Басты ақпаратҚоғам

Ипотека алу жеңілдей ме?

Бас қаламыздағы баспаналы болудың жақсы амалы, тұрғын үй мәселесін шешудегі тартымды ұсыныстардың бірі – ипотекалық несиелендіру бағдарламалары. Бұл тұрақты табысы бар елордалықтар үшін аспандағы арман емес. Тіпті, тарта жесе тай қалады деген түсінікпен жалақысын үнемдеп, ипотекалық несиелендірудің басты шарты – алғашқы капиталды жинап алу да аса қиын емес.– Отбасылық бюджетті қайта қарап, ай сайын 10-15 пайызын қорлану мақсатында үнемдей білсе, 5-6 миллион теңгені екі жылда жинауға болады, – дейді «Домой» жылжымайтын мүліктерді сату агенттігінің маманы Нұржан Бектасов. Жылжымайтын мүліктерді сату маманы сөзінің жаны бар. Өйткені пәтер сатып алушы мен сатушының арасында жүріп, көптеген мәселелерге қанықты. Тиындап жинап, пәтер сатып алып, арманына қол жеткендерді де көзімен көрді. Енді маманның пікіріне сүйене отырып, елорданың баспана нарығындағы істің мән-жайына қанығайық.
«Елордада тұрғын үйлердің көптеп салынуы сатып алушылардың да талғамына әсер етті деуге болады. Содан да болар, ескі үйлерді сатып алуға қалтасында қаражаты барлар аса құлықты болмайды. Бағасы қымбат, элиталы үйлер бірден иесін тауып кетпесе де, қолже­тімді пәтерлер ыстық бауырсақтай тез өтеді. Төменгі бағасы дегеніміз сол жағалаудағы шаршы метрі 500 мың теңгеден төмендерін айтамыз. Оң жағалаудағы екінші нарықтағы пәтерлердің шаршы метрі 250 мың теңгеден төмен болса тез өтеді. Ал кеңес кезінде салынған ескі үйлердің нарығын қарастыра бермейміз».
Қандай құрылыс компанияларына сенім артуға болады дегенде бас қаламыздың құрылыс көрігін қыздырып жүрген BI Group алдымен ауызға түседі. Бұл компанияның ерекшелігі – көптеп салады және әлеуметтің барлық санаттарын қарастырып, мүмкіндіктерін де ескереді. Шаһар құрылысынан ойып тұрып орын аламыз деп басқа өңірден келген компаниялар да құрылыс нарығында өз қолтаңбасын сапасымен, қолжетімдігі және құрылыс сапасын көрсететін озық технологиялары мен құрылысты бітіру мерзімімен де нарықты жаулауда бағытын анықтап алды. «Лакшари хауз», G-Park, НАК құрылыс компаниялары өздерінің қабілетін көрсету үшін салған үйінің сапасына, бағасына өзгерістер алып келіп, тұтынушылар пайдасына да жұмыс істеуде. Елорданы кемелдендіруге тәуекел еткен құрылыс компаниялары салатын үйлерінің қасбеттерін көркем безендіріп, ауласын абаттандырып, тұрғын үй кешенін қаптайтын материалдардың сапасы ғана емес, сәніне де мән беріп тұрғызатын болды.
Нарықтағы компаниялары өзінің имиджі үшін жүрдім-бардым асығыс біткен үйлердің құрылысын нарыққа шығарып, жаман атын шығармайтын болды. Аузы күйіп қалған бұрынғы үлескерлердің кебін қазіргі үлескерлер көрмейді. Бүгінде мемлекет тарапынан үлескерлердің дер кезінде үйін алып, қоныс тойын тойлауына кедергі келтірмейтініне кепілдік беріп отыр. Бұл да – жағымды жаңалық. Имидждік бәсекелестік те осы саланы жайлап, салынып бітпейтін «сақалды» құрылыстың иесі атануға ешқандай компания мүдделі емес.
Әрине, үйдегі ойды базардың бағасы бұзады. Дегенмен, Қорғалжын жолының бойына қарай үйлер арзандау, бір шаршы метрге 50 теңгеден айналады. Қала халықаралық әуежай жағына қарай өсіп келеді. ЭКСПО маңындағы үйлер өте қымбат болса, Қосшы жақтың үйлердің және соның бер жағындағы жаңадан салынып жатқан үйлердің бағасы аса қымбат емес. Оның себебі орталықтан сәл қашықтау және мектеп балабақша сияқты маңызды әлеуметтік нысандар әлі салынып бола қойған жоқ. Ал бұл маңда элиталық үйлер салу көзделмеген.
Баспаналы болу бақытының бір шетін банктер ұстап тұр. Qazaq банк – 19%, Нұрбанк – 17%, Bank RBK – 19%, ForteBank – 14,49%, Jusanbank – 20,5%, Банк ВТБ – 23%, Альфа-Банк 23%-дан қайырып, әзірге екінің біріне қолжетімді етпей отыр.
Десе де, жоғары пайыздық мөлшерлерге қарамай тәуекел еткендерге түсінікті болсын деп, Алтын банктің ипотекалық менеджері Айдын Әбеуовке жолығып, банктен ипотека алудың қарапайым жолын түсіндіріп беруін өтіндік.
– Кез келген банк несие бермес бұрын табысыңызды растайтын зейнетақы қорында жинақтаған қаражатыңызды тексереді. Егер адамның айлық жалақысы 160 мыңнан асқан кезде, онда оның өтінішін қарастыруға болады. Бұдан бөлек, баспана алу үшін табысын көрсетпей-ақ ипотека алуға болады. Мұнда жағдайда несие 20 жылға емес, тек он жылға беріліп, алатын он жылға дейін берілетін ипотеканың 50 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеуі керек.
Мысалы үшін сіз он миллион тұратын пәтерді сатып алғыңыз келді делік. Алғашқы жарнасы екі миллионды құрайды. Қалған 8 миллионды біз қолыңызға санап береміз. Енді комиссиясы барын айталық, стандартты бағдарлама бойынша 2,5 пайыз комиссия болады, он миллионды бөлсек, бұл 250 мың теңгені құрайды. Жыл сайын тағы да сақтандыру қаржысын төлеп отырасыз. Шартты соманы есептесек, сақтандырушы компаниялардың бағамына қарай 15-20 мың теңгені құрайды. Осы қаражаттарды түгендеп, қажет қаражат қолыңызға тигенде шамамен алғанда ай сайын 98 мың 110 теңгені 20 жылда банкке құйып отырасыз. Санап келгенде, банктен алған сегіз миллион берген ақшаны 15 миллион етіп қайтарасыз. Оның арасында мерзімнен бұрын несиені жапқыңыз келсе, бір операция үшін 25 мың теңге төлейсіз. Егер бір жылдан кейін несиені толық жапқыңыз келсе, ол төлемсіз жүргізіледі.
Елорда құрылысы қайнап жатқан жер ғой. Салынып жатқан үйдің шаршы метріне алдын ала ақша құйып, жаңа үйден баспана алғыңыз келсе, Алтын банктің тиімді ұсынысы бар. Ондай жағдайда құрылыс компаниясымен келісімге келіп, алғашқы 20 пайызын түгендеп, сосын 11,99 пайызбен алуға болады. Салынып жатқан үйдің құжаттары жоқтығы себепті, банкке кепілдікке қоятын үй тауып, жаңа үйдің құрылысы аяқталып, құжаттары дайын болғанға дейін банкке өткізуге міндеттісіз. Өз үйіңіздің құжаттары реттеліп, баспанаңыздың кілті қолға тигенде кепілге қойған үйдің құжаттарын өз үйіңіздің құжаттарымен алмастыруға болады.
Банктер туралы сөз бол­ғанда, көптеген астаналық­тардың несие тарихы алдынан шығып жатады. Көптеген адамдардың банк алдында қарызын қайтара алмай «қара тізімге» ілігеді. Банк несиесі де жаңа жоба. Кезінде нарыққа ене бастаған жаңа жүйенің жұмысын көбіміздің түсінбегеніміз рас. Алдағы уақытта банктер клиенттермен жұмысын жетілдіріп, керек кезінде рақымшылықпен қарап, қарыз алғанның қаражатын қайтаруына шын мүдделі болып, қолдау берсе, бұл саланың дамуына жол ашар еді. Қанша дегенмен, баспана алу жолдарының бірі ретінде халықтың қаражатын ұсақ-түйекке жұмсатпай, ипотеканың жолын жұмсартса, сауапты істің бірі болар еді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button