-ақ қойсын. Себебі бұл мамандықтарды құлтемірлер ауыстыра алмайды.

Физик-теоретик қатысқан жиындардың бірінде мәртебелі мейманға бір-екі сауал қойдық

– Митио мырза, қазіргі кезде әлем­нің дамыған елдерінде жұмыс орындарын құлтемірлер ауыстыруда. Мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып жатыр. Бұдан қандай да бір зор қауіп бар ма?
– Осы басқосуда айтқанымдай, роботтар көптеген салаларда қолданылуда. Мысалы, медицинада ісік ауруларын тез анықтауға көмек береді. Науқастарды емдеуде де жәрдемі мол. Бірақ олар адамның бет-әлпетін анықтауға әлі дәрменсіз. Өндіріс орындарында кейбір ауыр жұмыстарды құлтемірлер атқарып жүр. Лас жұмыстарды да оларға сеніп тапсыруға болар еді. Мысалға, кәдімгі күл-қоқысты жинауды алайық. Олар күл-қоқысты жинап алып, жүк көліктеріне тией алмайды. Өзіңіз ойлаңызшы, құлтемір ұшақты басқара ала ма? Жоқ! Ондай ұшақ жерге құлайды. Өйткені ол адам сияқты ойлай алмайды. Ал адамның ойлау дәрежесіне жетуі үшін көптеген ғасырлар керек.
– Сіз олар шығармашылық және инновациялық жұмыстарды да атқара алмайды дегенді айттыңыз.
– Иә. Әлемге танымал рок-н-ролл – Англияның рухани байлығы. Оны адамзаттық құндылық дәрежесіне жеткізген – адам. Ал құлтемірлер ән шығарып, би билей ала ма? Жоқ! Олар ән шығара алмайды, тіпті адам шығарған әнді көшіре алмайды. Демек, инновациялық және шығармашылық жұмыстарды құлтемірлер ешқашан ауыстыра алмайды деген сөз. Бұл жерде алдағы ондаған жылдарды айтып тұрмын.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button