Басты ақпаратСараптама

Инфляция қайтсе тежеледі?

Астана қаласында маусым айының басында көкөніс бағасы өсті. Атап айтқанда, қызанақ 2,3%-ға, пияз 4,3 %-ға, картоп 3 %-ға, қырыққабат 2,1 %-ға, сәбіз 1 %-ға қымбаттаған. Бұл енді көз көріп, құлақ үйренген жағдай. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті азық-түлік бағасын тежеу мәселесі бойынша кеңес өткізді. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже мардымсыз.

Қаржыны қалай сақтауға болады?

Расы керек, еліміздегі инфля­цияның деңгейі қаржы сарапшыларын алаңдатып отыр. Бағаның күн санап өсуі, қарапайым халықтың тұтыну мүмкіндіктерін төмендете бастады. Расы керек, қазір көпшілік өндірістік тауарларды айтпағанның өзінде азық-түліктің өзін шектеп алатын дәрежеге жеткенін жасыруға болмайды. Осының бәрі қазақстандықтарды алдағы уақытта депозиттегі салымының сақталу жай-күйі қалай болады деген мәселе төңірегінде де ойлантып отыр.

Қазір ақшаның құнсыздануы дүние жүзінде байқалып отыр. Соның ішінде Қазақстанда бұрын-соңды болмаған дәрежеге жеткенін сарапшылар жасырып жатқан жоқ. Енді осы қиындықтан шығу жолдары қандай?

Оның ең бір тиімді мүмкіндігі – ақша қаражатын инвестициялау дегенді айтады қаржыгерлер. «Ақшаны шұлыққа тығып, сейфте сақтағанмен, ол құнсыздана түседі. Одан да депозиттерге салып, бағалы қағаздар күйінде ұстаса, жылжымайтын мүлік алуға жұмсаса, не болмаса алтын, інжу сияқты бағалы тастарға айналдырса, анағұрлым тиімді болатынын айтады білетіндер. Бұл енді ұсыныс қана. Ал шын мәнінде, қолындағы ақшасын кім, қалай пайдаланғысы келеді, енді ол өз шаруасы.

Дегенмен, қаржыгер Айтөре Әйтімұлының айтуынша, кейінгі кезде жұртшылықтың қолдарындағы қаржысын жаппай депозитке салу үдерісі байқалады екен. «Депозит айтарлықтай пайда әкелмегенімен, жыл сайын өршіп бара жатқан инфляциядан қорғауға аз да болса септігі тиетіні сөзсіз. Сондықтан бұл дұрыс деп санаймын.  Мәселен, 2021 жылдың тамызынан бері елімізде депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі анағұрлым көтерілді. Осыған орай екінші деңгейлі банктердің сыйақы мөлшері 2023 жылдың сәуір айында жеке тұлғалар үшін 13,9 пайыз болды. Ал бұл кезде елдегі ақшаның құнсыздануы 16,8 па­йыз деп белгіленген еді. Тап бір пайдаға кенеліп қалмағанымен, бұл – салымшылардың қаржы-қаражаттарын құнсыздандырмай сол күйі сақтап қалуға болатын бірден-бір қадам.

Бізде импорт 46,7 млрд доллар, ал экспорт 27,1 млрд долларды құрайтынын байқаймыз

Ал бағалы қағаздар нарығындағы инвестицияға келетін болсақ, бұл жерде әр адам өзі жеке-дара таңдау жасады. Бұған компанияның инвестициялық портфелі арқылы да қатысып жүргендер бар. Бағалы қағаздар нарығына өз беттерінше әуестік танытатын азаматтардың қаржылық сауаттылығы мықты болуы шарт. Қаржы нарығындағы жағдайды бүге-шігесіне дейін түсініп, терең зерттемей,  бұл саладан пайда табам деу өте асығыстық болады.

Қазір көптеген тұрғын басқарушы компаниялардың қызметін пайдаланып жүр. Клиенттері үшін барлық операцияларды өздері жүргізгенімен, қызметі де кез келген адамның қолы жете берместей көтеріңкі болып келеді. Рас, олар салымшылардың қаражатын мүмкіндігінше тез әрі сауатты инвестициялауға көмектеседі, тек клиент өзінің қаржы нарығындағы қаражатының үдерісін үнемі бақылап отыруға мүмкіндігі бола бермейтіні болмаса! Бұған қоса кейінгі кезде бағалы қағаздар нарығының құбылмалығы да көпшілікті ойландырып жүр.

Енді бір ақшаны сақтаудың жалпыға кеңінен түсінікті тә­сілі – ол алтын сатып алу. Теңгені алтын күйінде сақтайтын отандастарымыздың қатары да ауқымды. Олар екінші деңгейлі банктердегі темір сейфтерде есеп шоттар ашып, құйма алтын мен зергерлік бұйымдарды осы жерде сақтап келеді. Әрине, оның да өзіне тән қиындықтары мен тәуекелге баратындай сәттері аз емес. Бірақ соған қарамастан бұл тәсілді таңдайтындардың қатары да қомақты.

Елімізде тұрғын үй бағасы жыл сайын өсіп келеді. Тіпті ол 2022 жылы айтарлықтай көтерілді. Ал 2023 жылдың мамыр айындағы мәлімет бойынша, қайталама нарықтағы пәтер бағасы – 9, жаңа үйлердің бағасы 15,9 пайызға шарықтап кеткен. Есептеп қарасақ, бес жылда жаңа пәтерлер құны 84,2 пайызға дейін өсіп кеткен екен.

Қаржылық сауаты жоғары адамға бұл жинақ ақшасын сақтап, көбейтудің әрі инфляциядан қорғанудың ең бір таптырмас жолы болар еді» деді қаржыгер.

Қатаң есеп керек

Астана қаласында Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының стратегиялық мәселелеріне қатысты өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда бағаның шарықтауына, ақшаның құнсыз­дануына байланысты мамандар өз пікірлерін ортаға салды.  «Бізде кәсіпкерлер де, әлеуетті бизнес өкілдері де нарық заңын жете зерттемейді. «Шығарған өніміміздің көп болуы, сапалы болуы керек» деп ұрандатып алады да тауар мен бағаның арасындағы өзара байланысты жан-жақты түсініп, сараптамайды. Содан келіп, бәсекеге қабілеттілік төмендейді» дейді экономист-қаржыгер Олжас Құдайберген.

– Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің зерттеулері бойынша, кәсіпорындар саны мен шығарылған тауарларды бағалау мөлшері арасында мүлде есеп жүргізілмейді екен. Нарық деңгейі қандай, баға қандай? Қатаң есеп жоқ. Мәселен, көкөніс пен сиыр еті бізде төмен шоғырланған нарыққа жатады. Сондықтан мұнда қосылатын үстеме  өзіндік құнының 7%-нан аспауы керек. Ал жұмыртқа, сүт, нан, қырыққабат пен ұнның – нарықта көтеріңкі бағамен сатылуы – кейінгі кезде «табиғи факторлар» деп саналып жүр. Өйткені «түпкі өндірушіден сатып алу бағасы жоғары болып келеді» деген уәж айтылуда. Сондықтан күнбағыс майы мен тауық еті, қант, қарақұмық кейінгі кезде 25 %-ға дейін  қымбаттап кетті. Мамандардың пікірінше, жоғары шоғырланған нарықта бұл өнімдер саудагерлер арасында өзара келісіммен саудаланатын көрінеді. Айталық, елімізде қант тек төрт кәсіпорында ғана өндіріледі де, оны саудаға 14 мекеме таратады екен. Сондықтан оның үстеме бағасы 53%-ға дейін өсіп кететін көрінеді.

Қазақстандағы күшті инфляцияның тағы бір себебі – ішкі өндірістің дамымауы. Ел үкіметі қазақстандық шикізатты халық кеңінен тұтынатындай етіп өңдеуге жағдай жасай алмай отыр. Оның есесіне нарықты азық-түліктен бастап, құрылыс материалы мен құрал-жабдық­тарға дейін жаппай импорт тауар­лар жаулап алды. Әрі оларға көтеріңкі баға қойылатыны да жасырын емес.

Егер сауда айналымына көз жүгіртсек, бізде импорт – 46,7 млрд доллар, ал экспорт 27,1 млрд долларды құрайтынын байқаймыз. Әрі біз бұл импортты доллар, еуро, юань, рубль сияқты шетел валютасына сатып аламыз ғой. Бұл да – теңгенің құнсыздануына алып баратын бірден-бір себеп, – деді экономист.

Тізгін – Ұлттық банкте

Ақшаның құнсыздануына себеп көп. Соның бірі – Ресей экономикасының құлдырауы. Қалай десек те, құдай қосқан көршіміз орыс еліндегі жағдай бізге әсер етпей қоймайды. Жылдар бойы тамырланып байланысқан алыс-беріс, сауда-саттық барлық саладағы ішкі қарым-қатынастар әлі жалғасып келеді. Сондықтан бұл мемлекетті тұншықтырып жатқан санкциялар пакетінен бөлек, алып-қашпа әңгімелер мен инвесторлар сенімінің жоғалуы үлкен қиындық келтіріп отыр. Бір жылдың ішінде рубль 67 пайызға құнсызданыпты. Бұл біздің экономикамызға да айтарлықтай зиянын тигізуде.

Енді осы тығырықтан шығар жол бар ма? Сарапшы мамандар ол үшін Ұлттық банк өз қолындағы құзыретті толық пайдалану керек дегенді айтады. Екінші сөзбен айтқанда, «өндірісті ұлғайтамыз, нарықты тауармен, қызметпен толықтырамыз» деген желеумен екінші деңгейлі банктерге мөлшерлемесі жоғары ақша беруді үзілді-кесілді тоқтату керек. Сосын кредиттік белсенділікті азайту, коммерция­лық банктердің бас банктегі қаржы-қаражатын шектеу немесе оны бағалы қағаздарын сату арқылы жүзеге асыру мәселесін қолға алу қажет.

Міне, осындай көшелі-көшелі ұсыныстарды жүзеге асыратын болса, ел үкіметі мен Ұлттық банк ең болмаса инфляцияның қарқынын тоқтатар еді. Ең бастысы, барлық себеп-салдарды анықтап, оның күш беруші тетіктерін ауыздықтаса, ел экономикасына көп кешікпей қан жүгіруі әбден мүмкін дегенді айтады сарапшы-мамандар.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button