Тәуелсіздікке 30 жыл

Ғарышты игерген ел



Байқоңыр – ғарыш қақпасы. Ал оның дәл біздің жерімізде орналасуы еліміздің тарихи маңызын арттыра түсті. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның әрбір бүлдіршіні «ғарышкер» болуды армандап өсуде. Ғарышты игеру өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны да анық. Бұл сала – Жер шарындағы экономикалық дамудың, адамзатқа қажетті түрлі игіліктерді жүзеге асырудың маңызды тетігі.

[smartslider3 slider=1586]

азір орбита­ға зымыран ұшыру үйреншікті нәрсеге айналғандай. Кеңістікте Халықаралық ғарыш станциясы жұмыс істейді. Марсқа бару да жиіледі. Тіпті туристік саяхат ұйымдастыратындай кезеңге де жеттік. Ғарышты бағындыру Байқоңыр­дан басталған. 1957 жылы адамзат тарихындағы тұңғыш жерсерігі ұшырылды. 3 жылдан кейін Юрий Гагарин қазақ даласынан «Кеттік!» деп ғарышқа алғаш рет аттанды. Ал 1969 жылы АҚШ-тың аңызға толы «Аполлон-11» миссиясы Айға қонды. Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толды. Кеңес ғарышкері Юрий Алексеевичтің көк жүзіне самғап, аспан әлеміне алғаш жол ашуы бүкіл әлемдік ғылымның айрықша серпінмен қарыштап дамуының жарқын көрсеткішіне айналды. Бұл теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде, Қазақстанның қасиет­ті топырағында жасалды. 65 жылдан бері әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» осы уақытқа дейін 150 ғарышкер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтты. Бұл жерден кеңестік кемелер, сосын Ресей мен шетел кемелері ғарышқа ұшты.

Ғарышқа ұшуды қиял жетегіне берілген кез келген жан армандағанмен, оған үміткердің жеке психологиялық және физикалық дайындығымен қоса, мақсатты бағдарламасы болуы шарт. Әрине, саяхатшы ретінде ғарышқа ұшу қазіргі кезде ешкімге таңсық емес, ал қоғамға, адамзат баласына пайдалы іс тындырып қайту үшін де үлкен ғылыми ізденіс пен ыждаһаттылық қажет. Біздің елден ғарышқа ұшқан үш азаматымыз да бұл жағынан қазақ халқын жерге қаратқан жоқ, қайта ғылыми еңбектері арқылы еліміздің мерейін үстем етіп, күллі адамзат баласына пайдалы іс тындырып қайтты.

Тоқтар Әубәкіров десе – бәріміздің көз алдымызға жайдары жүзді, құрыш денелі, қайсар азаматтың шуақ шашқан нұрлы бейнесі жылыұшырап келе қалады.Тоқтар Әубәкіров десе, бұдан отыз жыл бұрын бар қазақтың туын көтеріп, рухын асқақтатып оның ғарышқа аттанған ұмытылмас сәті еске түседі. Бүгінде қалыбы қыран тектес қайсар жанға деген қазақтың ілтипаты әлі күнге дейін бір мысқал кеміген емес. Ол – дыбыстан да озған ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Сол кеңес заманының өзінде әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Ол – Дүниежүзілік авиация музейінде (АҚШ) есімдері мәңгілікке мәрмар тасқа қашалып жазылған ірікті он әскери ұшқыштың үшіншісі. Қазақ үшін мұның ешқайсысы ешқашан да көптік еткен емес, бірақ… осы жылдар ішінде Тоқтар Әубәкіровті жанындай жақсы көретін қазақ халқы үшін ол тек – тұңғыш ғарышкер. Ғарышкер болғанда, атақ-абыройы, салмақты түр-сипаты, жымиған жылы күлкісі бар сәнімен, әрімен үйлескен сүйікті ғарышкер. Бірде өте білімдар, білгір қытайлық профессор-дәрігер Тоқтар ағамыздың ғарышкер екеніне сенбей-ақ қояды!.. Неге? Адамның дене жаратылысының кәнігі кәсіби маманы – физиолог ғалым басын шайқай-шайқай таңданып, ақыр соңында мойынсұнғаны шығар, сүйсіне келіп Тоқтар ағаға қолын ұсынады. Ғарышта адам сүйегіндегі кальций элементі термен бірге суша ағып кетеді дегені және бар… Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштан оралғанда Жерге өте қиналып түскен жайын көпшілік көпке дейін түсіне алмай жүрді. Оның мән-жайын сұрағанда: «Қайтуға бір тәулік қалғанда ұйқым келмеді. Содан соң сапарлас әріптестердің жұмысын жеңілдету үшін оларға жағдай жасадым, бар жұмысты мойныма алдым. Олар демалды. Оның үстіне, Жерге топ ете түскенде шар кабинадағы сапырылыса құлаған бірнеше контейнер мені басып қалды» деген екен. Ол рас. Бұл жайлы тұңғыш ғарышкеріміздің күллі физио­логиялық болмысынан бір мін таппаған қытай дәрігері оның мойын омыртқасындағы зақымданданған сызатты көргенде, Тоқтар ағаның сынақшы-ұшқыш әрі ғарышкер екенін білгенде ғой, «Мүмкін емес, мүмкін емес…» деп шалқасынан түскені. «Ғарыш кеңістігінде салмақсыздық жағдайында мынадай сызатпен жаныңыз ауырмай қалай шыдадыңыз?» дегені шығар, бәлкім.

Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш рет ұшу бақыты бұйырыпты. Ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышта 126 күн болды. Ал екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Қазақ ғарышкері корабль бортынан ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты. Бұл жолы «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күн ғарышта болды. Талғат Амангелдіұлының жалпы ғарышта болған уақыты – 341 күн 9 сағат 48 минут. Сәл кем 1 жыл! «Қазғарыш» ҰК Ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технология­лық бюросының директоры болған Марат Шымырбаев кезінде «Қазақстан ғарышта болған мерзімі жөнінен дүниежүзінде үшінші орынды иемденеді. Талғат Мұсабаев жарты жылдан екі рет болды. Оның алдында ғарышқа Тоқтар Әубәкіров ұшты. Бұл жағынан әлемде бірінші – Ресей, өйткені бұл елден ұшқан ғарышкерлер көп. Олардың әрқайсысының ғарышта болған мерзімін қосқанда, бірінші орынды иемденіп тұр. Екінші – АҚШ. Үшінші орында – Қазақстан. Мұны көп адам біле бермейді, тіпті ғарышкер Талғат ­Амангелдіұлының өзі мұны менен естіп таңғалған» деген еді.

Қос ғарышкеріміздің жұлдызды жолын 2015 жылы 2 қыркүйекте Айдын Айымбетов жалғастырды. «Союз ТМА-18М» кемесі 4 қыркүйекте Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті. Ол «Қазғарыштың» ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жүргізді. Микрогравитация барысында микробөлшектердің физикалық ерекшеліктеріне зерттеу­лер жасады. Аталған шаралар отандық ғалымдардың термоядролық энергетика, медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібі салаларындағы зерттеулерінде кәдеге жарайтын болады. Ғарыштағы сапарын сәтті қорытындылаған Айдын Айымбетов он күннен соң жерге оралды.

Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, солардың қатарында ғарышқа өз перзентін ұшырған елдер саусақпен санарлықтай ғана. Әлемде өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар екен. Міне, солардың қатарында біздің де еліміз бар. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?». Басқасын былай қойғанда, үш ғарышкерімізге де Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағы берілген. Елдің батырларына деген құрмет-қошеметі талай өскелең ұрпақтың арманына қанат бітіретіні сөзсіз.

Ғарышқа сапар жасау адамзат баласының жай ермегі емес, бұл – ақпараттық ғасыр дәуірінде аса маңызды сала. Ғарыш қызметін дамыту арқылы экономиканың көптеген саласына тың серпін беруге болатынына көз жетті. Ғарыш қызметі байланыс, ақпараттандыру, геология, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Тіпті, жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешуде де ғарыштық құралдарды пайдаланудың өзектілігіне мән беріле бастады. Бәсекеге қабілеттілік үшін де ғарыш технологияларын өнеркәсіптік өндіріске енгізу маңызды болып отыр. Қазір әлемдегі ғарыш державалары дегенде алдымен Ресей, АҚШ, Франция, Украина, Қытай, Үндістан, Жапония және Израиль сияқты елдер ауызға оралады. Осы елдердің қатарынан көрінуге біздің де мүмкіндігіміз мол. Ең бастысы – Байқоңыр әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны екендігі. Оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы – 6717 шаршы шақырым. «Байқоңыр» ғарыш айлағы – халықаралық маңызды нысан. Қазір дүниежүзінде шамамен 30 ғарыш айлағы жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде ең белсендісі Байқоңыр екенін өзгелер мойындайды. Байқоңыр 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілгенін бәріміз білеміз. Қазір солтүстіктегі көрші мемлекет «Восточный» ғарыш айлағын салуға барынша күш жұмсап отыр. Уақыттың сынаптай сырғып өте шығатынын ескерсек, «Ресей Байқоңырдан бас тартқан жағдайда біз оны ұстап тұруға қауқарымыз бар ма?» деген сұрақ сананы шарлап өтеді. Былай алып қарағанда, соншалықты қам-қарекетсіз емеспіз. Салада маман даярлауға біраз көңіл аударылып келеді. Ғарыш саласында еліміз Ресейден бөлек Франция, Израиль, Үндістан елдерімен үкімет­аралық келісімге қол қойып, Италия, Корея, Жапония, Украинаның ғарыш агенттіктерімен бірлесе жұмыс істеуге келіссөздер жүргізген. Демек, Байқоңырдың мүмкіндігін өзгелер де пайдалануға кет әрі емес. Ғарыш саласына қатысты Индустрияландыру картасына төрт ірі жобаны іске асыру көзделген. Олар: «KazSat» байланыс және ақпарат тарату жүйесін құру, жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру. «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру және ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру.

Қазір елімізде «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттарының топтамасы құрылып, еліміз «KazSat» спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесінің толыққанды иесі атанды. Оның құрамына ғарыш аппараттарын жерден басқару кешені мен байланыс­ты бақылау жүйесі – «Ақкөл» ғарыш байланысының орталығы және Алматы қаласы маңындағы қосымша жерден басқару кешені – «Көктерек» ғарыш байланысының орталығы кіреді. Демек, Байқоңыр Ресейге жалға берілгенмен еліміздің бұл саладағы атқарып жатқан жұмыстары ауқымды, алға қойып отырған мақсаты айқын.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button