ӘлеуметБасты ақпарат

Ізгіліктің ізімен

Кеше Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Ақ ниетпен әр үйге!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Тағдырдың жазуымен қартайған шағында жалғыз қалған қарттар мен дерті жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасап, қолдан келгенше көмек көрсету – біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Бұл бағытта Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ауқымды жұмыс атқарып келеді.

Қазан айы мерекеге толы. Орталық жыл сайын өзара сабақтасып жатқан атаулы күндерді – Қарттар күнін, Мүгедектер күнін және Әлеуметтік қызметкерлер күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. Бұл жолы да дәстүр жалғасын тапты. Мерекелік шара шымылдығын әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Асхат Алмабеков құттықтау сөзбен ашты.

– Әлеуметтік қорғау жүйесі – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікпен қатар, адами қасиет­терді талап ететін сала. Осы бағытта әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері қажырлы еңбек етіп қана қоймай, кең жүрегімен, мейірбан көңілімен қамқорлыққа зәру жандарға қарайласып, көмек қолын созып келеді. Сол үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Ел игілігі жолында жаңа табыс­тарға жете беріңіздер. Кәсіби мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді А.Алмабеков.

Салтанатты шара барыСында қалалық мәслихат депутаты ­Алтыншаш Табулдина айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген қайырымды мамандық иелерін әлеуметтік қызметкерлер күні мерекесімен құттықтады.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының атаулы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі орынбасары Әлия Байкалқызының айтуынша, орталық елордадағы жалғызілікті қарттарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге арнайы әлеуметтік көмек көрсетеді. Мұнда үй жағдайында 480 қызмет алушы, І және ІІ топтағы 49 мүгедек бар. Оларға барлығы 60 әлеуметтік қызметкер арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрі бойынша, атап айтсақ, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызмет көрсетеді. Орталықтағы 6 бөлімшеде әртүрлі өмірлік жағдайға тап болған 80 қызмет алушы бар.

Аталмыш орталықтың әлеу­меттік қызметкері Баян Нұрмағанбетова болса осы салада сонау 1987 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол кәсіби мереке құрметіне осындай салтанатты шара ұйымдастырған орталық басшыларына алғысын жеткізді.

– Әлеуметтік қызметкер болып еңбек ету – мен үшін үлкен мәртебе. Осы салада 30 жылға жуық уақыт еңбек етіп келемін. Бүгінгі таңда тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенмен, көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар көп. Ал біз қиналған адам көрсек, қол ұшын созуға тырысып, көмек көрсетуге дайын тұрамыз, – деді әлеуметтік қызметкер.

Расында да, өзінен гөрі өзгенің қамын күйттеп, қамқорлыққа шын зәру жандарға қайтарымсыз қарайласу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек кең жүректі, адами бейнесі айқын, кәсібіне адалдықпен, жабыққан тағдырларға жауапкершілікпен қарап, жүрегіне мейірім шуағын ұялатқан адам ғана ізгіліктің ізін жалғай алады. Айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай ғанибет!

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button