Жаңалықтар

Ит қапқысы келсе…



Басқа жұрт құрып қалғандай, Министрліктер үйінің ауласында бір астаналық шенеунікті анау-мынау емес, алабай қапты. Ал, ол неге жанындағы «Нұрсаяға» келіп, мені бір тістеп көрмейді? Не үшін сол жерде қалтасындағы 60 теңгеге автобус күтіп тұрған Дәулетқали досыма жетіп бармаған? Мемлекеттік қызметте істемегендіктен, ит екеш иттің де мән беруіне жарамағанымыз ба, сонда?..

Негізінде, Есілдің сол жағалауындағы шенеуніктер аулада бос жүрген дәу немені көріп, тізелері дірілдеп қоя берген. Соны сезгендей, анау да аршамен тазаланған негрдің тісіндей аппақ азуын ақситып, ешкімді ғимараттың қос кіреберісіне жолатпай қойыпты. Жайшылықта ешкімді, ештеңені елемейтін бишікештердің бейшара кейіпке түскенін көз қиығымен аңдап, екі ортада жүріп алған. Ақыры шыдамаған соң, көп ішінен бір «батыр» шығып, еркінсіген «жауды» қуып жібермек болады. Алайда, ол «Бәлелі жерге бармағыңды тықпа!» деген ата-баба ақылынан хабарсыз болғанға ұқсайды. Итекең де өзінше «прикол ұстап» жүре беруден ыңғайсызданғандай, ақсаусақтың қолынан дұрыстап тұрып кірш еткізген. Қай жерде жүріп, кіммен егесу керектігін білетін әккі пәле дерсің!

Бір әмірикандық жігіт: «Жаман адамды итке теңеме, жаман итті адамға теңе!» деп салыпты. Онысын сәл артықтау айттыға қисақ, Астананың арланына обалдық жасағалы тұрмыз. Өйткені, ит қапқысы келсе, өз үйінің ауласында да тірі пенде толып жүр. «Қырық пышақпен қыржыңдап» тұрып алған жері – білдей министрліктердің алды. Кран үстіне өрмелеп кететіндей миы болмаса да, бір ойлағаны бар шығар…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button