Денсаулық

«Халық алғысын» алған дәрігер

Дәрігердің бәрі бірдей емхана мен ауруханада ғана жұмыс істемейтіні белгілі. Алған білімі мен жинаған тәжірибесін арнайы қызмет көрсететін, апатты жағдайға душар болғанда медициналық көмекті қажет ететін салаларда да пайдаланып жүрген ақ халаттылар бар. Солардың бірі – 9 жылдан бері Астана төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің дәрігері болып еңбек ететін Гүлжан Әміреева.

Өзі 42 жаста, екі баланың анасы, бір әулеттің ұйытқысы Гүлжан Мелісқызының жалпы медициналық жұмыс тәжірибесі 21 жылды құрайды. Жамбыл топырағында дүниеге келген ол Алматыдағы қазақ мемлекеттік медицина университетіне 1998 жылы оқуға түсіп, ел астанасы Ақмолаға ауысуына байланысты, оқу орны 2000 жылы Астанаға көшкенде ол да алғаш Сарыарқа төріне табан тірейді. Еңбек жолын 2003 жылы қаладағы №2 қалалық балалар ауруханасында хирургия бөлімшесінің медбикесі болып бастаған. 2004-2015 жылдар аралығында №2 перинаталды орталықта акушер-гинеколог болып еңбек етеді. 2015 жылы жолдасы жұмыс істейтін Астана төтенше жағдайлар департаменті №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне дәрігер болып жұмысқа орналасады.

– Қазіргі таңда қалада өрт қауіпсіздігі бойынша біз сияқты 24 бөлім болса, соның ішінде сегізі – мамандандырылған. Біздің бөлім Сарыарқа ауданына қарайды, бірақ дәрігерлер Қабанбай батыр көшесіндегі №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 101 және 112 қызметтерімен бірге отырамыз. Бұл жерден қаланың кез келген жеріне бірдей уақытта жете аламыз. Шұғыл оқиға болмаған кезде гарнизондағы барлығы 1500, бір ауысымдағы 200-ден астам қызметкердің денсаулығын бақылап, әртүрлі аурулардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргіземіз. Ал апатты жағдай туындағанда оқиға орнында зардап шеккендерді ғимарат сыртына алып шыққаннан кейін ғана оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуді бастаймыз, – дейді Гүлжан Әміреева.

Тәжірибелі дәрігер екі жылдық пандемия кезінде де жеке құрамды қауіпті аурудан емдеу, тиімді профилактикалық жұмыстар жүргізу, коронавирусты анықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп, ауыр кезеңде елорда медицинасының дамуына зор үлес қосты. Сол үшін 2020 жылы Мемлекет басшысының атынан «Халық алғысы», былтыр Денсаулық сақтау министрінен «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Одан басқа да көптеген Алғыс хаттарға ие болып жүр. Дегенмен ақ халатты абзал жан үшін бұл марапаттардан бұрын өзі шипасын дарытқан науқастардың, зардап шеккен адамдардың өмірін ажалдан арашалап қалған сәттегі олардың батасы мен алғысын алу бәрінен де маңызды.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button