Қала мен Сала

ИНЖЕНЕРЛІК ИДЕЯЛАР ОРДАСЫ

Астанада инженерлер мен ғалымдардың «Болашақтың энергиясы: Инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» атты дүниежүзілік конгресі басталды. ЕХРО көрмесі аясында өтетін 2 күндік шараға әлемнің 50 елінен шетелдік 300 ғалым Астанаға арнайы ат басын бұрып отыр. Танымал тұлғалар қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары да бар.

erm_6005-kopirovat

Конгрестің салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылым академиясының президенті, академик Нұртай Әбіқаев оқып берді. Құттықтау сөзінде Елбасы инженерлер мен ғалымдардың Астанада бас қосқанына қуанышты екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол аталған форумның тақырыбы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің идеясымен үндес екенін айтқан.

– Біздің ел қазіргі заманғы экологиялық үрдістердің маңызын түсіне отырып, «жасыл экономика» қағидаларына сәйкес ауқымды технология­лық жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыруда. Бүгінде қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдейтін экономикаға көшу және табиғи ресурстарды үнемді пайдалану болашақтың ақылға қонымды бірден-бір парадигмасы болып саналады. Орнықты дамудың берік институционалдық негіздерін «жасыл экономика» саласындағы кең көлемді халықаралық диалог пен ынтымақтастық арқылы ғана құруға болады. Осы бағыттағы ғылыми идеялар мен тәжірибелер жөнінде жан-жақты ой бөлісу бүкіл жер шарында экология­лық тұрғыдан таза энергетиканың қалыптасуына септігін тигізеді, – деді Президент.

Форумда өнертапқыш ғалымдардың өздері ойлап тапқан туындылар көрмеге қойылды. Мәселен, жұртты Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Жүзбай Қасымбековтің жобасы қызықтырды.

– «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне ұсынып отырған шағын ГЭС-тің шаруалар үшін пайдасы мол. Жаңа технологиялық жобаны Қазақстан Республикасы мен Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымы арқылы патенттеп алдым. Соңғы жылдарғы шахталы құдықтар мен ұңғымаларды тазалауға арналған құрал-жабдықтарды Жамбыл және Алматы облыстарында өндіріске енгізуге байланысты жалпы экономикалық тиімділік 2456,0 мың теңгені құрады. Жалпы шағын ГЭС-тің арқасында шаруалар қыруар қаржыны үнемдеп қалуына болады. Сондықтан болса керек, бұл жобаға деген қызығушылық жоғары, – дейді ол.
Бүгін аяқталатын конгресте 300-ден астам баяндамалар оқылып, 80-нен аса ғылыми таныстырылымдар жасалады. Сондай-ақ жүзеге асырылған инновациялық жобалардың макеті немесе бейнематериалдары ұсынылады. Естеріңізге сала кетейік, WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың Дүниежүзілік Конгресі Орталық Азия бойынша тұңғыш рет ұйымдас­тырылып отыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button