Мәдениет

Сәкенді ардақтаған кеш

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №5 балалар кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, өнертанушы Серік Оспановпен кездесу өтті. Бұл шара дауылпаз ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналды.Серік ағамыз да Сәкен атамыз туған Жаңаарқада өмірге келген. Бала күнінен айтулы ақынды көзі көрген ауылдағы кәріқұлақ қариялардың әңгімесін тыңдап өскен өрен өзі де жас шағынан өнерге ынтық болып, домбырамен Сәкен әндерін айтып, елге танылды.
Кеш барысында Серік Кәрібайұлы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы тағылымды әңгіме өрбітіп, ақынның көпшілік біле қоймайтын қырларын айтып берді. Қайраткердің мұрасын індете зерттей жүріп, зайыбы Назгүл Сапияновамен бірге «Сәкен Сейфуллин – ұлт рухания­тының көшбасшысы» атты кітап жазып, ақынның 16 жаңа әнін халқымен қайта қауыштырды. Сонымен бірге кеш иесі жиналғандарға атақты балуан, сазгер Балуан Шолақ туралы да тамаша естелік айтты. Айтпақшы, биыл әншінің «Балуан Шолақтың өмірі мен музыкалық мұрасы» атты жинағы жарық көрген.
Әнші Сәкен мен Балуан Шолақтың әндерін тамылжытып орындап, көпшіліктің көңілін көркем күйге бөледі. Сондай-ақ кеште тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Дәуренбек Ескекбаев, Оспан Сүлейменов секілді азаматтар Серік Кәрібайұлының әншілігі мен өнертанушылығы жайында жылы лебіздерін білдірді.
– Мен Серікті біраз жылдардан бері білемін. Өнеріне тәнті азаматтың бірімін десем болады. Ол ән айтып қана қоймай, зерттеушілікпен де зерделі айналысып жүр. Сәкен ағамыздың музыкалық мұрасы туралы толымды еңбек жазды. Балуан Шолақ жайындағы кітабын да қызығып оқыдым. Серік – сан қырлы дарын екендігін мойындатқан азамат, – деді білім беру ісінің үздігі Оспан Сүлейменов.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button